Ең қымбат екі нығмет

Oinet.kz 09-09-2020 948

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: 

«Екі нығмет бар, көпшілік адам сол екі нығметтің қадірін білмейді: бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт». 

image.png

Бұл хадис біз, мұсылмандарға қазіргі таңда ең маңызды екі нығметті еске түсіреді. Сол үшін де қазіргі карантин жағдайында бұл екі нығметті қатты бағалап, босқа кетуінен сақтанайық. Өйткені Алла Тағала «Тәкәсур» сүресінің 8-ші аятында: «Әлбетте, ол күні (өздеріңе берілген) әрбір нығметтің есебін бересіңдер» - дейді. Сондықтан да мұсылман қандай жағдайда болмасын өзінің Алланың құлы екендігін ұмытпастан нығмет ретінде берілген денсаулық пен бос уақытты тиімді өткізуі керек.

Бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес нәрсе келместен, бес нәрсенің қадірін біл: қартаймай тұрып жастық шақтың, ауырмай тұрып денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, бір нәрсемен шұғылданбастан бұрын бос уақыттың және өлімнен бұрын өмірдің» деген (Имам Хақим).

Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: 

«Қиямет күні төрт нәрседен сұралмай пенденің аяғы ілгері жылжымайды: Өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, мал дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағандығы, біліміне қалай амал еткендігі». 

Имам Абдул-Фаттах Әбу Ғудда (Алла оны рақымына алғай) өзінің «Қиматуз-Зәман индал-Улама» атты кітабында бұл хадистерден былай мағына шығарады:«Алла ертең есеп күнінде пенденің сұралуына еңбасты себеп денсаулығы мен бос уақыты екенін баяндайды». 

Мына қиын-қыстау заманда үмітсіздікке түспестен Аллаға деген иманын күшейтіп амалымызды жақсартуға тырысуымыз керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және ғалымдарымыз бұндай жағдайларда не істеу керектігін бізге баяндап кеткен.

Пайғамбарымыздың(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында күн тұтылғанда сахабалар бұндай құбылысты әртүрлі нәрселерге жорыған. Сол кезде Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген-ді: 

«Расында, күн мен ай Алланың аяттарынан(яғни белгілілерінен), сондықтан ол екеуі бір адамның өлімі немесе дүниеге келуіне байланысты тұтылмайды. Егер сендер осыған ұқсас жағдайға куә болсаңдар, Алланы ұлықтаңдар (яғни тәкбір айтыңдар), Аллаға дұға жасаңдар, намаз оқыңыздар және садақа беріңіздер» (Имам Муслим жеткізген). 

Сондықтан да Ғалымдарымыз бұл сияқты хадис, әсарлардан төмендегідей үкімдер шығарады: 

Күн тұтылғанда жамағат халінде екі ракағат намаз оқу – сүннет.

Ай тұтылғанда әркімнің жеке екі ракағат намаз оқуы – сүннет. 

Күндізгі уақытта қараңғылық түсетін болса, намаз оқу – мұстахаб. 

Қатты жел, дауыл болатын болса, намаз оқу – мұстахаб.

Қатты жаңбыр, қар жауатын болса, намаз оқу – мұстахаб.

Қатты найзағай ойнайтын болса, намаз оқу – мұстахаб.

Жұқпалы ауру тарайтын болса да, намаз оқу – мұстахаб. (Нурул-Идахттың шархы Марақийл-Фалах кітабынан).

Қазіргі таңдағы мына дертте осылардың қатарына кіреді. Бұндай жағдайларда дәрігерлердің сақтық шараларына байланысты нұсқауларын бұлжытпай орындағаннан кейін, мына төмендегі іс-шараларды жасауымыз өте маңызды:

Нәпіл намаздарға көп мән беруіміз қажет. Өйткені Алла Тағала «Бақара» сүресінің 153-аятында: «Уа, иман еткендер!(Бастарыңа қандай да бір қайғы-қасірет немесе ауыртпалық түскенде) сабыр ету әрі намаз оқу арқылы (Алладан) жәрдем сұраңдар. Шүбәсіз, Алла сабыр еткендермен бірге» - дейді. 

Алладан күнәларымыз үшін көп кешірім тілеуіміз (истиғфар жасауымыз) керек. Алла Тағала «Нұһ» сүресінің 10,11-ші аяттарында жаңбыр тілеу жайлы былай дейді: Оларға: «Раббыларыңнан күнәларың үшін кешірім сұраңдар! Ол (құлдары қаншалықты күнәһар болса да) өте кешірімді» - дедім. Ол, сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді».

Күнәларымыз үшін көп тәубе етуіміз керек. «Нұр» сүресінің 31-ші аятында былай делінген: «Уа, мүміндер, (күнәларың үшін өкініш білдіріп) барлығыңыз Аллаға (шынайы) тәубе етіңдер. Сонда ғана (азаптан құтылып) мақсаттарыңа жетесіңдер».

Алланы көп зікір етуіміз керек. Бұл жайлы Алла тағала «Бақара» сүресінің 152-ші аятында: «Сендер мені (көп) еске алып зікір етіңдер, сонда Мен де сендерді еске аламын» - деген.

Көп садақа беруіміз қажет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Ауруларыңызды садақамен емдеңіздер» (Имам Байхақи).

Құранды көп оқуымыз керек. Бұл жайлы хадисте Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Құран оқыңыздар. Өйткені Құран, қиямет күні өзін оқығанға шапағатшы болады» (Имам Муслим).

Хадис кітаптарын оқу керек. Имам Мұстафа Сабрий Ефенді былай дейді: «Қиын-қыстау заманда хадис кітаптарын оқу – ғалымдарыңыздың құптаған амалы және тәжірибелері. Ташкопру-Задаһ деген атақты ғалым: Жұқпалы аурулар тараған кезде (Қады-Иад р.х.тың) Шифаий-Шериф (Пайғамбардың өмір баяны) деген кітапты оқу пайдалы болады, - деген». 

Көп дұға жасау керек. Алла Тағала «Фұрқан» сүресінің 77-ші аятында: «Егер сендердің дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?!» - дейді.

Діни ілімін жақсарту. Сонымен қоса отбасының да діни білімін жетілдіру және құлшылыққа баулу керек. Өйткені ғалымдарымыз ілім оқылған жерге Алла мейрімін төгеді дейді. Алла Тағала «Тахрим» сүресінің 6-шы аятында былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды (имандылыққа, баулу арқылы) отыны адамдар мен тастардан тұратын (тозақ)отынан қорғаңыздар».

Басқа мұсылмандарға көмектесу керек. «Пенде бауырының жәрдемінде болса, Алла ол пенденің жәрдемінде болады» (Имам Муслим).

Пайғамбарымызға (ﷺ) көп салауат айтуымыз керек. Имам Ибну Хажар әл-Асқалани өзінің «Базлул-Ма'ун» атты кітабында кейбір Салих кісілердің «Та'ун» сияқты жұқпалы аурулардың және басқада бәле-жаланың кетуіне және жоқ болуына Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп салауат айтудың пайдасы тиетінін айтады.

Осы айтылғандарға құлақ асып, бұл карантинді оңтайлы өткізіп, бұл өмірде және ақыретте жеңіске жеткен Алланың сүйікті құлдарынан болайық. 

Марат Жарылқап,

Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің ұстазы

Дос таңдаудың 5 сыры
Сынақтар хикметі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу