Қажылық сапарда не үшін шайтанға тас атады? (қисса)

Oinet.kz 15-01-2018 1201

қажылық сапар.jpg

Мәлике: Қажылық сапарда не үшін шайтанға тас атады?

Әбілда: Ұлық Алла Ыбырайымға «Ысмағұлды құрбанға шал!» деп бұйырды. Пайғамбар Құдайдың әмірін орындауға бекінді. Сол кезде Ібіліс Бибі Ажарды азғырып бастады:

– Ыбырайым бәйбішенің ұлы Ысқақты артық көреді. Соны пайғамбар етіп, бар мұрасын аманат етпекші. Ал Ысмағұлды құрбан етіп көзін жоймақшы. Жаның барында ұлыңды құтқар! – деді. Бибі Ажар анамыз сынақта сынбайтын, нағыз тақуаның өзі еді. Ол күйеуінің адал жүрегі мен Құдайдың әділдігіне иманы берік болатын. Ібілістің уәс-уәсіне берілмеді. Малғұн ендігі кезекті Ысмағұлды азғырды. Оған:

– Әкең қайда апара жатыр, білесің бе? – деді. Ысмағұл:

– Досына, – деп жауап берді.

– Оның досы Қағбаның ішінде емес пе?

– Құдай лә-мәкан. Ол барлық жерде, бір мезгілде бар.

– Әкең арқан мен қанжарды не үшін алды?

– Білмедім.

– Сұра, не үшін алғанын! – деді малғұн. Ысмағұл әкесіне қарап:

– Көке, арқан мен қанжарды не істейміз? – деді.

– Ұлым Құдайға құрбан шаламыз, – деді әкесі көзіне жас толып. Бұл кезде Ыбырайым екі көзінен жас ағып, ұлын қимай, жылап келе жатыр еді. Ібіліс баланың жүрегін тағы түртіп:

– Қайдағы құрбандық? Құрбандыққа шалатын малдарың қайда? Әкең не үшін жылап келеді? Мен білсем, ол сені құрбандыққа шалмақшы, – деді. Ысмағұл ойланып қалды. Ібіліс оның күмәнін бұрай түсіп:

– Есің бар да, тезірек қаш! Әйтпесе, алжыған әкең сені өлтіріп тастайды, – деді. Ысмағұлда пайғамбарлық ұшқын бар еді. Ол уәс-уәс ой салып жатқан Ібіліс екенін біліп қойды. Білген бойда дереу кәлима айтып, зікірін үдетіп сайтанды денесінен қашырды. Ол денесіне дари алмай қашықта құлағы салпиып қарап тұрды. Бірақ сонда да қоймай, «Маған қарай қаш. Ажалдан құтыласың» дегенді ишаралап, ілесіп келе жатты. Ысмағұл шыдай алмай:

– Құдай жолында шыбын жаным садақа. Бірақ соңғы сәтке дейін Құдайдың рақымынан үмітім бар. Ал, сен малғұн, үмітсізсің, – деді де, жерден жеті тас алып, жеті рет лақтырды. Ысмағұлдың атқан тасы малғұнның денесіне от боп тиді. Кейіннен жүрегін сайтанға алдырмайтын момындарға қажылық сапарда жеті рет шайтанға тас лақтыру сүндет болып бекіпті.

Санжар Керімбай, «Мың сұрақ» кітабынан үзінді

Әжүж бен Мәжүж деген кім? (қисса)
Қисса деген не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу