Жастарды виртуалды діни уағыздардан қалай қорғауға болады?

Oinet.kz 01-05-2019 1053

          big_1a95571d4585a62150b8ae33aff68657.jpegҚазіргі жастардың бес уақыт намаз оқығанын көргенде кәдімгідей қуанып қаласыз. Жұма намазына бас сұға қалсаңыз ондағы жамағаттың дені жастар. Алайда кейде иманды жастардан қорқатынды да шығардық. Әрине, ол бекер емес. Себебі елімізде ислам атын жамылып, халықты кереғар ағымдарға тартып жүрген топтардың қарасы көбейген. Мысық тілеу миссионерлер өз мақсаттарына жету үшін барлық айла-тәсілдерді қолданып бағуда. Бұрындары теріс ағым өкілдері көше-көшені кезіп, кітапшаларын тарататын, уысына түсіру үшін аңқау жандарды өз қатарларына тартатын. Одан қала берді мешіттің айналасын торуылдап, жасырын уағыздарын жүргізді. Енді, міне, заманына қарай амалы деген осы,   ислам атын жамылған іріткі салушылар өздерінің үгіт-насихаттарын ғаламтор арқылы жүргізуге көшті.  

Қазір бірінші сыныптың оқушысынан бастап егде тартқан әпке-ағаларымыз да компьютер тілін жетік меңгерген. Ғаламторда жиі отыратындары көп. Уақытын қызықты өткізу үшін, ақпарат алу немесе өзгелермен байланыс орнату үшін ғаламторға үңілген жастар радикалды діни ұйымдардың сайттарына да емін-еркін кіріп, олардың идеяларымен сусындауда.

Халықаралық террорлық ұйымдар да жастардың осы қызығушылығын өз мақсаттарына пайдалануда. Олар интернетте  жастарды қызықтыратын әр түрлі сұрақтар қоя отырып, түрлі бейнероликтерімен  өзіне тарта бастады. Жастар белгісіз ғалым сымақтардың уағыздарын тыңдау арқылы  Алла, дін, ислам, әдет-ғұрып туралы түсініктерін бұрмалап алып жатыр. Сайтты қолданушылардың көкейлеріндегі сұрақтарына жауап бере отырып, өкілдер олармен желі арқылы байланысқа шығуға тырысады. Әлеуметтік желілер арқылы өзіне ұстаз тауып, соның дегенінен шыға алмай қалып жатқандар, тіпті солардың тапсырмасымен Таяу шығысқа жихадқа аттанып кетіп жатқандар да бар.  Ал, артық жүрісі жоқ баланың компьютер алдында отырып-ақ дұрыс жолдан тайып кетуі мүмкін екенін ата-ана дер кезінде  бағамдай бермейді.  Перзентінің  бірте-бірте мінез-құлқы, көзқарасы өзгере бастағанын өкінішке орай ата-аналар кеш түсінеді.

        Миссионерлердің ғаламтордағы шабуылына біздің  ғалымдар мен мамандар қол қусырып қарап отырған жоқ, әрине. Діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын веб-сайттарына Дін істері агенттігі мен басқа да құзіретті мемлекеттік органдар мониторинг және сараптама жүргізеді. Егер мұндай сайттар табылған жағдайда тиісті сараптамадан өткеннен кейін прокуратура органдары сотқа талап-арыздар жолдайды. Қазақстандық және шетелдік сайттардың жабылуы немесе олардың жұмысын шектеу қою тек сот шешімі негізінде жүргізіледі.   Сайттарға кіру жолын жабуға қатысты сот шешімінің орындалуы байланыс саласындағы мемлекеттік қызметті реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті құрылым болып табылатын Көлік және коммуникация министрлігі арқылы жүзеге асырылады. Агенттік 2012 жылы 800 интернет-ресурстардың материалдары бойынша талдау жүргізіп, олардың ішінде заңға қайшы сипаттағы ақпараттарды таратқан 34 сайтты анықтаған.

         Мамандар жастарды ғаламтордағы «құдайсыздықтан» қорғаудың бір жолы діни сауаттылықты арттыру мен санасы уланған жандарға дер кезінде көмек көрсету дейді.

Елдің діни сауатын арттыру,  азаматтарымызды керағар ағымдардан қорғау мақсатында былтыр Дін істері  агенттігінің бастамасымен «Үлес 2020» қоғамдық қорымен азаматтардан және ұйымдардан діни салаға қатысты барлық сұрақтар бойынша ақпарат қабылдау, сондай-ақ деструктивті діни қызметтен зардап шеккендерге кеңес беру және психологиялық көмек көрсету үшін «Қауырт желі 114» ақпараттық-кеңесшілік орталығы ашылды. Бейресми деректер бойынша, бір жыл барысында мұнда 2 мыңға жуық адам шағымданыпты. Аталған орталықта психотерапевт, дінтанушы сынды білікті мамандар жұмыс жасайды.

     Асыл дінімізді қорлап жүрген теріс ағымдардың ғаламтордағы үгіт-насихаттарын тоқтаудың басқа да жолдары бар ма? Сіздіңше жастарымызды виртуалды діни уағыздардан қалай қорғауға болады?

 

 

Бақытжан Камалов, Қызылорда облыстық дін істер басқармасының басшысы:

                                                «Блогерлік қызмет құру қажет»

          - Қазіргі таңда елімізде түрлі жолдармен ғаламторды пайдаланушылардың саны 11 миллионға жетіп отыр. Олардың басым көпшілігі жастар екені айтпаса да белгілі. Дәстүрлі исламнан тыс бағытты насихаттаушылар осыны өз мақсаттарына қолданып келеді. Менің ойымша, мұның алдын алу үшін бір емес бірнеше әдісті (сайттарда, әлеуметтік желілерде) қамту керек. Олар: біріншіден: ғаламтор парақшаларындағы ақпаратты саралау үшін арнайы мамандармен жастар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Екіншіден: дінтанушы мамандардан құралған арнайы топпен блогерлік қызмет құрып, кейбір өзекті мәселелерде пікір, мақала жазуын ұйымдастыру керек.

 

Жандос Айтбай, "Нұр Астана" орталық мешітінің наиб имамы:

«Керағар сайттарды қашан жабады деп күтіп отыра беру дұрыс емес»

       -Жастардың керіағымдарға өтіп кетуінің басты себебі діни сауатсыздық. Сонымен қатар қандай да бір дін мәселесінде сұрақ туындай қалған жағдайда ізденбейді, біржақты , шектеулі көзқараста қалып қояды. Олардың көпшілігі өздерін қызықтырған, мазалаған сұрақтарға жауап іздемейді, дін қызметкерлерінен сұрамайды, тек интернет сайттарынан я болмаса ұялы телефондарына жүктеп алған жалған уағыздарды тыңдай салады. Сондықтан адаспау үшін  жергілікті имамдармен жүздесіп интернетте айтылған уағыздардың дұрыс екеніне көз жеткізу қажет. Ең дұрысы мұндай сайттарға фильтр жасап отыру керек. Егер қандай да бір теріс пиғылы анықталса сайтты дереу  бұғаулаған дұрыс. Мамандар керағар сайттардың көзін қашан жояды екен деп күтіп отыра беру дұрыс емес. Мешіт қызметкерлері, имамдар әсіресе жұма намаз барысында көпшілікке жарты сағат болса да уағыз айтып, теріс ағымдардан сақтанудың жолдарын түсіндірсе соның өзі көп қатердің алдын алар еді.   

 

Өмірзақ Бекқожа,  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы:

                                 «Сайттардың тізімін нақты анықтаса...»

           - Дін, жастар, ғаламтор мәселесі қазіргі таңда өзекті болып тұрғаны рас. Егер арам пиғылды ағымдарды насихаттап жүрген жеке адамның парақшасы болса арнайы заң шығарылып қатаң жауапқа тарту керек. Халықтың санасын улап жүрген сайттарды да жазасыз қалдырмаған абзал. Мамандар радикалды бағыттағы сайттардың  тізімін нақты анықтап, оқу орындарында жастардың басын қосып,  оны жариялап сақтандырып отырса, қауіп сейілер деген ойдамын.

 

Сағынай Рахымжан, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау аудандық мешітінің бас имамы:

                                                       «Дін – нәзік сала»

         -Жастар түгілі орта буынды, егде тартқан қандастарымыздың өздері радикалды топтардың жетегінде кетіп қалып жатқаны өтірік емес. Дін өте нәзік сала. Егер ойланып барып қадам жасамақ барлығын ушықтырып алуымыз мүмкін. Сол себепті қаптаған секталардан қорғанудың ең тиімді жолы  бұқара халықтың діни сауаттылығын арттыру.  Ол үшін алдымен діни сұрақтарға жауап беретін, адасқан жанға тура жол сілтейтін, жастардың иманын берік ететін нағыз мамандарды даярласақ еліміздегі діни тұрақтылықты сақтап қала аламыз деген ойдамын.

Дерек пен дәйек: Дін істері комитеті былтыр 1174 интернет-ресурсқа талдау жүргізіп, оның ішінде 58 сайттың діни экстремизмді насихаттайтынын анықтаған.

Мұрағаттан, 2015 ж

Қадыр түні... Мешітке көрші дүкенде тізілген арақ-шарап, сыра
Салафизмнің сипаты: Бата беруді, сәлем салуды теріске шығарады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу