Қадыр түні... Мешітке көрші дүкенде тізілген арақ-шарап, сыра

Oinet.kz 31-05-2019 1078

3F1F4710-776D-4865-9EB1-1BF739377F3E_w1023_r1_s.jpg

         Ұлы Жаратушы ием маңдайымызға кезекті Қадыр түнін қарсы алу бақытын жазған екен. Құдайға шүкір, қазір мың айдан да қайырлы бұл түнді мешітте таң қылаң бергенге дейін көз ілмей өткізетін жамағаттың қатары көбейген. Кез-келген мешітке бас сұқсаңыз да жамағатқа толы. Олардың арасында жасы да, жасамысы да, мектеп табалдырығын жаңадан аттайтын жастағы бүлдіршіндерді де көп кезіктіруге болады. Қадыр түнін қалай тиімді қарсы алу қажеттігін жақсы ұғатын жамағат біліп-білмей жасаған күнәлары мен қателіктерін кешіруін, алдағы бір жыл бойғы тағдырының тәтті, басқан қадамының сәтті болуын Тәңірден тілеп, дұғасын айтып, нәпіл, таһаджуд намаздарын оқып, уақытты босқа өткізбеуге тырысқаны қуанышты да, құптарлық көрініс болды. Бұл түннің қадір-қасиетін жете түсіне қоймайтындардың да білмегендерін сұрағаны сауаппен бірдей іс іспетті. Мешіт имамы да бұл кезде «білмегенін сұраған ғалым, сұрамаған залым» екенін жамағаттың санасына құюмен болды. Мешіт қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылған сұрақ-жауап жарысы да талай саналарға саңылау салғаны айтпаса да түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық мұсылман бауырлар Қадыр түнінің қасиетін ұғынып қалды. Дегенмен...

         Қадыр түнінде «әттеген-ай» дегізетін көріністер де болмай қалмады. Оны түзеу барша жамағаттың мойнындағы парыз іспетті болғасын көзіммен көрген кейбір кемшіліктерді айтпай қоя салуға арым жібермеді. Жамағаттың бір бөлігі мешіттің ауласында дұғасын айтып, намазын оқып, құдайына құлшылық етіп жатқанда енді бір бөлігі, әсіресе, жастар жағы топ-топ болып жиналып алып, дүниелік әңгімелердің тізгінін босатып тұр. Тіпті, әр жер-әр жерден дөрекі күлкілер де естіліп қалады. Мешіттен шығып, көшенің арғы бетіндегі, яғни Алланың жердегі үйіне қарама-қарсы бетте тұрған дүкенге кіріп, салқын сусын алмақ болғанымда мұздатқышта самсап тұрған сыралар мен сөрелерде тізіліп тұрған арақ-шарапты көргенде көңілім су сепкендей құлазып кетті. Жамағаттың көптігінен салқын су жетпей қалып жатыр, ал сыралардың «мен мұндалап» мұздатқыштарда тұрысы анау. Осыны сатушы қызға айтып едім, «сыра салынған мұздатқышты бүгін қосқанымыз жоқ, әншейін тұр» деп   салқын ғана, селқос түрде жауап қата салды. Тым болмаса қасиетті ораза айында, әсіресе Қадыр түнінде сөрелерді арақ-шараптан босатып, халал өнімдерді сатса «Алла разы болсынды» әрқайсымыз айтар едік қой. Сауда істеген жақсы, бірақ, харамды сатқаннан түскен ақша да харам екенін ұғынатын кез келді емес пе?!

         Қасиетті ораза айы болсын, басқа уақыт болсын, ең болмаса мешіттерге, мектептерге жақын маңдағы сауда орындарында арақ-шарап сатуға тыйым салу қажет қой деп ойлаймын. Әрине, оларды сатуға мемлекетіміздің заңы тыйым салмайтын шығар, бірақ, шариғат заңын қайда қоямыз? Қазақстан зайырлы мемлекет, бірақ, әркім өзінің ақыреттегі мекен-жайын осы дүниеде анықтайтыны даусыз ақиқат екенін ешуақытта естен шығармауымыз керек. Құранда арақты өндірген де, сатқан да, сатып алған да, құйып берген де сол арақты ішкен адаммен бірдей күнә арқалайтыны айтылған. Ендеше, дүкен сөрелерін сыра, арақ-шарап секілді харам астардан арылтуға асығайық, ағайын.

Шадияр Молдабек, 

Мұрағаттан, 2015 ж

Теріс ағымдардың қаупінен сақтанудың жолы—діни сауаттылық
Жастарды виртуалды діни уағыздардан қалай қорғауға болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу