«Емханада бос орын жоқ»: Қазақстандықтар «белгісіз» вирустың таралуына жаппай шағымданып жатыр
Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары әлеуметтік желілерде "жұмбақ вирусқа" шағымданып, жоғары температура мен ұзаққа созылған сырқат белгілерін айтып дабыл қақты. Дәрігерлер мұны маусымдық тұмау мен ЖРВИ-дің өршуімен байланыстырып отыр. Осыған орай Stan.kz үш қаладағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінен қазіргі жағдайды сұрап білген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде тұрғындар жоғары температураның ұзақ уақыт түспей, емханалар мен стационарлардың толып кеткенін жазып жатыр.
"Белгілері кәдімгі тұмауға ұқсайды, бірақ қызу 39°С-тан түспейді. Тіпті дәрімен де түсіру қиын. Кеше жедел жәрдемді жарты сағат күттім... Емханада ұзын-сонар кезек, стационарда бос орын жоқ", – дейді астаналық тұрғын.
"Бізге тұмау диагнозы қойылған науқастар өте көп келіп жатыр. Белгілері: бүкіл дененің сырқырауы, қатты бас ауруы, дене қызуының кенеттен 40 градусқа дейін көтерілуі және оны түсірудің қиындығы, жөтел", – деді Шинкаренко.
Дәрігердің айтуынша, тұмау кезінде, ең бастысы, дұрыс күтім мен уақытылы демалу. Ол ауруды жеңілдетудің тиімді тәсілдерін атап өтті.
“Тұмауды антибиотикпен емдеу, бұрағышпен шегені қағуға тырысқанмен бірдей. Антибиотик вирусты өлтірмейді. Егер антибиотик қабылдағаннан кейін 24-48 сағат ішінде жақсару байқалмаса, не диагноз дұрыс қойылмаған, не антибиотик тиімсіз. Антибиотик вирусқа әсер етпейді. Тұмау кезінде жоғары температура 5-7 күнге дейін сақталуы мүмкін. Тұмауды емдеу үшін демалыс алып, көп сұйықтық ішу, ыстықты түсіретін дәрі және қажет болған жағдайда осельтамивир қолдану керек. Ал антибиотиктің бұл жерде еш қатысы жоқ!", – деп түсіндірді Ирина Шинкаренко.
Дәрігерлердің айтуынша, қазір елдің оңтүстігі мен солтүстігінде тұмау вирусының белсенділігі артқан. Ал тұрғындар ауруханалар мен емханаларда ұзын-сонар кезек пен жедел жәрдемнің кешігіп келуіне шағымданып отыр.
Кейбір қазақстандықтар әлеуметтік желіде балалар арасында сырқаттың ауыр өтіп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Пайдаланушылардың бірі aiman_syrlybai есімді ана бұрынғыдай жеңіл өтетін ЖРВИ емес екенін жазған. Оның айтуынша, бұл жолы балалардың қызуы 39-40°С-тан түспей, әлсіреп қалған.
"Бұрын 2-3 күнде жазылып кететін. Ал қазір балалардың басы ауырып, жүрегі айнып, іштері ауырады, құсып, іші өтеді. Ұлым екі жарым жаста, төрт күннен бері температура 39°С-тан жоғары. Дәрі тек уақытша әсер етеді. Қазір жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмыз", – деп жазған ол.
Тағы бір қолданушыбұл вирусты "гонконгтық тұмау" деп атап, өз отбасындағы жағдайды бөлісті. Оның айтуынша, бұл вирус балаларда ауыр және ұзақ өтеді.
"Бес жасар ұлым сегіз күн ауырып жатты, тоғыз жасар балам – төрт күн, ал он екі жастағы қызым екі-ақ күн ауырды. Әйелім бір күнде жазылды. Ал мен сарымсақ жеп, мүлде ауырмадым. Температура орта есеппен 39°С шамасында болды", – деп жазған ол.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары, эпидемиолог Манар Смағұлға хабарласып, пікірін сұрадық. Маманның айтуынша, халықтың алаңдаушылығы орынды. Өйткені дәл қазір елде жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың маусымы басталған.
"Биыл тұмау вирусы әдеттегіден ертерек, қазан айының ортасынан бастап белсенді түрде тарала бастады. Әдетте Қазақстанда сырқаттанушылықтың шарықтау кезеңі желтоқсанның соңы мен қаңтардың басына сәйкес келеді. Алайда биылғы жылы біз қазан айының ортасына қарай тұмау вирусының, әсіресе H3N2 штаммының кең таралғанын байқап отырмыз", – деді Манар Смағұл.
Оның сөзінше, тұмаумен қатар елде коронавирус инфекциялары да айналымда жүр. Қазіргі таңда олардың ішінде "Стратус" (Stratus) штаммы басым.
"Бұл вирустың ерекшелігі оның жұқпалылығының жоғары болуында. Яғни, ол өте тез таралады. Дегенмен аурудың ауыр өту деңгейі пандемия кезіндегідей емес. Симптомдары басқа респираторлық вирустық инфекцияларға ұқсас: науқастарда жөтел, тамақ ауруы, мұрын бітелуі, бас ауруы, әлсіздік, бұлшықет ауыруы мен дауыс қарлығуы байқалады", – деп түсіндірді эпидемиолог.
Сонымен бірге ол аурудың жеңіл өтетінін айтып, оны елемеуге болмайтынын ескертті.
"Кез келген вирус мейлі ол COVID-19 болсын, тұмау не басқа ЖРВИ түрі болсын – созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін. Әсіресе қант диабеті, гипертония сияқты сырқаттары бар науқастарда ауру жиі асқынған түрде өтеді", – деді Манар Смағұл.
Осы ретте Астана, Алматы және Шымкент қалаларының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері тұрғындар арасында тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) көбейгенімен, жағдай бақылауда екенін мәлімдеді. Әр қалада профилактикалық шаралар жүргізіліп, халықты тұмауға қарсы вакцинациялау жалғасып жатыр екен.
Астана қаласында 2025 жылдың 2 қазанында басталған эпидемиологиялық маусымнан бері 27 469 жағдай тіркелген. 14 жасқа дейінгі балалар оның 61%-ына тең болып отыр. Астанадағы бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева ел тұрғындарын маусымдық инфекциялар кезінде сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды. Оның айтуынша, тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) өршу қаупі бар кезеңде алдын алу ең тиімді қорғаныс.
"Аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда азаматтар емханадағы сүзгі кабинеттеріне дер кезінде жүгінуі керек. Аурушаңдық арту кезінде адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болып, медициналық маска тағу қажет. Сондай-ақ, ауру белгілері бар балаларды мектепке немесе балабақшаға жібермей, жеке гигиенаны қол жуу, үй-жайды желдету, беттерді дезинфекциялау сияқты шараларды сақтау маңызды", – деді Айгүл Шағалтаева.
Дәрігер сондай-ақ тұрғындарды өз денсаулығына және айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
"Қазір ең бастысы аурудың алдын алу. Денсаулықты сақтау әркімнің өз қолында", – деп атап өтті ол.
Биыл астаналықтарға жергілікті бюджет есебінен Ресейде өндірілген "Гриппол+" вакцинасының 145 мың дозасы сатып алынған екен. 30 қазанға дейін 134 977 адамға екпе салынды, бұл халықтың 8,8%-на тең.
Алматыда да санитариялық қызмет эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін хабарлады. 1-30 қазан аралығында зертханалық зерттеулерден соң тұмау расталған жағдайлар тіркелмеген. Қалада негізінен парагрипп, риновирус және маусымдық коронавирус инфекциялары жүргенін айтады.
"2025 жылдың 43 аптасында қалада 14 979 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 12,5%-ға төмен. Аурулардың шамамен 57%-ы балалар арасында", – делінген департамент хабарламасында.
Қаланың тәуекел топтарын қамту үшін ресейлік вакцинаның 250 мың дозасы сатып алынған. 3 қарашадағы мәлімет бойынша 245 415 адамға екпе салыныпты.
Шымкентте де жағдай бақылауда. Қала ауруханаларында қосымша инфекциялық төсек-орындар ашылып, мобильді бригадалар күшейтілді.
"Қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақты, медициналық көмек толық көрсетілуде. Қауіп топтарына арналған "Гриппол+" вакцинасының 150 мың дозасы сатып алынды, оның 93,6%-ы егілді. Вакцинациялау жалғасып жатыр", – деп мәлімдеді Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Мамандар үш қалада да тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, маусымдық екпе алуға және жеке гигиенаны қатаң сақтауға шақырып отыр.


