Зайырлы мемлекет дегеніміз не?

Oinet.kz 05-06-2019 2188

 Screenshot_5.jpg

Зайырлылық және атеизм

Қазақстан Президенті мен Үкіметі Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орныққанын, сондай-ақ, діни тұрақтылық пен ұлтаралық ынтымақтың нығаюын басты құндылық ретінде жариялап отыр. Осы талапқа орай соңғы кезде зайырлы мемлекет мәселесі жан-жақты талқылана бастады. Бұл мәселені  тарихи тұрғыдан зерттеп-зерделеу қажеттігі күн санап артып келеді. Бұл тұрғыдағы  негізі пастулат мынау: «Қазақстан мемлекет  ретінде жалпыұлттық негізде қабылдаған ел Конституциясы мен заңдарына сүйеніп қызмет атқарады. Сәйкесінше, діни талаптар мен ережелер, діни бірлестіктердің құжаттары біздің елімізде құқық негізі болып есептелмейді және мемлекеттік органдардың тікелей қызметіне әсер ете алмайды». Бұл тұжырым – Қазақстан мемлекетінің зайырлылыққа байланысты ұстанымы. Ал үзінді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің мақаласынан алынып отыр.

         Ал енді зайырлы мемлекеттің  классикалық анықтамасына тоқтала кетейік. «Зайырлы мемлекет – діни институттардан (шіркеуден, діни басқармалардан) бөлінген, мемекеттік шешімдер діни негізде емес, азаматтық, яғни діни емес нормалар негізінде қабылданатын мемлекет. Зайырлы мемлекетте әрбір азамат дін мен діни институттарға жүгінбей өмір сүре алады. Мысалы үйлену, ажырасу және өлім актілерін тіркеу, сондай-ақ, сот төрелігін атқаруды діни институттар емес, мемлекеттік мекемелер жүзеге асырады. Елдің барлық азаматтары дініне қарамай, заң алдында тең саналады.

          Батыстық зайырлылық пен посткеңестік зайырлылық ұғымдарының қалыптасуы мен жүзеге асуында үлкен бір ерекшелік бар. Ол – діннің мемлекетке тигізер ықпалы. Батыс елдері зайырлылықты шіркеу мен руханилардың ықпалынан құтылу, яғни секуляристік ұстаным негізінде қабылдады.  Ал посткеңестік елдердегі зайырлылық принциптері атеизмнің идеологиясы мен саясатынан құтылу, дінсіздіктен арылу жолында қалыптасты.

         1918 жылы большевиктер «Шіркеудің мемлекеттен, мектептің – шіркеуден бөлінгені» жайлы Декрет қабылдады.  Лениннің күші 1990 жылы 25 қазанда жойылған осы Декреті пірменді атеизмнің (воинствующий атеизм) негізін қалады. Мелекет діни ұйымдардың бар мал-мүлкін тәркілеп, діни білім беруді тоқтатты. Шіркеудің қоғамдағы статусы жойылды. Барлық жерде «Құдайсыздар қоғамдары» құрыла бастады. Дін жолындағы адамдарды қудалау – мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерілді. Лениннің дін жайлы Декретінің ықпалы Мәскеуден 3445 шақырым алыста жатқан менің ауылыма да жетті. Ауылымызда Омар деген қарт коммунист  болатын. Айт күні адамдар келіп намаз оқымасын деп, мазардағы кесекхананы (мәйітті жерлегенде «үйінің» есігіне қалайтын қам қыш сақтайтын бөлме) күзететін. Ол марқұмды келіндері «партия қайнаға» дейтін. Қарт коммунист әр  сөзінде «партия олай деді, партия бұлай деді» деп отыратын. Партбилетінен айырылып қаламын деп, әке-шешесінің жаназасына қатыспаған номенклатуарашылар да болды. 30-жылдары комсомолдар ораза тұтуы мүмкін деген адамның үйіне келіп, бір түйір нан жегізіп кетеді екен. Өзбекстанның түрмелерінде де діни нанымы үшін қамалғандарды мекеме әкімшілігі мәжбүрлеп, күндіз тамақ жегізеді. Бұл  –  пәрменді атеизм  ықпалының бір ғана көрінісі.

         Зайырлылық және экстремизм

         Экстремистік әрекеттер мен жастардың радикалдануы, сондай-ақ, түрлі кереғар діни ағымдарыдың күшейе түсуі зайырлылылық идеологиясы мен саясатын пәрменді түрде жүзеге асыру қажеттігін тудырды. Халифат үлгісіндегі Ислам мемлекетін құруды мұрат ететін ұйымдар Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін, Ислам мемлекетін құруды насихаттау – заң шеңберінде жазаланатынын ел тұрғындарына жеткізу қажеттігі артып келеді. Үлкен ұстаздар дін өкілдерінің  саясатқа, яғни мемлекеттік басқару саласына ұмтылуы қашанда халық үшін зиянды, кесірлі болғанын айтады. Қазақ қоғамында да ғасырлар бойы «тірімізде – төренің, өлген соң – қожаның билігіндеміз» деп, басқару билігі діннің емес, Шыңғысханның ұрпағы – төрелердің иелігінде екенін айтып келген. Араб елдері мен кешегі Тәжікстандағы азамат соғысында саяси исламның айтарлықтай «рөлі» болды. Зайырлылық қарапайым тілмен айтқанда – билік билігіне, имамдар – мешітіне, ал мүминдер –  ғибадатына мықты болсын дегенге келеді.

Зайырлылық және мемлекеттік дін

Зайырлы мемлекет ұғымы мемлекеттік немесе ресми дін ұғымымен сабақтас.  Гарвард университетінің зерттеулеріне қарағанда, 2000 жылы 188 елдің 75-де белгілі бір дін мемлекеттік дін деп жарияланған, ал 113 елде ешбір дін мемлекеттік, яғни ресми дін деп жарияланбаған екен.  Мысаалы Англияда англикандық шіркеу мемлекеттік дін болып табылады, ал Британияның монархы Корлева Елизавета II – шіркеу басшысы болып саналады. Айта кету керек, ешбір ел Британияға «басқа діндерге неге мемлекеттік мәртебе бермейсін» деп сынап жатқан жоқ. Ал Израильде заңды түрде Иудаизм мемлекеттік дін болмағанымен, бас діни орган – Раввинат пен діни білім институттары (ешивалар) Дін министрлігінің қамқорлығында және салықтөлеушілердің есебінен қаржыландырылады. Израильде діни соттар бар, ол соттардың қаулысы мемлекеттік соттар қаулысымен бірдей  күшке ие әрі мемлекеттік биліктің өкілеттігімен орындалады. Бұл мемлекеттің діни мемлекет екенінің айқын бір белгісі – тек иудей-еврейлер ғана оралман ретінде елге орала алады, ал басқа дінді қабылдаған еврейлер – репатриант бола алмайды, яғни елге оралман ретінде келіп, азаматтық алалмайды.

         Дамыған елдердің тәжрибесі  дінді мемлекеттік дін деп жариялау немесе бір дінге басымдық беруден үрку қажет еместігін көрсетіп отыр. Мысалы Норвегияда дін шіркеуден кешегіде, 2012 жылы ғана бөлінді, ал дін қызметшілері мемлекеттік қызметші, ал Король – дін басы мәртебесін сақтап қалды. Финляндияда шіркеу «дін салығын» жинау құқығына ие. Ең қызығы – бұл салықты мемлекеттік салық қызметі жинайды. Көптеген араб мемлекеттері Ислам дінін – мемлекеттік дін, ал Конституциясы – Киелі Құранға негізделгенін жариялаған. Ал АҚШ өзін зайырлы мемлекет деп жариялай отырып, ұлттық валютасы – долларға «In God we trast» – «Біз Құдайға сенеміз» деп жазып қойған. Көптеген елдерде сотта куәлік берерде азаматтар қолын Інжілге қойып,  «Шындық, тек шындықты айтамын» деп ант ішеді.

         Айта кететін бір тарихи дерек: әлемде бір ғана мемлекет – Албания өзін атеистік мемлекет деп жариялаған екен. 1991 жылы Шығыс Еуропадағы коммунистік режим құлаған соң, бұл ел де атеизмнен ресми түрде бас тартты.

         Зайырлылық және білім саласы

         Лениннің Декреті тек шіркеуді мемлекеттен емес, мектепті де шіркеуден айырды. Сол Декрет қабылданған 1918 жылдан бастап мемлекеттік білім мекемелерінде діни білім беру толығымен тоқтатылды. Революцияға дейін Ресей мектептерінде «Закон Божий» деген дін сабағы жүргізілетін. Ал Орталық Азия елдерінде көптеген медреселер болды. Большевиктердің тұсында діни оқу орындары жабылып, медреселер қоймаларға айналды. Мысалы 1535 жылдан бері  Орталақ Азияның ең беделді діни оқу орны (университеті)  болған  Мири  Араб медресесі Лениннің Декретінен соң жабылып, Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының мүфтиі Бабахан ишанның әрекетімен 1945 жылы қайта ашылды. Бұхара медресесінен қаншама ұлы ғұламалар, мүфтилер шықты. Қызыл империя ыдыраған соң медреселер ашылып, діни білім беру жүйеге түсе бастады. Мемлекеттік мектептерде «Дінтану негіздері» мен «Дінтану» пәндері енгізілді. Оқулықтардың сапасы мен мемлекеттік мектептердегі дін дәрістерінің жиілігі әзірге сын көтермейді. Бұл процесс енді басталды, сондықтан «көш жүре түзелетінін ескеруіміз» керек.  

Зайырлылық және қоғам

Қазақстандық зайырлылық – дінді жоққа шығармайды. Жалпы мемлекетті діннен бөліп қарау – шартты ұғым. Мемлекеттің атқаратын міндеті қоғамға қарай бағытталған. Мемлекет айсбергтің шыңы болса, негізі – сол мемлекет пен мемлекеттік биліктің қайнар қөзі – қоғам, әлеумет, яғни елдің тұрғындары болып табылады. Ал халықтың тұрмысы, қоғамдық қатынастар, тар шеңберде алсақ – маскүнемдік, нашақорлық, қылмыстың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, отбасы бірлігін нығайту тәрізді әлеуметтік мәселелерді шешу ісі – саяси билік пен рухани биліктің бірлесе, ынтымақтаса атқаратын шаруасы. Бүгінде қоғамның бітеу жарасына айналған діни экстремизм мен жастардың радикалдануы мен түрлі кереғар ағымдар белсенділігінің артуы – тек ішкі саясат құрылымдарының емес, барша діни институттардың бірлесе күресетін індетіне айналды. Оңтүстік Қазақстан облысында имамдар мен Ішкі саясат басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы»  мекемесінің қызметкерлері экстрмизм мен кереғар ағымдармен күрес майданының алғы шебінде келеді. Бұл жұмыс – елдегі саяси тұрақтылық, дінаралық төзімділік және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған, яғни мемлекеттік маңызға ие үлкен шаруа. Жоғарыда айтқанымыздай,  бірқатар мемлекеттерде дін қызметшілеріне мемлекеттік қызметші статусы берілген, ал біраз мемлекеттерде – имамдар мен руханиларға мемлекет тарапынан жалақы бекітілген. Мемлекет, қоғам, жалпы ел тұрғындары үшін маңызды қызмет атқарған адамдардың ел қазынасынан жалақы алуы орынды жағдай. Әлемдік тәжрибе осыны көрсетіп отыр.

         Зайырлылық және секуляризация

Бұл екі түсінік бір бірімен астасып жатыр. Секуляризм бізге Батыстан келген түсінік. Секуляризация – діннің қоғам өміріндегі рөлін шектеу дегенді білдіреді. Секуляризация о баста шіркеу жерлерін мемлекет меншігіне өткізу, шіркеудің мал-дүниесін тәркілеу деген мағынада қолданылды. Бытыс елдерінде бір кезде діннің рөлі өте күшті болды. Мемлекет басшыларын дін иерерахтары тағайындады. Феодализм дәуірінде шіркеу ірі жер иеленуші болатын. Жер негізгі өндіріс құралы болғандықтан дін басылары мен шіркеу қызметкерлерінің ықпалы өте күшті болды. Сол руханилар билігін шектеу буржуазиялық революциялардың алға қойған мақсаттарының бірі болды. Қоғамның феодализмнен капитализмге өтуі руханилар  билігінің бірте-бірте әлсіреуіне әкелді. Капитализмнің отаны болып табылатын Еуропада бүгінде шіркеудің ықпалы төмендеп, ғибадат орындары мешіттерге айналып жатыр. Бүгінде етек алған батыстық индивидуализм мен әлеуметтік дезинтеграция секуляристік беталысты күшейте түсті.  

Зайырлылық және билік

Ресейде жаңадан сайланған президенттер (Путин, Медведев) жұбайларымен Патриархтың резиденциясына барып, Православие шіркеуі  басшысының батасын (благословение) алады. Бұл үрдіс Ельциннен басталғанын болатын. Ол патриархқа: «Ваша власть – от Бога, моя власть – от народа» деп, президенттің шіркеу басшысының батасына зәру екенін жеткізді. Ресейде дін басы – Патриарх Орталық Азия елдеріндегі мүфтилер сияқты қол жаулық емес, Митрополит – Шіркеу басшысы Қасиетті Синодтың мәжілісінде сайланады. Оған Кремльдің билігі жүрмейді. Бұл жағдай да өз кезегінде зайырлылықтың, яғни мемлекеттің діннен бөлінгенінің бір көрінісі. Ресейдегі Шіркеу мен  мемлекет арасындағы қатынастардың деңгейі едәуір жоғары екенін айта кетуіміз керек. Әрине, Ресей Патриархы аудандарды аралап, біздің бұрынғы мүфтилер сияқты мешіт ашқаны үшін «шапан киіп, ат мінуді» өз мәртебесіне лайық көрмейді.

Зайырлылық үдерісі – тоқтаусыз үдеріс. Бұл үдерістің әрбір елде өз сипаты мен өз  ерекшеліктері бар. Автократиялық елдер барлық азаматтық қоғам институттарын өз бақылауында ұстағандай, діни ұйымдарды да қатаң қадағалап отырады. Ал демократиялар діни ұйымдарға ортақ мүдде жолындағы беделді ынтымақтас ретінде қарайды.

Мұрағаттан, 2015 ж

Келіннің сәлем салуы ширк пе?
Намаз оқымағанның бәрі кәпір ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу