Темур Аманқұлов, имам: «Насихат әсерлі болуы үшін жастардың тілінде сөйлеуіміз керек»

Oinet.kz 21-05-2019 1105

 Screenshot_20.jpg

«Әл-Біләл» мешіті – Шымкент қаласындағы  белгілі мешіттердің бірі. Соңғы  бір жарым жылдан бері Темур Аманқұлов осы мешіттің бас имамы болып қызмет атқарып келеді. 26 жасар имам екеуміз  алғаш  Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен республикалық семинарда жүздестік. 2004-2007 жылдары Ташкентте заң колледжінде, ал 2007-2011 жылдары  Алматыдағы «Нұр Мубарак» университетінде білім алған.

Атажұрттан жырақта туып, өссе де ана тілімен қоса орыс, өзбек және араб тілдерін жақсы біледі.

Еліміздің жас азаматтарын түрлі керағар діни ағымдардан сақ болуға шақырып, мемлекеттің дін саласындағы саясатын насихаттап жүрген жас имаммен болған әңгімемізді «Үгіт-насихат тобымен ел ішінде көп жүресің, жалпы Оңтүстік Қазақстан облысындағы діни ахуалды қалай бағалайсың?» деген сауалдан бастадық.

- Оңтүстік Қазақстан облысы – қазақтың тілі мен дінінің алтын бесігі. Мұнда ұлы ғұламалар мен үлкен әулие-әмбиелер өткен. Қандастарымыздың бестен бір бөлігі осында тұрады, 700-ден астам мешіттеріміз жұмыс істеп тұр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл-имамының басшылығында дәстүрлі Әбу Ханифа мазһабы мен имам Матуриди ахидасы негізінде дамып жатқан діни ахуалды мен тұрақты әрі жақсы жағынан қарқынды даму үстінде деп бағалаған болар едім. Алдымызда атқарылар шаруалар  шаш етектен, ең бастысы  бет алысымыз оң бағытта өрбіп барады.

- Мешіттердегі имамдарымызды түрлі керағар ағымдарға қарсы майданның алдыңғы шебінде тұрған әскерлер деуге болады. Темур, сен өзің сол керағар ағымдардың арбауына түскен азаматтармен кездесіп, сұхбаттасып тұрасың ба?

- Ия, мен бұл топтағы азаматтармен кездесіп тұрамын. Оларды үш топқа бөліп қараймын.

- Ол қандай топтар, қандай белгілерімен ерекшеленеді?

- Біріншісі – бұл ең ауыр топ. Мұндайлардың бетін  бері қарату – қиынның қиыны. Олардың сәләфилік жолына түскеніне көп болған. Олар ресми имамдарды тыңдамауға шақырады. Ұлттық салт-дәстүрді менсінбейді, сәләфилік, радикалдық көзқарасын құптамайтын адамдарды жау санайды, намаз оқымаса ата-анасы, туған-туысы және дос-жарандарын тәрк етеді. Негізінен өздерінің ортасымен араласады. Олардың ұстанымы – қатал, қатыгездікке баруы да ғажап емес. Ол жігіттер де – өзіміздің қандастарымыз, бауырларымыз, ол азаматтар үшін күресті тоқтатпауымыз керек. Тамшы тама-тама тасты бұзады, адасқан бауырларды дұрыс жолға қайтару жолында әрбіріміз аянып қалмауымыз керек.

- Екінші топқа кімдер кіреді?

- Екінші топтағылар – арасатта жүргендер. Оларды адасқан жолдан кері қайтару аса қиын болмас. Бірақ «ұзын арқан, кең тұсау» болып жүргеніміз жарамайды. Ал үшінші топтағылар – сол сәләфилік немесе басқа кері ағымдарға жаңадан тартылған бауырларымыз. Бұлар – жамағаттан бөлінген адамдар, «бөлінгенді – бөрі жейді» деген сөз босқа айтылмаған. Сол бөлінгендер ұлтымыздың мүддесіне қарсы пайдаланылуы мүмкін. Осыған сақ болуымыз керек.

- Осы топтардағы азаматтармен сұхбаттасып, кездесулер өткізіп, бетін бері қайтарған адамдарың болды ма?

- Ия, болды. Мен кері ағымдардың шырмауына түскен 47 адаммен кездесіп, сұқбаттастым. Солардың 12-ісінің беті бері қайтып, өз мазһабымыз бен ата-баба дәстүрін, мемлекет пен діни басқарманың дін саласындағы талаптарын мойындайтын жағдайға келді. Біз олармен тоқтаусыз кездесулер өткізуіміз керек, оларды бұрыс жолдан қайтару үшін, қажет болса, сол қандастарымызбен достасуымыз керек. Біз тек үн қатысу арқылы ғана ол бауырларымызға ықпал ете аламыз.  

- Керағар ағымдарға кіріп кеткен қандастарымызды қайтару үшін молда-имамдарымызға қандай қасиеттер қажет деп санайсың?

- Біз барлық кезде ұтымды жол мен тиімді әдістерді Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. өмірінен табамыз. Пайғамбарымыз с.а.с немере ағасы Әбу Лаһабты ұзақ уақыт бойы дінге шақырды, бұл жолда қанша қиыншылықтар көрді. Бірақ сабырлы болды. Сабыр мен ұлы мақсат жолындағы табандылық – бұл тұрғыдағы біздерге аманат етілген басты қасиеттер деп ойлаймын.

- Имамдармен болған сұхбаттарда бұл сауал ұдайы қойылып келеді. Саған да сол сауалды қоймақпын: түрлі керағар ұйымдар қарапайым қазақ үшін несімен қауіпті?

- Бұл кері ағымдар қарапайым қазақ үшін де, еліміз үшін де өте қауіпті. Әңгіме елдің тыныштығы, мемлекеттің тұрақтылығы, зайырлылық сипатымыздың баяндылығы жайлы. Керағар ұйымдар, соңың ішінде сәләфилер мемлекеттік құрылымымызды өзгертіп, халифат үлгісіндегі ислам мемлекетін құруды мақсат етеді. ДАИШ, яғни «Ислам мемлекеті» ұйымының әрекеттері бүгінде бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп отыр. Территориясының біраз бөлігін ДАИШ әскерлері басып алған Сирия мен Ирактың жағдайына қараңыз. Бізді Алла мұндай қасіреттен сақтасын. Конституция бойынша, Қазақстан – демократиялық, әлеуметтік, зайырлы мемлекет. Діннің билікке араласуы, бүгінгінің тілімен айтқанда саяси ислам – біздің жолымыз емес. Біз ата-бабамыз армандап келген ел тәуелсіздігінің қадіріне жете білуіміз, сол тәуелсіздігіміз үшін күресе білуіміз керек.  

- Сол керағар ұйымдарға еріп, идеяларына иланып жүргендерде сананың улануы басым ба, әлде мұнда қаржылық мүдде бар ма?

- Үлкен ұстаздардың айтуынша, дінге  еркіндік беріліп, жаңа мешіттер ашылып, жұрт жабыла намазға құлай бастаған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында араб елдерінен келген шеихтар өздерінің радикалды исламды үгіттейтін идеологиясын елге белсенді түрде сіңіре бастаған екен. Бұған қосымша – қаржылық мүдделілік те жоқ емес. Тұрмыс жағдайы төмен, жұмыссыз, болашағы бұлыңғыр адамдарды осындай ағымдарға тарту оңай. Кейде маған қаржылық мүдделілік басым түсіп жататындай болып көрінеді. Айта кету керек, түрлі кері ағымдардың өкілдері көбіне саудамен шұғылданады. Көмек қаржылай да, тауар түрінде де берілетіні айтылып келеді.   

- Кері ағымдарға тартылып жатқандардың ішінде орыс тілді, орысша тәрбие алғандар көп деген әңгімелер айтылып жатады.

- Сөзіңіздің жаны бар. Ия, ол топтардағы жігіттердің ішінде орыс тілді бауырларымыз көп. Қазақы ортада, салт-дәстүр аясында тәрбеленгендердің иммунитеті күштілеу деуге болады. Ал ұлттық сана мен ұлттық құндылықтарды сіңірмеген бауырларымызға туған-туыстарымен қарым-қатынас пен ата-бабаларымыздың сара жолынан бас тарту оңай. Оларда өзімшілдік пен өз мүддесін жоғары қою басым. Бұл жайлы үлкен ұстаздарымыз да айтып жатады.

- Таблиғи жамағатшылар жайлы не дейсің?

- Жаңа ғана өзіңіз куә болдыңыз. Қазір мені сыртқа шақыртқан ағалар сол Табиғи жамағат ұйымының өкілдері екен. Талдықорғаннан келіпті. Олар 3, 7, 40 күндік дағуаттарға шығып, елді аралап, дінді насихаттайды. Олардың үгіт-насихатына тыйым салынған. Бала-шағасын тастап, ел кезіп, насихат жасау – аманатқа қиянат дер едім. Әйел, бала-шағамызды, қарт ата-аналарымызды асырау  – әрбіріміздің парызымыз, міндетіміз. Бала-шағаларымыз бен қарт ата-аналарымызға қарау – Алланың бізге жүктеген аманаты. Сондықтан мен Таблиғшылардың осылай жүрісі аманатқа қиянат дер едім. Әрине, әркім өз жолы мен өз бағытын тура санайды. Біз ешқашан бала-шағамыз үшін жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек.

- Керағар ұйымдардан жастарды сақтандыруға бағытталған жұмысты тағы да қалай жандандыруға болады?

- Айта кету керек, Діни басқармаға қарасты мешіттердегі имамдар, Ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығының» мамандары және басқа да тиісті ұйымдардың қызметінің арқасында кереғар ұйымдарға ерген немесе сол бағытқа бейім азаматтардың саны қысқарды. Қоғамның ақпараттану деңгейі артқан сайын керағар бағыттағы топтардың позициясы әлсіреуде. Қазір бұрынғыдай өздерін еркін сезінбейді. Мысалы біздер өз ынтамызбен Ішкі саясат және дін істері басқармасының келісімімен мешітімізге көршілес мектепте «Дін бұрышын» аштық. Онда көптеген кітаптар бар. Айына екі рет оқушылармен кездесіп тұрмақпыз. Алла қаласа, ертең мектепте кездесу өткіземіз. Мен жиналыстардың бірінде үгіт-насихат жұмыстарын бүгінгі жастардың ақпараттық айдыны болып табылатын «В Контакте», «Одноклассник» сияқты тетіктерді пайдалануды, сол сайттарға қысқа-нұсқа насихаттық роликтер қоюды ұсындым. Біз насихатымыз әсерлі болуы үшін жастардың тілінде сөйлеуіміз керек.

- Қазақтың діни тұтастығы жастарға байланысты болып тұр. Жас іні-қарындастарыңа не айтасың?

- Жастарымыз егер рухани күйзеліске түсіп, оларды алаңдататын жағдайлар болып жатса, мешітке, сенімді имамдарға келсін. Имамдарымыз дұрыс жол көрсетеді, рухани күйзелістен шығуға, дұрыс жол табуға міндетті түрде көмектеседі. Біз жастарымызды түрлі керағар ұйымдардан, Алла сақтасын дейік, олардың өзіне өзі қол салудан, басқа да қауіпті жағдайлардан аулақ болуына барымызды саламыз. Мені қуантатыны – жастарымыз өте сауатты, алғыр, отаншыл, дініміз бен салт-дәстүрімізге берік. Бұл – болашағымыздың жарқын болатынының бек белгісі дер едім.

 Сұхбаттасқан Үсен Асқаров,

«Рейтинг» газеті, №48-49, 10 желтоқсан 2015 жыл

«Аллаһ» деп емес, «Алла» деп айту керек
Кереғар ағым жақтастарының психологиялық іс-әрекеттері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу