Үсен САУРБАЕВ: Жөн-жосықсыз пікір, көзқарас білдіретіндердің қарасы көбейді

Үсер Саурбаев, Төлеби ауданының бас имамы
– Кейбіреулер «Ислам кейін келген дін, ал тәңіршілдік біздің түпкі сеніміміз» дейді. Тіпті, әлеуметтік желілерде ислам мен тәңіршілдікті қарсы қою үрдісі байқалады. Бұл қоғамдағы рухани бөлінуге әкелмей ме? Діни тұрғыдан бұған не айтасыз?
– Ең алдымен «ислам кейін келген дін, ал тәңіршілдік біздің түпкі сеніміміз» деген сөздің өзі өте үстірт, тіпті сауатсыздықтың салдары. Өйткені тарихты терең оқыған адам бұл сөзді айтпаған болар еді. Ислам діні – Жаратушы Алланың Адам (а.с.) пайғамбардан басталып, соңғы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) дейінгі барша елшілер насихаттаған діннің ортақ атауы. Сондықтан «кейін» және «түпкі» деген сөздерге дұрыс талдау жүргізу үшін тарихқа терең үңіліп, біраз кітап ақтаруды талап етеді. Мұнда назар аударатын тағы бір жайт, дін мен наным-сенімнің арасын дұрыстап ажырату. Дін мен наным-сенімнің айырмашылығы жер мен көктей. Ислам – Алладан келген мағынасы ауқымды дін, ал тәңіршілік аясы тар наным-сенім.
Енді әлеуметтік желілердегі ислам мен тәңіршілдікті қарсы қою үрдісіне келетін болсақ, шын мәнінде, ақиқат пен жалған, шындық пен өтірік, ақ пен қараның таласы адамзат жаратылғаннан бар. Бұл күрес қияметке дейін жалғасады. Сондықтан бұл күресте қай тарапта екеніміз маңызды. Әрине ақиқат жағында болу әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың арманы. Өйткені Құранда ақиқат келсе, негізсіз нәрселердің өздігінен жойылатыны баяндалған: «Ақиқат келді. Негізсіз нәрселер жойылды. Сөзсіз, бекер нәрселер жойылады» де». (Исра сүресі, 81-аят)
– Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде исламға қатысты аузына келгенін айтып, дінді қалай болса солай талқылайтындар көбейді. Қалай ойлайсыз, оларды жауапкершілікке тартқан дұрыс па?
– Расында әлеуметтік желіде жөн-жосықсыз пікір-көзқарас білдіретіндердің қарасы көбейді. Әрине, талқылау, көзқарас білдіріп, ой айту жақсы нәрсе. Әркім өз пікірін айтуға құқылы. Бірақ өкініштісі, бір кітаптың бетін ашпай, тек қана естіген нәрсесінің соңы түсіп, шикі пікір, бос ой мен қиялдың жетегіне еру, дәлел-дәйексіз сөйлеу адамды орынсыз олқылықтарға душар етеді. Мұнда сөйлей беру емес, сөйлей білудің жолын білген жөн. Сонда ғана сөйлеу, пікір, көзқарас білдіру мәдениетін сақтаған боламыз. Осы мәдениетті қалыптастырудың озық үлгісін көрсеткен асыл дініміз мынадай мәселеге мән беруге шақырады: «Олардың көбі ой жоруға ғана ілеседі. Расында ой, шындыққа қарағанда түкке тұрмайды. Күдіксіз Алла, олардың істегендерін толық білуші», (Жүніс сүресі, 36-аят) ал Исра сүресінің 36 – аятында: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы одан сұралады», деп білмейтін нәрсең туралы сөйлемеудің жауапкершілігін түсіндіріп өткен. Пікір білдіргенде тағы бір ескерілмей жүрген мәселенің бірі көңіл мәселесі. Әлеуметтік желіде сөзбен түйреймін деп сөз иесінің көңілін түйреп алғанымызды білмей қаламыз. Мәулана Жалаладдин әр-Руми: «Қағба – Азардың ұлы Ибрахимнің тұрғызған үйі, ал жүрек – Алла Тағаланың назар салар орны. Сондықтан да бір адамның көңілін қалдыру Қағбаны қиратқаннан да жаман» деген екен. Сөз мәдениетін түсінген адам, аузынан шыққан әрбір сөзіне мән беріп, заң алдындағы жауапкершілік емес, ар алдындағы жауапкершілікті алға қояды.
– Әлеуметтік әділетсіздік, жемқорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық секілді мәселелер қоғамда ушығып тұр. Мешіт мінберінен бұл тақырыптар айтылып та жүр, бірақ жеткілікті деңгейде ме? Дін өкілдері бұл мәселелерге нақтырақ, батылырақ үн қатуы керек деп ойлайсыз ба?
– Иә, ащы болса да ақиқат. Бұл тақырып мешіт мінберінен түскен емес. Мұның алдын-алу бойынша имамдар өзіндік міндетін атқарып жатыр деп айта аламын. Дегенмен мұндай келеңсіздіктермен күресу мешіт имамдарының ғана емес, елім деген әрбір азаматтың міндеті деп білемін. Өйткені бұл мәселе айтумен емес, тәрбиемен түзеледі. Ал енді тәрбие жұмысын отбасы мектебінен бастап, қоғамның әрбір саласында үздіксіз жүргізгенде ғана жеңіске жетеміз деп есептеймін.
– Теріс ағымдарға еру фактілері әлі де жиі кездеседі. Сіздіңше, жастар радикалды көзқарасқа не үшін тез иланады? Қалай ойлайсыз ақпараттың көптігінен бе, әлде рухани аштықтан ба?
– Теріс ағымның идеологиясы вирус іспетес жұмыс істейді. Бұл вирустың қауіптілігі қолмен ұстап, көзбен көре алмайсыз. Адамның санасына орнығып, алдымен адамның өзін, сосын отбасын, ақырындап қоғамды улайды. Теріс ағым адамдарды жас, кәрі деп бөлмейді. Кімде қызығушылық болса сол азаматтар тезірек ереді. Ендеше теріс ағым тез иланудың негізгі екі факторы бар. Сыртқы әрі ішкі. Сыртқы факторларына алпауыт мемлекеттердің өз саясаттарын жүргізуде дінді құрал ретінде пайдалану және теріс ағым өкілдерінің діни мәтіндерді бұрмалауын жатқызсақ болады.
Ал ішкі факторларына келетін болсақ, біріншіден, оларға ерудің басында діни сауатсыздық тұрады. Екіншіден, әлеуметтік желідегі ақпараттар ағыны. Шетелдік аты-жөні белгісіз жалған ұстаздар әлеуметтік желі арқылы түрлі тақырыптарды тарқатып, адамның санасын улайды. Үшіншіден, адамның қоршаған ортасы, оның ішіне жұмыс орны, дос-жарандары, тіпті туған-туыстарын да қоссақ болады. Төртіншіден, күйзеліске түсіп, психологиялық тұрғыда қиналып жүргендер де теріс ағымның құрбанына айналады. Өйткені жат ағым өкілдері мұндай адамдардың қасынан табылып, іші-бауырына кіріп жарасын жазуға тырысады. Олардың сезімге бағытталған жылы сөзіне алданған жандар, топтың арасына қалай түскенін сезбей де қалады. Бесіншіден, жат ағым өкілдері тұрмыстың тауқыметін тартып жүргендерге материалдық көмек көрсетіп, сеніміне кіргеннен кейін өзінің теріс бағытын тықпалай бастайды. Алтыншыдан, ата-анасынан дұрыс тәрбие, дұрыс бағыт-бағдар алмай қараусыз қалғандар. Жетіншіден, ата-ананың өзі теріс ағымда жүргендіктен бала-шағаларын да сол ағымның ықпалымен жүргізетіндердің толықтыратыны өкінішті. Сегізіншіден, өзіне өмірлік өнеге тұтып жүрген тұлғалардың ықпалын да жоққа шығара алмаймыз. Аталмыш тұлғалар теріс ағымның жетегіне түссе, арқасындағы жанкүйерлері де еріксіз еріп кете беретіні шындық.
Мұнымен қалай күресуге болады деген сұраққа келетін болсақ, мұның бір ғана жолы бар ол – білім-ғылым. Құран адамзатты ең алдымен білім-ғылымға шақырады. Ең алғашқы аяттың «ОҚЫ!» деп басталғаны, сөзіміздің айғағы. Ғылым жоқ жерде даму, өркендеу, мәдениет те болмайды.
– Соңғы кезде ажырасу көбейді. Мешітке неке қиюға келген жастардың бәрі отбасын сақтап қала ала ма? Әлде біз үйленуді оңайлатып, жауапкершілікті әлсіретіп алдық па?
– Ажырасу қоғамдық дертке айналды. Мұның себептерінің тамыры тереңде жатыр. Отбасылық тәрбиенің жетіспеушілігі, түсініспеушілікке, мәселені шеше алатындай қабілеттің жоқтығына, бір-бірлерін құрметтемеу сияқты келеңсіздіктерге соқтырады. Сондай-ақ ажырасу ең алдымен адам, махаббат, неке, отбасы, бала деген ұғымдардың құндылығын жете түсінбеуден туындайды.
Отбасын сақтап қалудың жолы үйленбей тұрып басталады. Үйленетін жастар ең алдымен өмірдегі өзінің жауапкершілігін білуі қажет. Ол үшін өз-өзін тану керек. Өзін таныған адам өзін құрметтеуді, өзіне не керек екенін, өзінің бойындағы кемшіліктерімен күреседі. Ал өзін құрметтейтін адам өзгелерді де құрметтеудің жолын білетін болады. Отбасын сақтап қалатын құндылықтардың қатарын махаббат, бір-біріне деген сенім, адалдық, түсінісу, рухани түйсіну, достықпен толықтыруға болады. Ақын Мұхтар Шаханов «Жетінші түйсік» деген өлең шумақтарында отбасын сақтап қалудың тамаша түйінін көрсетіп берген:
«Жұбайың досың болды ма самғатқан сенім шырайың,
Нақ сондай ұлы бақытты берді ме саған құдайым?
Ойнай ма оның көзінде сезім мен рух жарқылы,
Ұға ма ол шаттық-мұңыңды жетінші түйсік арқылы?
Ұқпаса...
Ісің секілді дауылда мұзға жаққан от,
Рухани терең түйсіну жоқ кезде махаббат та жоқ.
– Жаңа Конституцияда неке дегеніміз ер мен әйелдің одағы деп нақтыланды. Мұны отбасылық құндылықтарды қорғау тетігі деп бағалай аламыз ба? Кейбір сарапшылар бұл өзгеріс қоғамдағы ЛГБТ қозғалысының ықпалын шектеуге бағытталған қадам дейді. Сіздіңше, бұл құқықтық норманың негізгі мақсаты неде?
– Жаңа Конституцияда неке дегеніміз ер мен әйелдің одағы деп нақтылануын отбасылық құндылықтарды қорғау тетігі деп бағалай аламыз.
Жаңа норма – конституциялық деңгейде отбасы мен неке институтын қорғаудың құқықтық тетігі. Бұл сондай-ақ қоғамның дәстүрлі моделіне сай реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Оның ЛГБТ қозғалысына әсері болуы мүмкін. Өйткені Конституцияда некені нақты түрде ер мен әйел арасындағы одақ деп жазу заңды түрде біржынысты жұптарды некелік статустан айырады. Бірақ негізгі мақсаты – Қазақстандағы отбасылық құқықтық жүйенің айқын әрі тұрақты түрде реттелуін қамтамасыз ету деп білеміз.
– Ауылдардағы мешіттердің тыныс-тіршілігі қандай? Байқауымызша, көп ауылдардағы мешіттердің есіктері құлыптаулы тұрады. Ауылға сауатты ұстаздарды алдырту, шәкірттерді тәрбиелеу бойынша қандай қиындықтар бар?
– Бүгінде Төлеби ауданында 65 мешіт бар. Барлық мешіт имам-молдалармен қамтасыз етілген. Есіктеріне құлып салынбаған. Халыққа қызметте. Ал енді ауылға сауатты ұстаз алдырту мәселесі өзекті. Оқыған жастар ауылға барып қызмет еткісі келмейді. ҚМДБ ның төрағасы, бас мүфти хазірет Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасы, қолдауымен шалғайдағы имамдарды ең төменгі жалақымен қамтамасыз етіп отырмыз. Бірақ жастарды аз айлықпен жұмысқа тарту мүмкін емес. Кейбір ауылдарда халық саны аз, өздеріне сай жамағаты бар. Мұндай ауылдарға жастар жұмыс істемейді. Оқыған жастар облыс, қала-аудан орталықтарында қызмет атқарғысы келеді. Десек те, ауылдағы имамдардың сауатын көтеру үшін Төлеби аудандық орталық мешітте арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өткізіп тұрамыз.
– Соңғы жылдары ауызашар дастархандары кейде жарысқа айналып кеткендей көрінеді. Ысырап пен мақтан араласқан жерде оразаның мәні жоғалып кетпей ме?
– Ауызашар беру өте үлкен сауапты іс. Дегенмен сауапқа кенелу үшін де белгілі бір шарттарды орындауға тура келеді. Ең алдымен ниетті туралау керек. Ниет Алланың разылығын алу. Екіншіден, дастархан жасағанда бәсекелестіктен аулақ болу керек. Пәленшенің дастарханынан асырып тастайын деген ой болмауы тиіс. Дастарханға қойылған астың адалдығына, пайдалы әрі тазалығына мән беріп, шектен тыс ысырапкершілікке бармау, аса қымбат тағамдар болмауына баса назар аударған жөн.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Аида ӨТЕП


