ҰБТ-дағы қымбат сыйлықтарға қатысты министрлер шүйлікті
Қазақстанда репетиторлық орталықтардың ықпалы күшейіп, кейбірі ҰБТ-дан жоғары балл жинаған оқушыларға көлік пен қымбат сыйлық тарата бастаған тұста Оқу-ағарту министрлігі бұл саланы заңмен реттеуге кірісті. Енді мектеп мұғалімдерінің өз оқушыларына ақылы репетитор болуы заңмен тыйым салынуы мүмкін.

Үкімет отырасынан кейінгі өткен брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова репетиторлық орталықтардың жұмысына қатысты заң аясында өзгерістер енгізіліп жатқанын ескертті.
"Онда репетиторлық орталықтардың жұмысы, салық төлеуі, балалар мен ата-аналар алдындағы жауапкершілігі қарастырылады. Сонымен қатар мектеп мұғалімдерінің өз оқушыларына қосымша ақылы сабақ өткізуіне тыйым саламыз. Яғни мұғалім өзінің сабақ беретін оқушысынан қосымша қаржы ала алмайды", – деді вице-министр.
Сондай-ақ ол жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға қымбат сыйлық ұсынып жатқан орталықтарға да пікір білдірді. Айтуынша, бұл әзірге әр орталықтың жарнамалық тәсілі. Алайда алдағы уақытта заңнамалық өзгерістер қабылданғаннан кейін бұл мәселе де қайта қарастырылуы мүмкін.
Ғылым және жоғары біліми министрі Саясат Нұрбек те ҰБТ-ға дайындайтын білім беру орталықтарының жоғары балл жинаған талапкерлерге қымбат сыйлық беруіне қатысты пікір білдірді. Министрдің айтуынша, кейбір орталықтар бұл мәселеде "асыра сілтеп" жіберіп жатыр.
Саясат Нұрбектің сөзінше, ата-аналар балаларына сапалы білім беріп, жоғары нәтиже көрсетуі үшін бар мүмкіндікті жасауға тырысады.
"Бізде азиялық менталитет бар. Ата-аналар балаларына оқуға түсу үшін ең жақсы мүмкіндік бергісі келеді. Қытайда репетиторлық қызмет заңмен тыйым салынған кезде үлкен көлеңкелі нарық пайда болды. Жасырын түрде оқушыларды емтиханға дайындайтын репетиторлар көбейіп, олардың қызмет ақысы тіпті қымбаттап кеткен", – деді министр үкіметтегі брифингте.
Саясат Нұрбектің пікірінше, кейбір дайындық орталықтары жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға қымбат сыйлық ұсынып, қоғамда шамадан тыс дүрбелең қалыптастырып отыр.
"Бұл – маркетинг. Яғни “біздің орталыққа келсеңіз, балаңыз ең жоғары балл жинай алады” деген жарнама тәсілі. Бірақ кейбір орталықтар бұл жерде шектен шығып кетіп жатыр. Соның айналасында үлкен ажиотаж жасайды", – деді министр.
Сонымен қатар ол оқушылардың ҰБТ-дан репетиторсыз да жоғары нәтиже көрсете алатынын айтты. Министрдің мәліметінше, былтыр тестілеуде ең жоғары – 140 балл жинаған талапкерлердің басым бөлігі емтиханға өз бетінше дайындалған.


