Тұрдыбек МАЙДАН, режиссер, суретші: Біздің қоғам сөз емес, іс қуатын кез екенін ұғуы тиіс

Oinet.kz 22-10-2020 2300

Есейдік. Ес кірді деп бағаладық. Ақ көңілге кір жұқтырып, асыл мінездерді тоздырдық. Ғажайыпқа сенуден қалдық. Есеюді ғажайыпқа сенбеумен өлшедік. Балалығымды Уолт Дисней компаниясының өнімдерінен іздейтінмін. Таба алмадым. Бірде құрбыммен «Мұзбалақ» толықметражды көркем анимациялық фильмін тамашаладық. Қуандым. Ояндым. Сынның тырнағына жиі ілінетін саланың жаңа тынысын сезіндім. Қиялын тонатпай, елге пайдалы өнімдермен қуантып жүрген шығармашылық топтың тұлғасы жалпыға қызық болар. "Мұзбалақ", "Тастүлек" және "Ақ құс" фильмдерінің режиссері жəне қоюшы суретшісі Тұрдыбек Майданмен әңгімелескен болатынбыз. 

image.png 

– Дүниедегі ең қымбат тауар – идея.  Осыған дейінгі жұмыстарыңыздың концепциясын әлемге үні бар деп бағалар едім.  Бір ғана 67 минуттық "Мұзбалаққа"  22 ай арнау зор еңбек.  Идеяңызды қалай шыңдайсыз?

– «Титаник» фильмінің режисері  Джеймс Кэмерон идеясын 10 жыл жетілдіріп, «Аватар» фильмін жарыққа шығарған. Техниканың дамып, қиялындағы композициямен тең дәрежелі болуына жылдарын арнап күткен. Идеяны жүзеге асыруға табандылық керек. Табандылық – табыстың кілті.

«Мұзбалақ» фильмінің идеясы – ұлттың өзіне тән ерекшелігі мен құндылығын танытуға негізделген.  Жаратқанның жаратылысқа берген қасиеттерін адамзат үлгі етеді. Біз – ұлы даланың жұрты,  қыран тектес халықпыз. Қазақтың бүткіл дүниетанымы қыранның болмысымен гармониясы бар секілді сезіледі, тіпті Туымызда да қыран бейнеленген. Қазақтың бар қасиеті: қайсарлығы, аңғалдығы, досқа адалдығы, шыдамдылығын бүркіт образын бейнелеу арқылы жасадық. Әр адамда идея түрліше туады. Құндысы – идеяны жүзеге асыру. Мен идеямды шыңдау үшін әбден зерттеп, екшеймін. Ойымды жұп-жұмыр етіп аудиторияға ұсыну үшін тап келген қиындықтарға дес бермеймін. 

– Туындыларыңыздың түпкі ойына қарап, таптаурынды бұзуға ұмтылатын адам ретінде таныдым. «Оралман» деген ұғымның айналасында дау көп. Түрлі фактор себебімен шекараның арғы бетін жайлаған қазаққа деген стереотипке толы көзқарасты басқа ракурсқа бұруға талпынбадыңыз ба?

– Талпындым. Дүниенің қай бұрышында жүрген қазақ болса да, оның аты да, заты да, жаны да – қазақ. Сырғыған уақыт кеңістігінде жағдаяттар көп өзгереді. Кезінде бір ұранда болған қазақтың баласы бөлінген шекараның екі жағында қалды. Кітап оқыған адамдар болса, ситуацияға түсініп қарайды. Салауатты ой қорытады.  Қоғамда негатив ой тарататын адамдар да бар...

Атажұртты аңсап, елімнен не алам деп емес, не берем деп келдім. Кенже қалса да, маңызы жоғары, ұрпақтың санасын қалыптастыратын жауапкершілігі зор саланың тетігін ұстадым. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сарындағы мақал бүгінде «ел боламын десең, экраныңды түзе» деп айтылып жүр ғой. Осы ұғымның аясында мойныма жауапкершілікті алып, қолымнан келгенше еңбек етемін.  Қай дәуірде болмасын өзіңді іспен көрсетуің керек. Біздің қоғам сөз қуатын емес, іс қуатын кез екенін ұғуы тиіс. Мен елге деген азаматтық махаббатымды ісім арқылы көрсетуге әр сәтте талпынамын. 

– Өткен шаққа – естелік,  болашаққа – арман  апарады. Ұзақ уақыт санаңызда өмір сүрген "Алтын адам" жобасы уысыңыздан сусып жатса нендей күй кешесіз? Балаларға ақ көңілін ұсынатын Тұрдыбектің өзегін өкініш өртемейді ме?

– «Мұзбалақ» фильмінен соң, «Алтын адам» тақырыбының аясында жұмыс істеуге бел байлағанбыз. «Алтын адам»  2,5 мың жыл бұрынғы өркениеттің, тарихтың, эстетикалық талғамның көрінісі. Бұл персонажды тек тәні алтынмен қапталған адам ретінде емес, ішкі дүниесі бай образ ретінде танытқым келді. Бұл жобаның аясында ізденіс жасадым. Арнаулы мамандарға өз қалтамнан қаламақы беріп, сценарий жаздырдым. Қара шаңырақ «Қазақфильмге» жоба ұсынылды. Ол жақта жұмыс басталып, белгілі себептерге байланысты тоқтап қалды. Қайтадан қозғадық. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылып, «Қазақфильм» тарапынан «Алтын адамды» ұсындық. Қаншама рет бұл жобаға қиянат жасалды. Біраз адам алып қоюға ұмтылғанын жоққа шығара алмаймыз.  Жоғарғы үкіметке хат жазып,  араша сұрадым. Комиссиядан өтіп, қаржысы белгіленді. Жоба «Қазақфильмнің» табалдырығында тұр. Әрине, бұл жобаға таласушылар әлі де көп.

 Мен өзім бастаған істі, өзім аяқтайын деген позициясы бар адаммын. Маған бірнеше ұсыныстар айтылды. Санаң мен жүрегіңнен шыққан дүниеге құрметпен қарай алмасаң, өнерден мақұрым қаласың. Мен бұл жобаны жүзеге асыру үшін соңына дейін күресемін. Маған бұйырмаған дүние болса, өзегімді өртейді. Жүрегімнен шыққан перзентімдей туындыны шырылдатып» біреу алып кетіп, соның «тәрбиесінде» жарыққа шықса, фильм соның көзінің ракурсымен шықса, жаныма батады.  Кез келген шығармашылық иесі бұндай ситуацияны ауыр қабылдайды. Жүрегі бар адам бұл жанайқайды түсінеді. Сәтін салса, өзім бастаған істі өзім аяқтауға мүмкіндігім болар деп сенемін. 

– Уолт Диснейдің көзі тірісінде жұмысшылары сайдың тасындай сараланып алынса да,  жалақының аздығына ереуілдетіп тұрған екен.  Рухани азықпен қамтып отырған қазақ анимациясы тән бағуға қауқарлы ма? 

– Министрлік тарапынан киноқорды қаржыландыру шетелдік фильмдермен салыстырғанда аз. Дегенмен телеарналардың бюджетінен едәуір көптеу. Анимация саласында жақсы мамандарды тартып, «риза» етпесе де, қанағаттандыруға болады. «Балапан» телеарнасындағы тапсырыстардың бюджеті аз, сұраныс жоғары. Маңайымда шоғырланған мамандар нағыз майталман, осы салаға жанын беретін, азға қанағат етіп, көпке салмақты жанармен қарай біледі. Мегаполис қалада өмір сүру оңай емес. Кей мамандар сабыр сақтамай өзге салаға бет бұрады. «Шықпа жаным, шықпаның» кері болса да үмітсіз шайтан. Ертеңгі күнге артар үміт мол. Орнында бар оңалар. Қазақ тілді аудиторияның сұранысына үміт артамыз. 

– Білім жоқ жерде, қиял-қысыр, арман-ада. Ішкі мәдениетіңізді қалай арттырып отырасыз? 

– Бүгінде бәрі білімді. Қазіргі қоғамды баяғы қазақпен салыстырғанда көп толғанамын. Ешқандай консерватория бітірмеген Құрманғазы, ешқандай университет бітірмеген Абай әлемге үні бар тұлға болды. Қазір білімді дипломмен, оқу орнының престиждігімен өлшеп жатады. Мен оған келіспес едім. Мәдениетті екі ракурста қараймын: сыртқы және адамның жан мәдениеті. 

Керемет мәдениетті көрініп жүрген кісілер көп. Жанына үңілсең, жұтаңдыққа тап келесің. Сондайды көрсем, жаным ауырады. Біздің қазақта мәдениетті деген ұғым бұрын болмаған. «Текті» деген ұғым болған. Тектілік ғасырларда қалыптасқан өркениеттің шыңы деп ойлаймын. Бұқар жырау:  Таудан аққан тас бұлақ,

Тасыса құяр теңізге,

Жаманнан жақсы туса да,

Жақсыдан жаман туса да,

Тартпай қоймас негізге, - деген. Бұл жерде «негіз» деп айтқаны тектілік дегенге саяды. Мен мәдениеттілікке қарағанда қазақилыққа көп жүгінемін. Біздің ұлтқа тән танымымыз бар. Менің санамдағы мәдениеттіліктің шеңберіндегі әрекетім өзге ұлтқа оғаш көрінуі мүмкін. Руханилықты, мәдениеттілікті өзіміздің қазақи болмысымыздан іздеймін. Өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтасақ қана, өркениет көшіне ілесеміз. Ананың мәдениетін жұлып алып, мынаның мәдениетін жұлып алып қабылдасақ, құраққа айналамыз. Бөлшекке айналып мәдениет жасай алмаймыз. 

Жанымның шөлдейтін, руханиятымның әлсірейтін кезінде Ұларбек Нұрғалым секілді досым, алдыңғы буын ел ағаларымен әңгімелесемін. Сол арқылы рухымды арттырамын.  Сол кісілерден ізеттілікті, ақсүйектікті, мәдениеттілікті көремін. Солай сусындаймын. Адамды орта қатты өзгертеді ғой. Бәрі орта қалыптастырумен байланысты. Жақсымен дос болуға, сөйлесуге, жолдас болуға талпынамын. «Адамнан адам тәлім алады, ағаштан ағаш реңін алады» дейді ғой халқымызда. 

– Қазақ анимациясына қазақ көрермені жетіспейтінін айтқан екенсіз. Ойласам, «зор кем дүниемен» тең жоқтық. Туған жерін артқа тастап келген Тұрдыбек не іздеді? Не жоғалтты? Не тапты? 

– Қазақ анимациясы қазақ тілімен бірге жетімнің күйін кешіп тұр. Қазақ тілін, қазақи болмысын, сөздің  мән-мағынасын түсініп өспеген бала қазақ анимациясын көре алмайды. Құрсақта анасы қай тілде сөйлеп, нені біліп, нені тыңдағаны баланың тұлғасында қалыптасады. Анасы шетелдік өнімдер қарап, өзгенікін зор, өзінікін қор санап жатса, ұрпақ санасы сол деңгейде қалыптасады. Баланы тәрбиелеу ата-анасының өзін тәрбиелеуімен байланысты. Бала айтқаныңды емес, істегеніңді қайталайды. Балаға «қазақша көр!» деген ата-ана шетелдік телеарна қараса, балада шетелдік өнімді көреді. 

Менің ғана емес, шетелдегі 5 миллион қазақтың өзекжарды мәселесі деп ойлаймын. Себебі Отаныңа келгенде туған жеріңді тастауға тиістісің. Бәріміз көк тудың астына жиналатын кез келді. Сол үшін осылай шешім қабылдадық. Оған мен ешқашан өкінбеймін. Мүмкін шекараның арғы бетінде қалған жер ғасыр өте қазаққа қайтып келер. Алдағы істі Алланың еншісіне қалдырсақ. Мен сол жақта білім алдым, отау құрдым. Мен өз Отаныма бір ағаш болса да егуді қаладым. Елге келіп еңбек сіңіруді қаладым. Отаным маған білім берді. Қазақстанға келгенде Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында «Анимация режиссурасы» мамандығында грант негізінде оқуға қабылдандық. Қазақ мультипликация өнерінің негізін қалаушы Әмен Қайдаровтан тәлім алдым. 

Ректормен бірге үздік 10 студент 2008 жылы Пекинге оқу іс  тәжірибесінен өтуге баратын болдық. Емтихандар әлі аяқталмаған еді. Есімі жадымда қалмаған екен, ағылшын тіл пәнінің мұғаліміне мән-жайды түсіндірдім. Ағай жол жүргелі жатқанымды ескеріп сұрақ сұрап қинамай, баға қоюға келісті. Тек бір нәрсеге уәде беруімді өтінді. Сапарымнан бір зат әкелуді тапсырар деп топшалап едім. Ұстазым: «Тұрдыбек, бір өзің Қытайдан 100 қазақты елге көшірем деп уәде берші» деген болатын. Ол сөз санамда жатталып қалды. Жүз қазақ келмесе де, біршама адамның көшуіне көмек қолымды создым (күлкісінен толқыныстың табы байқалды Б.Ә). Елге қаншалықты керек екенімді түсіндім. Қатты жақсы көретін адамның бар екенін көргенде, қатты қуандым. Жақсы сөз – жан азығы дейді ғой. Менің жаныма сол сөз зор азық болды. 

Мен тәуелсіз елімді іздедім. Ештеңе жоғалтпадым. Өз Отанымды таптым, менде бәрі бар. 

–Әңгімеңізге көп рақмет.  Бір тудың астында біріккен қазақ руханиятына қызмет етуіңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Балерке ӘСІЛХАН


Лира Қоныс, жазушы: «АҚШ-та да БАҚ қуатты топтардың мүддесіне қызмет етеді»
Салтанат МАДИЯРҚЫЗЫ, ақын: Қазір барлық адамға көмек керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу