Лира Қоныс, жазушы: «АҚШ-та да БАҚ қуатты топтардың мүддесіне қызмет етеді»

Oinet.kz 15-10-2020 1793

Университет қабырғасында оқып жүргенімде кітапты барынша көп оқуға тырысатынмын. «ҚазҰУ студенттері оқуы тиіс 100 кітап» тізімі бар еді.  Жатақханадағы қыздармен сол тізім бойынша жарыса кітап оқып, артынан талдауды қолға алғанымыз есімде. Байқасақ, оқыған туындыларымыздың  көбісі сол ХХ ғасыр әдебиетіне тиесілі еді. Мектеп бағдарламасынан естіп келе жатқан ақын-жазушыларды тереңдей танығанымызға мәзбіз. Бірде оқытушымыз постмодернизм бағыты туралы лекция оқыды. Сонда «Қазіргі қазақ әдебиетінен және жас жазушылардан кімдерді оқыдыңдар?» деп сұрақ қойып, біз естімеген бірнеше есімдерді атады. Аудиоторияның 90 пайызы ХХІ ғасыр әдебиетінен хабары жоқ болып шықты. Апайымыз оқу жылы кезеңі аяқталғанға дейін оқып шығуымызға бірнеше ақындардың тізімін берді, арасында Лира Қоныс есімді жазушы да бар еді. Алғаш рет «Менің Аяным» шығармасын оқып талдағанымыз есімде. Артынан оның мықты, өткір материалдарымен танылған журналист екенін де білдік. Жақында Лираны инстаграмнан тауып алдым. Қазіргі таңда АҚШ-та тұрып жатыр екен. Біз электронды пошта арқылы шағын әңгіме-дүкен құрған едік.

101024534_723291474920432_1577067875694744827_n.jpg

– Лира Қазақстаннан сәлем! Cоңғы рет елге қашан келдіңіз? Түбегейлі оралу ойда бар ма?

– Қызық болғанда, биыл ел жаққа барып-қайтайық деп жолға жиналып отырғанда, «мен ұрлық қылғанда ай жарық болдының» кері келіп, мына тұмаудан соң тоқтадық. Ал, елге біржола қайту әзірге мүмкін емес шығар. Өйткені, Қазақстанда менің академиялық мансабымды ары қарай жалғастыратын форма, қаржыландыратын нүктелер жоқ.

– АҚШ сізді несімен баурап алды? Ой, идея, таным жер мен ел ауыстырғанда қаншалықты өзгерді?

– Өзгеріс ұшақтан түсіп, Facebook статусын алмастырған кезде-ақ басталады. Елден кетерде адам өзін туыстарынан, достарынан алшақтауға дайындайды. Бірақ, мүлдем басқа ағаштар мен өсімдіктер, мүлдем басқа иіс шығатын ас үй секілді жергілікті атмосфераға дайындалмайды. Нәтижесінде шетелге жеткен соң барлығына қорқа қарау, ешкімге сенбеу, әжетхананы көрсететін белгі мен таңғы асқа ботқа сатып алу дағдысына дейін өзгерген ортада мәдени күйзелісті бастан кешеді. Шетелде өмір сүру қандай үлкен мүмкіндіктер берсе, адам сол өзгерістер үшін өзінде бар құндылықтарды жоғалтады да. Мысалы, жаңа достар табады, осы жерде айта кетейін, әсіресе, АҚШ-та фантастикалық адамдармен достасуға мүмкіндік бар. Бірақ, елде қалған ескі достармен байланыс азаяды. Байланыс дегенде енді қазір бетпе-бет сөйлесетін желілер көп қой, бірақ, әңгімеге арқау боларлық жаңа естеліктердің болмауынан елдегі достармен қарым-қатынас баяулайды. Жаңа нәрселермен танысу мүмкіндігі ашылады, бірақ, елге деген сағыныш ұлғаяды, бірақ бұл ауыр меланхоликтерге ғана қатысты. Бәрі өзгеріске түседі ғой, тіл, мәдениет, ауа-райына дейін. Дегенмен, жаңа континентке көшетін орай болса ойланбастан жолдорбаңызды жинай беріңіз, бұл сіздің өміріңіздегі ең жақсы мүмкіндіктің бірі. Білім алу, жаңа ортаға ену, тіл үйрену, жаңа мәдениетті үйрену, тіпті, бұрын-соңды дәмін көрмеген жаңа тамақ жеудің өзі үйлесе келе адамға күш беріп, қоныс аударудың рухани және әлеуметтік қиындықтары ұмытылады. Байқаймын, шетелде қоныс аударған көп адам патриот боп кетеді. Шынымды айтсам, елде жүрген кезде айт, наурыз секілді мерекелерді атап өткеніміз болмаса, ешқашан отбасымызбен Тәуелсіздік күнін тойламаған едік. Ал, мұнда бұл күнді Жаңа жылдағыдай дастарханмен, сән-салтанатпен атап өтеміз. Мен қазір үйде ұлттық мәдениетіміздің қорғаушысына айналғанмын. Сөйте тұра, АҚШ-та ұлттық дәстүрді сақтау қиын емес, онсызда бұл елдің адамдарында екі мәдениет бар. Бірі – америкалық мәдениет, екіншісі – тұрғындардың өз отандарынан ала келген ұлттық мәдениеті. Осыдан кейін шығар, бұл елде мен өзімді туған үйімде жүргендей сезінемін.

– Қазіргі таңда немен шұғылданып жүрсіз?

– Қазір лингвистикалық жобалармен айналысамын. Оның ішінде Солтүстіккореялық корей тілінің Кеңес одағы корейлері диалектісін, орыс-қытай аралас тілін және Сібірдегі жоғала бастаған, нақтырақ айтсақ, 25-600 ғана сөйлеушісі бар, жоғалған деуге де болатын түркі тілдерін зерттеймін. Қазір бірнеше жылдан бері жинақталған әңгімелерімді шағын екі кітап етіп шығаруды қолға алудамыз.

– Сонда журналистикадан қол үздіңіз бе? 

– Біріншіден, журналистикадан мүлдем кеттім демеймін, құдай өмір берсе, бір күні ораламын. Журналистика деген біздің планетамыздың шындығы ғой, бұл адамдардың еркіндігін қорғайтын модель. Мұны нақты мамандық деуден гөрі, көптеген саланың ортақ ақпарат беру жиынтығы деу дұрыс. Сұхбат алу немесе жаңалық жасау – бұл журналистикалық пейзаждың бір бөлігі ғана және соңғы жиырма жылда бұл сала көптеген идеялармен толықты. Әлемге қайнаған идеяларды алып келді. Мысалы, қараңыз, Тур де Франс деген өте танымал вело-жарыс журналистердің арқасында дүниеге келген. Аудандық газеттің таралымын арттыру үшін бірдеңе ойлап табу керек болып, өңірде бір жұмаға созылатын веложарыс өткізу идеясынан соң өмірге осы жоба туды. Мүмкін алдағы уақытта ақпараттық платформалардың бірінде жұмыс істермін. Әзірге ғылыми жобаларға байланысты бұл мақсатым тоқтап тұр.

– АҚШ журналистикасы мен Қазақ журналистикасына салыстырмалы түрде қандай баға берер едіңіз? Бізге не жетіспейді екен?

– Мен бұл сұраққа қатысты қандай критерийлер арқылы рейтинг құру керектігін білмеймін, бірақ, біздің елмен салыстырғанда АҚШ-та баспасөз еркіндігі салыстыруға келместей жоғары. Егер сіздің басылымыңызда зорлық, порнографиялық сипат болмаса кез-келген пікіріңізді жариялай аласыз. Әйтсе де, мұнда да БАҚ қуатты топтардың мүддесіне қызмет етеді. Журналистер өз жобасын қаржыландыратын мекемеге қатысты шындықты ешқашан ашық айтпайды. Ал, бұған қарама-қарсы Ақ Үйдің дәл алдында шын мәтінде төсек салып жатып алған билікке қарсы адамдар өте көп. Яғни, бұл АҚШ-та сөз бостандығы деген нәрсе тек көшеде деген мағынаны білдіреді. Дегенмен, өз тақырыбын жете зерттейтін сарабдал журналистер мұнда да жетіспейді. Өйткені, журналистер қазір бір мекемеден ғана жалақы алмайды, ол бір мезгілде бір газеттің журналисті, брендтік дүкеннің жарнамасын жасаушы және ақылы ақпараттық желілерде шолушы болуы мүмкін. Мұндай қарбаластық статистикалық анализ, сапалық, деректік тексеруі аз мақалалар туындатуда. Ал, Қазақ журналистикасына АҚШ-тан ақпаратты өте жылдам беру үлгісін үйрену керек шығар. Мұнда бір оқиға болса, үш минуттан соң ресми парақшаларда жарияланады. Ал, біздің елде ше? Кем дегенде жарты күн, онда да ақпаратты қандай сипатта береміз деп билікпен ақылдасамыз деп жүргенде жұрт уатсаппен бір-біріне таратып, халық ақпараттың жалғаны қайсы, шындығы қайсы деп айыра алмай дүрлігеді.

– K-pop-қа қызығатын көрінесіз. Біздің елдегі кей ер-азаматтар, кейбір қоғам белсенділері оның ішінде өнердегі аға буындарымыз бар «Ninety One-ды» жерден алып, жерге салып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс немесе бұрыс?

– Біріншіден, әркімнің талғамы өзіне құнды, ешкімге барып мынауың ерсі, мынауың дұрыс деп шешім айта алмайсыз. Біреу Моцарттың пианиноға арналған 22 нөмірлі концертін ғана тыңдаушы ем десе, енді біреу традициялық фольклордың фанаты, музыкалық сипаттамасын темірді- темірге ұру десе айқынырақ болатын, тыңдарманға әуен ләззатынан гөрі құлағына саңыраулық әкелетін Danger Music деген жанрды да тыңдаушы бар. Екіншіден, әлгі танымал “Каннам стайл” деген клипті көре сала, К- pop туралы білемін деп ойлау қате. Сіз білесіз бе, Холивудтық фильмдерде ақ нәсілді әртістің бағы әлі күнге шауып тұр. Ал, ондағы қара нәсілділер қанша? Саусақпен санарлық Уилл Смит, Едди Марфи, Морган Фримэн деген танымалдарды есепке алмаймыз. Бұл киноларда қара нәсілді актер - ақ нәсілді кейіпкердің ат-қорасын тазалаушы ма, күзетшісі ме, сондай төртінші, бесінші пландағы рөлде жүреді. Оны да режиссер “нәсілшілдікке қарсы цензуарадан өтпей қалмайын” деген сақтықпен қосқан. Ал, мұндай жағдайда азиялық нәсілді ондай биіктерден көремін деп ешкім армандамайтын. Чанның арзанқол төбелеске құрылған киноларын тықпаламаңыз. Бірақ, дәл осы K-pop соңғы он жылда Американы индустриялап алды. Демек, “сырға таққан жігіттер” деп байбалам сала бермей, әлем неге осылардан көз алмай қалды екен деп ойлану керек, көру керек. Анау талғампаздық, түстердің тенденциясы, костюмдер, графикалық эффектілер, макияж, шексіз перфекционизм, хореография... Біз сахнада тек кемпірқосақ түсті әдемі дүниені көреміз, ал оның астарында қанша еңбек жатыр. Бұл жәй ғана ақша келтіруге негізделген маркетингтік жоспар емес. К-pop көрерменге Батыстың поп мәдениеті, Еуропалық эстрада ұсына алмаған нәрселерді берді. К-рор қазір дүние жүзіндегі ең танымал музыкалық форма және өте жақсы нарық.

– Лира Қоныс шабытты қайдан алады?

– Шабытты нақты бір жерден ала алмайсыз, шабыт деген адамның жүріп өткен жолындағы өмірлік тәжірбиесі. Оқылған кітап, қаралған видео, тыңдалған подкасттар мен жіберілген көп қателіктер жинақтала келе адамды шыңдап, қандай да бір жұмысты сәтті атқаруға үйретеді. Меніңше, осы шабыт. Ал, менің көп достарым шабытты балаларымыздан аламыз дейді, жаңсақ пікір. Балалар бізге белгілі бір шамада мотивация ғана бере алады.

Сұхбаттасқан: Мария Сәулебекқызы

Абай ҚАЛШАБЕК, ұстаз, ақын, аудармашы: Мен үлгі алған адамдар өмірде жоқ
Тұрдыбек МАЙДАН, режиссер, суретші: Біздің қоғам сөз емес, іс қуатын кез екенін ұғуы тиіс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу