Сәкен Сыбанбай: Қазіргі журналистикадан этика талап етудің өзі қиын

Oinet.kz 20-05-2022 1895

Screenshot_3.jpg

– Сәкен Әбдіғаппарұлы, дәл қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені бірі тілге қатысты. Украина мен  Ресей арасындағы соғыстың бір ұшы орыс тіліне барып тіреледі. Ресей орыс тілінің Украинада мемлекеттік тіл болғанын талап етіп отыр. Бізге де осындай ескертулер, талап қою сценарийі болуы мүмкін бе?

– Ескерту дегенің қаншама жылдан бері жасалып жүр ғой. Ресей билігі өзінің шовинистік пиғылын үнемі Жириновский, Федоров, Никонов сияқтылардың сандырағы арқылы білдіріп келеді. Қазақстандағы орыстардың жағдайын ойлағыш Путин орыс тілінің біздің еліміздегі осы пәрменділігі сақталғанын қалайды. Біздің билік қай мәселеде де әрдайым Мәскеудің қас-қабағына қарап отыратыны белгілі. Ал тіл мәселесінде тіптен! Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай қызмет етуін талап ететін тіл күрескерлері не үшін үнемі қуғындалады? Қуат Ахметов не үшін елден кетті? Себебі біздің билік Ресейге тәуелді. Солар ашуланып қалмасын деп жаны шыға жаздап, жан ұшыра өз азаматтарын қудалайды. Оларға қазақ тілінің жағдайын ойлау автоматты түрде орыс тіліне тыйым салу секілді көрінеді. ҚР Конституциясындағы 7-баптың 2-тармағын («Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады») алып тастай алмай отырғанымыз да сол себепті. Біріншіден, солтүстіктегі мазасыз көршімізден жасқанамыз, екіншіден, өзіміздің орыстілді билік те орыс тілінен оңайлықпен айрылғысы келмейді.

1991 жылдан бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде бұрын КСРО құрамында болған республикалардың көпшілігінде (бірінде батыл, бірінде баяу) отарсыздану үдерісі жүріп келеді. Сол елдердің көбі өздерін кезінде Ресейдің басып алғанын, орыс тілін үстем етіп, ұлт тілдеріне қысым көрсеткенін, жалпы қаншама жыл орыстың отары болғанын ашық айтып, енді ресми Мәскеудің нұсқауына бағынбай, еркін, азат, ұлттық мемлекет құрамыз деп алдарына батыл мақсат қойды. Тіпті отыз жыл бойы осындай саясат ұстанып келе жатқан Латвия, Эстония, Грузия, Түркіменстан секілді елдерде бүгінгі жас буын орыс тілін онша білмейді де. Ресейге жалтақтап отырған тек біз ғана сияқтымыз. 

Ал Ресейде, керісінше, «отар елдерімізден айрылып қалдық, енді оларды қалайша қайтадан қол астымызға қаратамыз?» деген идеология кейінгі жиырма жыл бойына үзбей жүргізіліп келеді. Бүгінгі Мәскеу, жалпы орыс қоғамы Украина, Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Молдова секілді елдерді тіпті «тәуелсіз мемлекет» деп те санамайды, Ресейдің қолтығындағы баяғы кіріптар республикалар деп біледі. Бұл елдердегі орыс тілі басымдығының күшейе түскенін көксейді. Украинадағы соғыс қалай аяқталады – біздің тағдырымыз соған байланысты. Егер Ресей жеңсе, масайраған Путин жоғарыда аталған елдерге көз тіге бастайды. Ал украиндар басқыншыларды өз жерінен қуып шығып, масқараға ұшыратса, Путин тағынан айрылып, билікке дұрыс адам келе ме деген үміт бар.   

– Соңғы кезде медиада адамның жеке басына қатты тіл тигізу, ауыр сөздерді бағыттау, қорлау үдеп кетті. Тіпті кибербуллинг ретінде қаралатын нәрселерді «қалыпты» қабылдап кеттік. Жала жабу, бір адамды жеккөрінішті ету – оңай. Соттасу процесіне көбі «ерінеді». Адам құқығының желіде қамтамасыз етілуі үшін не істей аламыз?

– Оныңыз рас. Әлеуметтік желі қазір біреуді мақтау, мақтанудың да, біреуді қаралап, өш алудың да құралына айналып барады. Кез келген жазбаға қарсы пікір айтқыш, ол ойының қате екенін мың-сан дәйекпен дәлелдеп берсең де, бәрібір өзімдікі жөн деп отыратын тоңмойындар, агрессиялы, жанжалға бейім жандар өте көп. Болмайтын нәрсеге бола қырқысып жатады. 

Ең сорақысы, адамдар әлеуметтік желідегі «достар» пікіріне тым-тым тәуелді боп бара жатыр. Шын мәнінде адамның кім екенін фейсбуктегі немесе инстаграмдағы «жеңісі» не «жеңілісі» емес, нақты өмірдегі іс-әрекеті, қоғамдағы азаматтық ұстанымы, отбасындағы абырой-беделі, жұмысындағы еткен еңбегі танытады ғой. Қазір әке-шешесінен-ақ сұрай салатын нәрсені әлеуметтік желіге жайып салатын, үлкендерден-ақ біліп алуға болатын сұрақты фб не инста бетіне шығарып отыратын жастар аз емес. Мен оларды кінәлай алмаймын. Өйткені қазіргі ата-аналардың көбі білімсіз. Баласының сұрағына жауап бере алмайтын отағасыларды көріп жүрміз. Бала сосын білмеген нәрсесін ғаламтордан, әлеуметтік желідегі «бәрін білгіш» достардан білуге ұмтылады, соларға жүгінеді. Қазақтың дәстүрлі отбасылық институтының қабырғасы сөгіліп барады. Бұл да – ойланатын мәселе.

Бірін-бірі балағаттау, намысына тию, масқаралау көбейіп кетті. Кибербуллингтің өрістеуіне осының бәрі ықпал етіп отыр. Әлеуметтік желіде адам құқығын қамтамасыз ету үшін заңға арнайы бап енгізу керек пе, талап қою керек пе, мен білмеймін. Бастысы, адамның ішкі мәдениеті мен әдебі болуы керек қой. Онсыз ештеңе өнбейді.

– Қазіргі журналистика көпшіліктің пікірін игеру мен елді елең еткізуге құмар. Мүддеге қызмет ететіні айқын байқалып тұрады. Бейтарап ақпарат – аз. Журналистикадағы этика мәселесі қаншалықты сақталып тұр?

– Қазіргі журналистикадан этика талап етудің өзі қиын боп қалды ғой. Тек жанжал іздейтін, хайп қуатын арналар бар. Бір мақаласын бес газетке, алты сайтқа бір-ақ айдайтын жазбагерлер бар. Тапсырыспен ғана жұмыс істейтін жігіттер бар. Мақтағанда да, даттағанда да ар-ұят, «алтын орта» дегенді білмейтін, не көкке көтеріп, шыңға шығарып жіберетін, не жермен-жексен етіп, терең қазып, тепкілеп көміп тастайтын «тым радикал» журналистер де жетерлік. Қайбір жылдары «пресс-релиз журналистикасы» ерекше «өркендеп» еді, қазір қалай екен, білмеймін. 

Дегенмен қаламына ғана сенген, ар-ожданы алдында адал, өзіндік ұстанымынан айнымайтын, кәсібін сүйетін кәнігі әріптестерім де аз емес. Олар бәрін үндемей істейді, у-шусыз тындырады. Сондықтан ештеңе жасамай жатып жарнамасын жалаулата беретіндердің көлеңкесінде қалып қоюы да мүмкін. Бірақ журналистиканың нағыз жауынгерлері солар.     

– Танымал адамдардан бетпе-бет сұхбат алғанда қандай сезімде болдыңыз? Даңқтың көлеңкелі жақтары да бар. Кейбір адамдардың пенделігін байқап, ыңғайсызданған сәтіңіз болды ма?

– Ондай ыңғайсыз сәттер есімде жоқ. Соған қарағанда, болмаған да шығар. Журналист әдетте сұхбаттасатын адамын өзі таңдап, алдын ала зерттеп, дайындалып алады ғой. Сондықтан ба, өзім әңгімелескен танымал тұлғалардан көңілім қалған кезі жоқ. Керісінше, құрметім бұрынғыдан да арта түскен сәттерім көп. Ал кинорежиссер Серік Жармұхаммедов, театртанушы Әшірбек Сығай, жазушы Төлен Әбдікұлы, әнші-сазгер Гауһар Әлімбекова, актерлар Уәлибек Әбдірайымов және Жүсіп Ақшораев секілді сұхбаттастарыммен кейін тіпті жақын араласып кеттік.

Өзің бұрын тек теледидардан немесе газет, кітап бетінен ғана көрген танымал жұлдызбен алғаш жүзбе-жүз кездескен сәтте, әрине, аздап толқисың. Егер оның шығармашылығын, өнерін, жалпы тұлғасын ерекше жақсы көретін болсаң, жүрегіңнің дүрсілі тіпті күшеймек. Бірақ толқып тұра беруге уақыт жоқ, сұрақ қоюың керек, ол кісінің жауабын жазып алуың керек. Әңгіме бірден үйлесіп жүре берсе, сәлден соң-ақ толқуың тарап, бұрыннан танитын адамыңмен сөйлескендей еркіндікке ие боласың. Талай тарланмен сұхбаттасқан соң, тәжірибең молайып, әрине, бұрынғыдай аса абыржи бермейтін боласың.

90-жылдары Ташкентте халықаралық кинофестиваль болып, сонда үнді актері Анил Капурмен сұхбаттастым. Міне, сондағы толқуым әлі есімнен кетпейді. Алдын ала әзірлеп алған сұрақтарымның өзін сәл-пәл тұтығыңқырап барып қойғаным бар. Сосын 2008 жылы Ыстамбұлда түрік киножұлдызы Неджати Шашмазбен әңгімелестім. Ол өте асығыс болды да, «мейрамханадан шығып, автокөлігіме жеткенше ғана сұрақ қоя аласыз» деді. Әрі уақыттың тарлығы, әрі танымал актердің сесі, харизмасы бар – нағыз толқулы да әсерлі сәттің бірі сол болатын.   

– Біз әлемге ресейлік БАҚ-тың көзімен қарайтынбыз. Тіпті кинотеатрлар орыс дубляжын тұтынып келді. Голливуд санкциясынан кейін фильмдер орыс тіліне аударылмайтыны сөзсіз. Бұл жағдаят кедергі ме, әлде мүмкіндік пе?

– Біз әлі де әлемге ресейлік БАҚ-тың көзімен қарап келеміз. «Алма-ТВ» жинағында жүзден астам телеарна болса, соның кемінде 70-сы орысша сайрайды, Ресейден басқарылады. Әрине, оның бәрі саясат туралы айта бермес, бірақ экранымызды солар жаулап алғаны анық. Яғни телекеңістігіміз – әлі отарлаулы күйде. Сайттары мен ютуб-арналары тіптен көп. Қалалардағы аз-кем дүңгіршектерде толып тұрған ресейлік басылымдар. Кейбір коммерциялық телеарналарамыз «Наше кино» деген айдармен Ресей фильмдерін көрсетеді. Ақпараттық бағыныштылық деген сұмдық! Ресейде 89 әкімшілік-аумақтық субъект бар (облыстар, өлкелер, республикалар, автономиялы аудандар, т.б.). Мен кейде «Қазақстан – Ресейдің 90-шы субъектісі» деймін. Әрине, күйінгеннен.

Ал шетелдік фильмдерді бірден қазақ тіліне аудару мәселесіне келсек, бұл – шын мәнінде, керемет мүмкіндік. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, дубляж мәселесін жолға қойып алуымыз керек. Мықты аудармашы мамандарды тарту керек, Ұлттық аударма бюросында жұмыс істегенде бізде шебер аудармашылардың бар екеніне көзім жеткен. Сосын аударылған дайын мәтінді сауатты редакторлардың қолына беру қажет. Ақшасына қызығып, кім көрінген аударып, әр телеарна өзінше қотарып, былыққан жағдайларды көріп жүрміз. Содан сақ болу керек.

– «Күшік құда» фильмін ұнатқаныңызды жаздыңыз. Неліктен халықаралық кинофестивальдерде жүлде алған «Айка» фильмі туралы ой білдірмедіңіз?

– Мұның себебі өте қарапайым: мен «Айка» фильмін әлі көрген жоқпын. Көрмеген фильм туралы қалай пікір білдіремін? «Көрейін» деп талай оқталдым, бірақ еш сәті түспеді. Сөйтіп жүріп ұмытып та кетіппін. Көріп жатсам, міндетті түрде әсерімді жазамын деп ойлаймын. Ал «Күшік құда» туралы жазған себебім – тұсаукесеріне бардым, тамашаладым, ұнаттым. Сол ғана.     

– Футбол мен дін фанатизмге жақын. Спортшы діни сенімін фанаттарына ашық білдіргеніне көзқарасыңыз қалай?

– Ашық білдіргенде қалай? Мәселен, «Ливерпульдегі» Мохаммед Салах немесе «Реалдағы» Кәрім Бензема кеше ауыз бекітіп, бір ай ораза ұстады. Ойын алдында алақан жайып, дұға жасайтын футболшылар бар. Католик спортшылардың крест сүйетін, шоқынатын әдеттерін байқап қаламыз. Мұнда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Фанаттарын әсіредіншілдікке, радикал қадамдарға шақырмаса немесе сол жанкүйерлердің теріс әрекеттерін қолдамаса болды ғой.

– «Спорт комментаторы бол» деп шақырса барар ма едіңіз?

– Бірнеше рет шақырған. Бас тарттым. Өйткені, біріншіден, мен футболға ғана қызығам, басқа спорт түрлерінен онша хабарым жоқ. Екіншіден, дикциям өзіме ұнамайды, тым жылдам сөйлеймін, ең жақын адамдарым да кейде сөзімді түсінбей қалып, қайта сұрап жатады. Оларға ғой, қайта түсіндіріп айтармын, ал телеэкран алдындағы мыңдаған жанкүйер жұртты қайтемін? «Мына быдық қайдан шыққан?» деп күйіп-піспей ме бәрі?.. Ал спорт, оның ішінде футбол туралы жазып жүрмін. «Ала доптың аламаны» деген кітабым да шыққан...

– Шынайы сұхбатыңызға рахмет!

"Рейтинг" газеті

Асхат Жұмабеков: Шәкірттерге өзіңді қорқытып сыйлатқыза алмайсың
Қазыбек Бейсебаев: Билік көсемге емес, халыққа қызмет етуі керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу