Қазыбек Бейсебаев: Билік көсемге емес, халыққа қызмет етуі керек

Oinet.kz 02-06-2022 1622

Screenshot_5.jpg

Қазыбек Бейсебаев, экс-дипломат, саясаттанушы, сарапшы

- Қазыбек Жұмабекұлы, осы жолғы рефендумды өткізбей-ақ, Конституциядағы өзгерістерді парламент арқылы қабылдай салса қайтер еді. Тоқаевтың референдум өткізуінің арғы жағында қандай дипломатия жатыр?

- Негізі референдумда бір-екі ғана сұрақ қаралуы тиіс. Мәселен «Шымкент қаласының атауын Шымқала деп ауыстырғанын қолдайсыз ба?».  Халық бұл сұраққа ия немесе жоқ деп жауап беру арқылы референдумға үн қоса алады. Ал мына өткелі жатқан  референдумда қателеспесем 30-40 шақты өзгерістер қаралып жатыр.  Айтыңызшы, осыншама мәселеге қалайша бір сөзбен жауап беруге болады. Оның үстіне қырыққа жуық мәселенің мән-жайын халық жете түсініп отырған жоқ. Сондықтан мұндай көп мәселелерді референдумға шығарған дұрыс емес. Олар маңызды мәселе болса мейлі еді. Барлығы майда-шүйде өзгерістер. Айталық «Конституциялық  Кеңесті Конституциялық сотқа» ауыстырамыз дейді.  Мән беретін бір ғана мәселе -сайлауға байланысты өзгерістер. Бұрын депутатты партия тізіммен сайласақ, енді  азаматтар  бір мандатты сайлау округі бойынша сайлана алады. Қалғанының барлығы ұсақ-түйек. Сондықтан референдум өткізбей-ақ Конституциялық өзгерістерді Парламентте қабылдай салған жөн еді. Мен осы мәселені арнайы зерттеп шықтым. Бұл Конституциялық өзгерістер бізге ешқандай өзгеріс әкелмейді.  Қазақстанның  басқару жүйесі бұған дейін қалай болды сол қалпында қала береді.  Өйткені біздің Президенттің басқару формасы күшті. Ата Заңымыз бойынша Мемлекет басшысы  Мәжілістің төрағасынан  басқасының  барлығын өзі тағайындайды.  Үкіметтің басшысын, соттарды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшыларын, сайлау комитетінің төрағасын... бәрін Президент тағайындайды. Сондықтан,  мен қайталап айтамын, бұл Конституциялық өзгерістердің аса  маңыздылығы жоқ еді. 16 миллиард теңгені сақтап қалуға болар еді. 

-  Конституцияның 91-бабындағы Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы деген мәртебесі туралы норма алынып тасталуына қатысты не айта аласыз?

- Ешқандай қарсылығым жоқ. Алсын.  Тұңғыш Президент немесе  басқа тарихи тұлға болсын оған баға беретін Ата Заң емес,  халық. Кім қандай болғанын ел  біледі,  істеген ісі халық жадында қалады. Ең жоғарғы баға осы. Мысалы  Кеңес Одағында Қазақстанды басқарған  Дінмұхамед Қонаев  халықтың есінде қалды. Жақында есімін Қапшағай қаласына бердік.  Сондықтан халық әр тұлғаға өз уақымен баға береді. 

- Сіздіңше Жаңа Қазақстан қандай болуы керек?

- Сұрағыңыз өте орынды. Менің жеке пікірім Жаңа Қазақстанға жаңа Ата Заңмен қадам басу керек. Қаңтар оқиғасы еліміздің бүгінгі бетпердесін ашып берді емес пе? Қазақ елі  үлкен қауіп-қатердің ортасында қалған кезде  әскерилер халықты қорғаған жоқ. Алматы қаласында бір апта кәдімгідей соғыс жүріп жатты. Ал ел басына күн туған сәтте Полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары халыққа қорған болудың орнына қашып кетті. Бұл біздің қарулы  күштеріміздің  халықты емес бір кісіні ғана, яғни Президентті  қорғауға арналғанын айқындап берді. Демек, Жаңа Қазақстанда билік халыққа қызмет етуі керек, көсемге емес. Сондықтан жаңа Конституция құратын кез келді. Ең маңыздысы біз Жаңа Қазақстанды құру үшін ұстанымы мықты   жаңа адамдарға жол ашуымыз қажет. Оларға еркіндік беру  керек. Партия құрып, бағдарламаларын халыққа ұсынсын, саяси сахнаға шықсын. Өкінішке қарай, біздің мемлекетте белсенді азаматтарға саяси саханаға шығуға, партия құруға  мүмкіншілік жоқ.  Партия туралы заңда  кедергілер өте көп. Бір қолымызды көтеріп «Жаңа Қазақстан» деп ұрандатамыз, ал екінші қолымызбен сол жаңа мемлекетке кіретін есікті жауып қойып жатырмыз.  

- Жалпы, Ресей-Украина соғысының ақыры немен аяқталады деп ойлайсыз. Еуропа Украинаны өз бауырына тартып,  Еурооодаққа мүшелікке кіргізуге тырысып жатқанын немен түсіндіруге болады. Шын жаны ашыса, мұны осы уақытқа дейін неге істемеді?

- Ресей-Украина арасындағы соғыстың әңгімесі көп. Сіздің сұрағыңызға қысқаша жауап берер болсам бұл қақтығыстың артында жер мәселесі тұр. Украина соғыстың алдында күнбағыс майын эскпорттаудан әлемде 1 орында болса, жүгеріден 5 орын, ал бидайдан 8 орында келген. Яғни жерінің құнарлығының арқасында Украинаның  ауыл шаруашылығы озып тұрды. Екінші мәселе қазір жер бетінде адам саны қатты өсіп жатыр. 2011 жылы планетамызда 7 млрд адам болса, қазір 8 миллиардқа жетті. Он жылда 1 миллиардқа көбейдік. Ал осыншама адамға не керек? Әрине тамақ. Қазір барлық елде бос жер қалмай барады. Яғни егін егетін жер жоқ. Ал жері құнарлы Украинаны өзіне қаратқан мемлекеттің бүкіл әлемге ықпалы болады деген сөз.  Бір қарағанда соғыс Ресей мен Украина арасында жүріп жатыр. Ал негізінде үлкен мемлекеттер сол Украинаға көз тігіп, жеріне таласып отыр. Өкініштісі сол, бұл алпауыттар тартысында қарапайым халық құрбан болып жатыр. Бұл соғыста орыстар басымдық танытып отыр.  Егер олар Украинаның жерін тартып алатын болса, сөзсіз қайтарып бермейді. Біз осы күресте бөлінбей , өзіміздің тұтастығымызды сақтап,  экономикамызды көтеруіміз керек.  Әсіресе ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытып, өндіріс саласын көтергеніміз абзал. 

- Қазіргі таңда Қазақстанның қай елмен сыртқы байланысы мықты және  әлсіз?

- Қазақстанның өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынасы жақсы деп айта аламын. Салыстырмалы  түрде айтатын болсақ  Тәжікстан мен Қырғызстан және Өзбекстан арасында қақтығыс орын алды. Ал бізде ондай проблема болмаған. Көршілерімізбен бүгінге дейін әй-шәй десіп көрмедік.  Әрине біз екі алпауыт мемлекеттің ортасында тұрмыз. Солтүсітігімізде Ресей, шығыста Қытай. Олардың бізге ықпалы бар екенін мойындау керек. Аталған  екі азулы мемлекетпен біз осы күнге дейін бейбіт қарым-қатынас орнатып келеміз. Әсіресе екі елмен сауда-саттық мәселесі жақсы жолға қойылған. Ең бастысы міне, осы. Егер арада сауда-саттық болса онда сол мемлекеттердің қарым-қатынасы жақсы деген сөз. Қазақстанның Еуропамен де байланысы жақсы. Тек мұны әлі дұрыс пайдалана алмай келеміз.  Еуропа елдерімен достық қатынасымызды пайдалана отырып, өнеркәсібімізді одан әрі дөңгелетіп алуға болар еді. Мәселен француздармен неге ауыл шаруашылығын дамытпасқа, немістермен тағы бір саланы өркендетуге болады дегендей. 

- Түркия мен Қазақстанның достығына сүйсіне қарауға болады. Әйтсе де түріктердің бауырмалдығының астарында бөтен ой жатқан жоқ па? 

- Біз түбі бір түркі тілдес туыс  халықпыз. Түріктердің бізді жақын тартуының да басты себебі осы.  Түркиямен рухани, мәдени байланысымыз мықты. Бірақ бұл қарым-қатынасты экономикалық, қауіпсіздік тұрғысынан одан әрі нығайту керек. Жоғарыда айтқандай сауда-саттыққа жол ашсақ, Түркиямен экономикалық байланыс күшейе түсер еді.  

- Жақында фейсбуктегі парақшаңызда африкалық келімсектер туралы жаздыңыз. Жалпы Қазақстанға Азиядан, Африкадан келетін келімсектердің саны көбеюі мүмкін бе? Бұдан келер қандай қауіп бар?

- Алматы көшелерінде соңғы кездері Африка және Ауғанстан тұрғындарының көзге түсе бастағаны рас. Олар студент немесе компанияларда жұмыс істеушілер болса әңгіме жоқ. Ал егер осы екі топқа да жатпайтындар болса олар біздің елге қандай жолмен кірді деген сұрақ туындайды. Себебі Қазақстанның Африка мен Ауғанстанмен ешқандай байланысы жоқ. Бұл елдің азаматтары заң бойынша тек арнайы шақыртумен ғана келе алады. Ал олардың көбеюі шекарадан ақша арқылы кірді деген күдікті ұялатады. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарамай, көтеру керек. Ал енді келімсектер қазақ жеріне неге келіп жатыр деген сұраққа жауап берер болсақ олар тыныш, жайлы жерді іздеп келуде. Қазақстанның қазіргі жағдайын шүкір деп айтуға болады. Кез-келген үйге барсаңыз әйтеуір қонағына дастархан жайып, дәм-тұзын ұсына алады. Ал Африканың жағдайы қиын. Ішерге су, жеуге нан таппай отырғандар көп. Сондықтан біздің елге ағылып жатқан болуы керек. 

- 20 жылға жуық елшілікте қызмет еттіңіз. Сол шақтарда сізге ерекше әсер еткен оқиғалар болған шығар?

- Әрине есте қалған жәйттар көп қой. Қазақстанның Франциядағы елшілігінде қызмет істеп жүргенімде жергілікті қазақтармен жақсы араласып тұрдым. Олар қазақ болғанымен көпшілігі Түркияның азаматтары. Бір күні қазақ ақсақал маған келіп мына бір жағдайды баяндап берді. «Жұмыстарыммен полицияға барып едім, паспортымды француздың жас жігіті алып, құжатқа бір, маған бір қарап «сіз қазақсыз ғой» деді. Сол сәтте менің көзімнен жас парлап қоя берді. Себебі жат жерде менің өз ұлтымды бірінші рет атаған сол адам болды. Әлгі жігітті құшақтап «Рахмет» дедім»,- деп ақсақал ерекше толғанды. Өкінішке қарай Франциядағы қазақтар өзара түрік тілінде сөйлеседі. Ана тілін білетіндердің көбісі бұл дүниеде қалмады, орта жастан асқандар тілді ұмыта бастаған, ал жастар қазақ тілін тіптен білмейді. Мәселен мен сол кезде жас қазақ жігітпен француз тілінде сөйлестім. Себебі ол қазақ тілін ал мен түрік тілін білмеймін. Осылайша  екі қазақ французша әңгімелестік. Бұл енді бөлек мемлекет деңгейінде шешілетін үлкен мәселе.  

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сәкен Сыбанбай: Қазіргі журналистикадан этика талап етудің өзі қиын
Қойшыбек Мүбәрак: Қиналғанымда зират аралаймын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу