Этноауыл туристердің қызығушылығын арттырады

Oinet.kz 04-05-2020 703

Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан қаласында бүгінде сәулетті ғимараттар көптеп бой көтеруде. Одан бөлек туризмді дамыту мақсатында тың жобалар қолға алынып жатыр. Соның бірі – қала орталығындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанынан салынып жатқан «Этноауыл» алаңы.

7b2a552a-ec5f-4d9b-a759-24599d71566e.jpg

Мұнда қақпадан кіргеннен өзіңізді орта ғасырларға оралғандай сезінесіз. Саз балшықтан тұрғызылған үйлер мен ағаштан құрастырылған қоршауларда және көпірлер мен өткелдерде ерте кездегі сәулет туындылары сақталған. Қ.А.Ясауи кесенесіне шашырай түскен күн сәулесімен тарихи нысандарды тамашалау керемет әсерге бөлейді.

Жергілікті тұрғындар мен қалаға келген қонақтар бірегей жоба арқылы тарихы терең қазақ мәдениетімен кең көлемде таныса алады.

Кешенде ертедегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі жан-жақты көрініс таппақ. Онда Шығыс базары, Хан ордасы, шеберлер көшесі, көшпенділер ауылы, көшпенділер асханасы мен сарбаздар ауылы, ертегілер мекені орналасқан.

Алдағы уақытта мұнда Түркістанға келген мәртебелі меймандар мен өзге елден келген шетелдіктер көне ғасыр кейпіндегі үйлерді аралап, қазақтың салт-дәстүрімен толықтай таныса алады. Шеберлер дайындаған зергерлік бұйымдар Шығыс базарында сатылса, көшпенділер асханасында ертеде ұмыт бола бастаған ас мәзірлері дайындалып, көпшілікке ұсынылмақ. Сарбаздар ауылында қазақ жауынгерлерінің ұрыстарға жаттығу сәті көрсетілсе, Хан ордасы мен көшпенділер ауылында өзге де салт-дәстүрлер кеңінен дәріптеледі деп жоспарлануда. Рухани орталықта дәстүрлі музыка, поэзия, әдебиет пен сәндік-қолданбалы өнер үлгілері кеңінен насихатталмақ.

Қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан ауқымды жобаның маңызы ерекше. Ең бастысы, құрылыс барысында тарихи нысанның сақталу талаптары толығымен ескерілген. Қ.А.Ясауи кесенесімен әрі орталық аллеямен және гүлдер саябағымен жалғасып жатқан нысанда көпшілік қыдырып, еркін серуен құрып демалуға мол мүмкіндік жасалуда.

Мақтааралдық кәсіпкер мемлекеттік бағдарламамен кәсібін ұлғайтып отыр
Сарыағаштық шаруа қозықұйрық өсіріп, қыруар пайда тапқан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу