Жүз жасаған ақсақалға құрмет көрсетілді

Oinet.kz 17-09-2021 825

Screenshot_11.jpg

Қариясын ардақтаған елдің болашағы жарқын. Қариясы риза болған елдің көсегесі көгереді. Әрқашан жолы оңғарылып, ісі алға басады. Себебі қарт жүрген жер - берекеге толы болады. Қарт адам жұртқа тек жақсылық тілейді. Оның сөзі дуалы болады. Сондықтан да қарт кісілерді ардақтаған өте маңызды.

Осы орайда Қазығұрт ауданы, Сарапхана ауылы N9 үй тұрғыны Барат Спатаев атаға орасан зор құрмет көрсетілді. Ата биыл 100 жасқа толып отыр. Бір ғасыр жасаған атаның жастарға берері мен айтары көп. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бір топ жас атаның үйіне арнайы бас сұқты. Олар аузы дуалы ақсақалдың жағдайынан хабар алып, үй жұмыстарына көмектесті. Есік алдында көптеп бері істелінбей жатқан жұмыстарды әп-сәтте орындап тастап, айналаны тап-таза етті. Жас жүрген жер - мереке, қарт жүрген жер - береке демекші, мереке мен береке бір шаңырақта қабысып, айнала шуаққа бөленді. Еріктілердің игі ісіне көңілі толған Барат ақсақал жастарға өз алғысын айтып, ақ батасын берді.

Алдағы уақытта Қазығұрт ауданында мұндай игі іс-шаралар өз жалғасын табатын болады.

Қазығұртта кәсіпкерлікке ден қойғандар көп
Президент Жолдауы - халықтың әл-ауқатының артуының кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу