Түлкібас: Тоннел биыл пайдалануға беріледі

Oinet.kz 29-07-2023

31.jpg 

Түлкібастағы тоннелдің құрылысы биыл аяқталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов мәлім етті.

– Түлкібас – таулы аудан. Қысы қатал, қар қалың түседі. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында жерасты тоннелінің құрылысы 2013 жылы басталған болатын. 10 жылдан бері салынып жатқан тоннелдің құрылысы аяқталуға жақын. Мамыр айында облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы Түлкібас ауданына жұмыс сапары барысында осы Шақпақ баба ауылындағы жерасты жолының құрылысымен танысып, құрылысқа қатысты мемлекеттік орган басшыларына жобаны қадағалап, соңына дейін жеткізу керектігін айтқан еді. Жобаның жалпы құны - 8,5 млрд теңге. Тоннельдің ұзындығы - 840 метр, ені - 13. "Тараз-Шымкент" бағытында бұрғылау-жару жұмыстары мен монолитті бетон құрылысы толығымен аяқталған. Жол төсемі мен дренаждық құрылғы үшін дайындық жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда электр жарығымен қамту жұмыстары атқарылып жатыр, - деді Нұржан Жақсылықұлы.

Жерасты жолы бұл жерге бекерден бекер салынып жатқан жоқ. Бұл - «Күйік асуы» секілді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трассасының ең қауіпті тұсы. Тау жоталарының арасы үнемі азынап тұрады. Үскірік жел жеңіл көлік түгіл, ауыр техникаларды да бел ортасына дейін көміп тастайды. Тоннель осындай жол азабын жеңілдету үшін салынып жатыр.

Аудан әкімінің айтуынша, оң тоннель бойынша, яғни "Шымкент-Тараз" бағытында бұрғылау, сондай-ақ 345 метр монолитті бетон салу жүргізілген.

Жоспарға сәйкес, ауқымды жерасты тоннелінің құрылысы 2023 жылдың қараша айында толық аяқталмақ.


Қытай инвесторлары -Шардарада
«Өнерлі өлке»: Кентаудың мәдениет күндері басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу