Жамбылда ХІІ өңірлік Азаматтық форумы өтті
Тараз қаласында еліміздің түкпір-түкпірінен келген үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, қоғам белсенділері және мемлекеттік құрылым өкілдері бас қосты. Басты себеп облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан» тақырыбында ХІІ өңірлік Азаматтық форумның өтуі.
Форумның мақсаты – Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының 2026–2030 жылдарға арналған екінші кезеңін іске асыру бойынша ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ мемлекет, ҮЕҰ және бизнес арасындағы әріптестікті нығайту, ашық диалог, тәжірибе алмасу, болды.
Форум аясында бірінші күні үш секциялық кездесу ұйымдастырылса, алғашқы секцияда «Цифрлық азаматтық белсенділік және оның тұрақты дамуы: Үкіметтік емес ұйымдар тиімділігін арттыру үшін big Data және жасанды интеллект құралдарын пайдалану» тақырыбында сөз қозғалды. Бұл бағытта «Жамбыл облысы Жастар мәслихаты» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Намелбек «Komek AI» жобасы аясында big data мен жасанды интеллект құралдарының үкіметтік емес ұйымдар жұмысындағы тиімділігін арттыруға қосатын үлесі жөнінде баяндама жасады. Ал «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Әйгерім Каримова және аталған орталықтың департамент басшысы Алихан Шакенов «Мемлекеттік гранттық қаржыландыру бойынша мемлекеттік органдарға арналған оқыту» тақырыбы аясында туындаған сауалдарға жауап беріп, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Өңірлік форумның екінші күні «Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан» өңірлік форумының пленарлық отырысы өтті. Шараны «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Дастан жүргізіп отырды. Аталған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауының негізінде бекітілген азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының 2026-2030 жылдарға арналған кезеңін жүзеге асыру бойынша ұстанымдар талқыға түсті. Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, бұл шараның маңыздылығына айрықша тоқталып өтті. Ол өз сөзінде қоғам құндылығын қалыптастыратын басты бағдарға айналған «Адал еңбек – Адал азамат – Адал табыс» ұғымдарын бойға сіңіруде азаматтық қоғам институттарының, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар, кәсіби сарапшылар мен қоғамдық бірлестіктердің рөлі орасан зор екенін жеткізді.
Форумда сондай-ақ «Шағын қалалар – үлкен мүмкіндіктер» тұжырымдамасы аясында әкімдік, қорлар және бизнес өкілдері арасындағы үшжақты келіссөздер өтті. Іс-шара аясында қатысушыларға мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа өтінім беру, гранттық қаржыландыруға қатысу және институционалдық әлеуетті нығайту мәселелері бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Форум соңында қоғамдық ұйымдардың белсенділері мен әлеуметтік жобалар авторлары марапатталып, үздік тәжірибелер өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынылды. Қатысушылар азаматтық қоғамды дамытудың жаңа кезеңіне бірлесіп үлес қосуға дайын екендіктерін білдірді.