Досмат атаның жемісті бағы
Сайрам ауданының экономикасы жылдан жылға тұрақты дамып келеді. 2025 жылдың алғашқы 4 айының қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнімі 84,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29 пайызға артты.
Бұл өсімнің негізі – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда мен құрылыс салаларындағы серпінді жұмыстар. Аудан экономикасының 34,8 пайызы ауыл шаруашылығының үлесінде. Осы салада еңбек етіп, нақты үлес қосып отырған шаруалардың бірі – Қарабұлақ ауылдық округінің тұрғыны, еңбек ардагері Досмат ата Юнусметов.
Зейнет жасына жеткен соң да қол қусырып отырмаған Досмат ата жерді баптап, егін егіп, бағбаншылықпен айналысып келеді. Ол жер реформасы аясында алған 14 гектар жерінің 6 гектарын бақшаға айналдырған. Мұнда жүзімнің «Ризамат Ота», «Кира», «Победа», «Кора Гөзәл», «Кишмиш» сынды сұрыптары өсіп тұр. Сонымен қатар, «Кәмпит», «Яна таң», «Пионерка» алма ағаштары, әртүрлі сорттағы өрік, қарақат, жаңғақ (бадам) ағаштары да жеміс беріп жатыр. Бүгінде оның бақтарынан алынған сапалы өнімдер жергілікті нарықта үлкен сұранысқа ие.
Досмат атаның еңбегі тек жермен шектелмейді. Ол өз қожалығында 40 бас ірі қара мал ұстап отыр, оның ішінде алтауы – сауынды сиыр. Сауылған сүт аудан көлеміндегі қайта өңдеу цехтарына тапсырылады. Бұл – ауыл шаруашылығындағы қосымша табыс көзі ғана емес, ауданның азық-түлік қауіпсіздігіне қосылған үлес.
Юнусметовтің еңбегі – Сайрам ауданы ауыл шаруашылығының қуатын көрсететін жарқын мысал. Өйткені бүгінгі таңда аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 29,5 млрд теңгеге жеткен. Ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегі арқасында өңіріміз облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден алдыңғы орындардың бірінде.
Осындай жанашыр азаматтардың қажырлы еңбегі аудан экономикасының тұрақты өсіміне, ауылдың көркеюіне және тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер етіп келеді. Досмат ата сынды еңбек адамдары – ауданымыздың экономикалық тірегі мен рухани байлығы.
С.ӘШЕТ