Инвест жобалар – өңір дамуының діңгегі
Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар – өңір экономикасын жандандырып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Бұл туралы аудан әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен арнайы жиында кеңінен сөз қозғалды.
Жиын барысында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бахадыр Олжаев баяндама жасап, аудандағы инвестициялық жобалардың қазіргі ахуалы мен алдағы жоспарлар жөнінде нақты мәліметтер ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде Сайрам аумағында қолға алынған жобалардың дені кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Бұл жобалар – өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан халқын тұрақты табыспен қамтамасыз етуге бағытталған.
Баяндамадан белгілі болғандай, соңғы жылдары ауданда бірнеше жаңа өндіріс орындары іске қосылған. Атап айтқанда, өңірдің табиғи ресурстары мен еңбек әлеуетін тиімді пайдалануға негізделген агроөнеркәсіптік жобалар, қайта өңдеу цехтары, жылыжай кешендері мен мал бордақылау алаңдары іске қосылып, өз жұмысын бастап кеткен. Бұл кәсіпорындар ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетті де арттыруға жол ашуда.
Аудан әкімі Арман Сабитов жиын барысында әрбір инвестициялық жобаның тиімділігіне ерекше назар аударып, оның нақты әлеуметтік-экономикалық пайдасы болуы керектігін қадап айтты. Оның айтуынша, жобалар тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде халыққа пайда әкелуі тиіс. Бұл ретте кәсіп иелеріне жан-жақты қолдау көрсетіліп, әкімдік тарапынан бюрократиялық кедергілерді азайту, инфрақұрылыммен қамту мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Жиын соңында аудан басшысы сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, жобалардың орындалу барысын жүйелі түрде бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Инвестициялық жобалардың толық іске асуы – тек аудан экономикасы үшін емес, бүкіл өңір халқының әл-ауқаты үшін маңызды.
Осылайша, Сайрам ауданындағы инвестициялық жобалар – өңір дамуының берік тірегі, болашаққа нық қадам басудың сенімді кепілі болмақ.