Экономиканың өсу резерві тиімді пайдаланылады

Oinet.kz 19-06-2025 4

Облыс бойынша халқы ең тығыз орналасқан Сайрам ауданы экономикасының өсу резервтерін тиімді пайдалану және жаңа өндірістерді іске қосу есебінен өнеркәсіп өнім көлемін 2030 жылға қарай 3,7 есеге немесе 205,4 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.

Screenshot_20.jpg

Бұл – ауданның индустриалды-инновациялық әлеуетін арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Аталған межеге жету үшін нақты жоспарлар түзілген. Яғни, алдағы 6 жыл ішінде жалпы сомасы 635,1 млрд теңгенің өнімі өндірілмек. Бұл көрсеткіш Сайрам ауданының өнеркәсіп саласындағы үлкен серпінді көрсетеді.

2030 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалмайды. Әсіресе, мал шаруашылығы саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Жоспар бойынша құны 48,1 млрд теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл жобалардың нәтижесінде өнім көлемін 188,2 млрд теңгеге жеткізу болжанып отыр. Мұндай қарқын мал шаруашылығының өндірістік мүмкіндігін арттырып қана қоймай, аудан тұрғындарының табысын көбейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп саласында да қарқынды жұмыстар жалғасын табады. 2030 жылға дейін құны 912,7 млрд теңгені құрайтын 48 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Аталған жобалар толық іске асырылған жағдайда, аудан бойынша 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл – жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты мүмкіндік.

Алдағы уақытта ауданда сүт өнімдерін өндіру, мал қалдықтарын өңдейтін цех, құрама жем шығаратын өндіріс орындары, сондай-ақ ауыр жүк көліктерінің тіркемесін және арнайы жасақталған көліктер шығару сияқты жобаларды іске асыру көзделген. Сонымен қатар, тамақ өнеркәсібіндегі жобаларды іске қосу да жоспарға енгізілген. Бұл бастамалар ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтып қана қоймай, экспортқа бағытталған өндіріс көлемін де ұлғайтуға сеп болмақ.

Жалпы, Сайрам ауданының экономикалық даму жоспары жүйелі әрі нақты көрсеткіштерге негізделген. Өсу резервтерін тиімді пайдалану – ауданның стратегиялық бағыты. Осы арқылы өңірдің экономикалық әлеуеті артып, облыс экономикасына қосар үлесі еселене түспек.

Э.СЕЙДАНОВА

Инвест жобалар – өңір дамуының діңгегі
Құрылыс сапасымен танысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу