Құрылыс сапасымен танысты
Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы инфрақұрылым саласындағы жүйелі жұмыстармен тікелей байланысты.
Аудан халқының өмір сүру сапасын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, көлік қатынасын жеңілдету сынды негізгі бағыттарда маңызды жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының тұрақты өсуіне негіз болуда. Аудан әкімдігінің мәліметінше, жыл басынан бері жүзеге асып жатқан ірі жобалардың бірі – Жансая автомобиль жолы бойындағы көпір құрылысы. Бұл нысан аяқталған жағдайда ауыл тұрғындарының қауіпсіз әрі ыңғайлы жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалып, тасымал жүйесі айтарлықтай жеңілдемек. Көпірдің стратегиялық маңыздылығын ескерген аудан әкімі Арман Сабитов нысанның құрылыс барысымен өзі арнайы барып танысты.
Құрылыс алаңында болған әкім мердігер мекемеге жұмыстың сапасы мен белгіленген мерзімін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. «Бұл – тек көлік қатынасын жақсарту ғана емес, ауданның экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды нысан. Уақытында және сапалы орындалған әрбір құрылыс – болашаққа салынған инвестиция», – деді аудан басшысы.
Инфрақұрылымдық жобалар қатарында Ақсу өзенінің жағалауында орналасқан кәсіпкерлік нысандарға қатысты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Аудан әкімі кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылып отырған жер телімдерінің құжаттық заңдылығын тексеруді тапсырды. Бұл жұмыстарды аудандық жер қатынастары бөлімі мен құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі бірлесіп жүргізетін болады. Құқықтық базаға сәйкестігін анықтау, заң бұзушылыққа жол бермеу және жер ресурстарын тиімді пайдалану – аудан дамуының өзекті тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Аталған тапсырмаларға сәйкес, заң талаптарына қайшы келетін жағдайлар бойынша тиісті шара қолданылатыны айтылды. Аудан басшысы бұл жұмыстардың бәрі қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
С.СӘУЛЕБАЙ