Кәсіпкерлікті қолдау - экономикаға серпін

Oinet.kz 27-07-2025 18

Соңғы жылдары Сайрам ауданының экономикасы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 

Screenshot_36.jpg

Ауданның аграрлық әлеуетімен қатар, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қаржылай қолдау, әсіресе қайтарымсыз гранттар арқылы жүзеге асып жатқан жобалар, тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын іске асыруына жол ашып отыр. Бұл – аудан экономикасының әртараптануына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың әл-ауқатының артуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Кәсіпкерлікке ынталандыру шаралары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 272 бұйрығымен бекітілген «Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасына» сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау, жаңа бизнес-идеяларды қолдау және жұмыссыздық деңгейін төмендету.

Осы қағида аясында 2024 жылы Сайрам ауданынан 155 азамат түрлі салада өз ісін бастап, кәсіптерін жалғастыруда. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының белсенділігінің артқанын және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін дәлелдейді.

Атап айтсақ, 19 азамат құс шаруашылығына, 34 азамат тігін саласына бет бұрған. Соның ішінде пилоттық жоба ретінде 10 азамат 3D және автомобиль орындықтарына қаптама (чехол) тігу ісін жолға қойып отыр. Сондай-ақ, тұрғындар магниттік төс белгілер өндіру, дәнекерлеуші қызметтері, пластик есік-терезе жасау, компьютерлік қызмет көрсету, асхана ісін ашу, фаст-фуд, жартылай фабрикаттар өндіру, кондитерлік цехтар, наубайханалар, жеке жылыжайлар (оның ішінде құлпынай өсіру), көлік жөндеу орталықтары (ТЖО), сондай-ақ массаж және клининг қызметтері сияқты салалар бойынша өз кәсіптерін дамытып жатыр.

Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде ауданның шағын және орта бизнес секторы айтарлықтай күшейді. Гранттар арқылы қаржыландырылған жобалар тек жеке кәсіпкерлердің табысын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етуде. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа кәсіп түрлерін игеруіне мүмкіндік беріп отыр.

2025 жылға көз жүгіртсек, аталған бағдарлама аясында 169 жаңа жоба жоспарланған. Оның ішінде ағымдағы жылдың маусым айында 86 азаматқа қайтарымсыз грант беріліп үлгерді. Алдағы уақытта, яғни тамыз айының ішінде қалған жоспарды толық игеру көзделіп отыр. Бұл жоспардың орындалуы Сайрам ауданындағы кәсіпкерлік белсенділікті одан әрі арттырып, экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктерін ашады.

Мемлекеттік қолдау арқылы іске асқан жобалардың басым бөлігі ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Әсіресе ауылдық жерде кәсіп бастау – тұрғындардың туған жерінде тұрақтап, экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауылдан қалаға көші-қонды азайтып, жергілікті экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай гранттық бағдарламалар өңірлік экономикаға серпін беріп қана қоймай, ауданның жалпы ішкі өнімін ұлғайтуға да оң әсер етеді. Себебі әрбір ашылған бизнес – жаңа жұмыс орны, жаңа салық түсімі, жаңа өндіріс көзі.

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрамдықтар жылыжайдан табыс тауып отыр
Сайрамда сүт өңдеу қуаты артқан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу