Сайрамдықтар жылыжайдан табыс тауып отыр
Соңғы жылдары аудан экономикасының қарқынды дамуына ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай үлес қосып келеді.
Соның ішінде жылыжай кешендері – табыс көзі әрі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі. Жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен іске асқан бұл жобалар тек көкөніс өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуда.
Қазақстанда жылыжай шаруашылығы 70-жылдары дами бастады. Бұл кезеңде Украинада орналасқан құрастырмалы жылыжайлар зауыты базасында шыныдан жасалған үлкен жылыжайлар паркі салынды. 1990 жылға қарай елімізде 560 гектар жабық топырақ аумағы болған, оның 58,5 пайызы көктемгі пленкалы жылыжайлар еді. Олар елдегі жалпы көкөніс өнімінің 4 пайызға жуығын беріп отырған.
Энергия көздерінің салыстырмалы түрде арзан болуы бұл саланы рентабельді етті. Алайда Кеңес Одағы тарағаннан кейін көптеген жылыжайлар күйреп, жабылып қалды.
Бұрынғы «Победа» колхозының өндірістік жылыжай кешені біздің ауданда да жұмыс істеген. Бұл кешен тек облысты ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірін дәруменге бай көкөністермен қамтамасыз етіп отырған.
Бүгінде елімізде жылыжай шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет тарапынан тамшылатып суару технологиясын енгізу, тыңайтқыштар мен жанар-жағармай сатып алуға арналған субсидиялар түрінде үлкен қолдау көрсетіліп келеді.
Түркістан облысы жылыжайларды дамыту жөнінен Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарымен қатар алдыңғы қатарда.
Біздің ауданда да бұл сала біртіндеп өркендеп келеді. Жергілікті жылыжайлар облыстық және аудандық базарларды жыл бойына жаңа көкөністермен қамтамасыз етуде.Қарасу ауылдық округіндегі С. Валиев басқаратын «Валиев» ЖК-де 60 соттық жабық, 2,5 гектар ашық жер бар.
Қорғалған топырақ – бұл өсімдіктер мен жемістерді жабық жағдайда өсіру әдісі. Жылыжай температура ауытқуын жұмсартып, қажетті ылғал мен жарықты қамтамасыз етеді, ал өсімдіктің тамырлары табиғи ортада болады.
Аталған шаруашылықта «Меренга» қияры мен голландиялық «Умагна» қызанағы өсіріледі.
Жылыжайда қажетті микроклимат пен заманауи агротехнологиялар толық сақталады. Соның арқасында жоғары өнім алуға мүмкіндік бар.
Мұндағы көкөністер тек облыс ішіндегі сауда орындарын ғана емес, Қарағанды мен Астана нарықтарын да қамтамасыз етіп отыр. Жергілікті өнімдер қайта өңдеу саласына да тапсырылады.
Жылыжай шаруашылығына кәсіпкер едәуір қаржы салды. Электр желілері тартылып, қоймалар салынды, жанармай сатып алынды, құдық қазылып, су тартылды. Күніне жылыжайды жылытуға 2–2,5 тонна көмір кетсе, төрт ай ішінде бұл көлем шамамен 280 тоннаны құрайды.
Ашық топырақта қызанақ пен қиярдан бөлек, болгар бұрышы, жүгері және бақша дақылдары өсіріледі.
Жылыжайда 9 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар барлық агротехникалық шараларды уақытылы орындап үлгереді. Маусымдық жұмыстар кезінде жергілікті халықтан 20–25 адам жұмысқа тартылады. Жұмысшыларға күніне екі мезгіл тегін тамақ беріледі. Ал далалық жұмысшыларға бір рет ыстық тамақ жеткізіледі. Осыған сәйкес кәсіпкер алдағы уақытта өз ісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жақын арада мал шаруашылығымен, соның ішінде сүт бағытындағы ірі қара өсірумен айналысу көзделуде. Бұл мақсатта арнайы қора-жайлар салынуда. Сонымен қатар 2 гектар аумаққа қызғалдақ гүлдерін отырғызу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.
Аталған жылыжай кешені ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықты тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етуде. Екіншіден, жергілікті көкөніс өнімдерінің сапалы әрі қолжетімді болуы азық-түлік қауіпсіздігіне оң әсерін тигізуде. Үшіншіден, кәсіпкерлік субъектісінің салықтары аудан бюджетінің толықтырылуына ықпал етеді. Сонымен қатар аграрлық саладағы инновациялық тәсілдердің енгізілуі басқа шаруашылықтарға үлгі болып отыр.
С.ӘШЕТ