Сайрамда сүт өңдеу қуаты артқан
Сайрам ауданы соңғы жылдары ауыл шаруашылығымен қатар, өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуда жүйелі қадамдар жасап келеді.
Бұл бағыттағы жобалар өңір экономикасына тың серпін беріп, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға зор үлесін қосуда. Солардың бірі – «Сайрам-Сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында экономиканы әртараптандырудың, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызын ерекше атап өтеді. Осы орайда, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу ісін жолға қою – ауданның экономикалық әлеуетін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі болып отыр. «Сайрам-Сүт» ЖШС – осы бағыттағы табысты жобалардың алдыңғы қатарында.
Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті ауыл шаруашылығы кооперативтерінің дамуына ықпал етті. Шаруалар өндірген сүт өнімдері зауытта өңделіп, дайын тауарға айналады. Бұл – қосылған құн тізбегін қалыптастырып, ауыл еңбеккерлерінің табысын еселеуге мүмкіндік береді. Жобаның жүзеге асуы нәтижесінде аудан бюджетіне түсетін салық көлемі ұлғайды, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік тұрақтылық нығайды.
2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын бүгінде өңірде ғана емес, облыста да маңызды рөл атқарып отыр. Қазіргі уақытта тәулігіне 8 тонна сүт өңделсе, толық қуатына шыққан кезде бұл көрсеткіш 20 тоннаға дейін жетеді. Компания нарыққа 25 түрлі өнім ұсынады. Табиғи сүт, айран, қаймақ, құрт, ірімшік – барлығы экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Бұл өнімдер Түркістан облысының нарығында жоғары сұранысқа ие.
Зауытты жаңғыртуға қомақты инвестиция салынды. Өндірістік желілерді жаңарту үшін Ресей, Қытай және Түркиядан әкелінген заманауи жабдықтар орнатылды. Толық автоматтандырылған жүйелер еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға және сапаны тұрақты бақылауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл технологиялық жаңғырту кәсіпорынның экологиялық стандарттарға сай жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Қазіргі таңда кәсіпорында 38 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшыларға лайықты еңбек жағдайы жасалған, тұрақты жалақы төленеді. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын қосымша жұмыс орындары ашылмақ. Бұл – ауылдық жерлерде жұмыссыздықты азайтуға және жастардың туған жерінде тұрақтап қалуына ықпал ететін маңызды қадам.
Кәсіпорынның табысты жұмысы тек экономикалық пайдамен шектелмейді. Бұл – аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік жоба. Жергілікті өнімнің қолжетімділігі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, ал кәсіпорынның тұрақты қызметі өңірлік экономиканың тұрақтылығына негіз болады.
Алдағы уақытта зауыт өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, өнім түрлерін көбейтіп, экспорттық нарыққа шығуды жоспарлап отыр. Бұл жоспарлар жүзеге асқан жағдайда Сайрам ауданының агроөнеркәсіп саласы жаңа деңгейге көтеріліп, облыстың ғана емес, республиканың азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан үлесі еселене түседі.
«Сайрам-Сүт» ЖШС – аграрлық саланы өңдеуші өнеркәсіппен ұштастырып, ауыл экономикасын дамытуға бағытталған маңызды жоба. Оның дамуы Мемлекет басшысы атап өткен экономикалық әртараптандыру саясатының нақты көрінісі.
С.АБЫЛБЕКОВА