Кәсіпкерлікке кең өріс
Сайрам ауданы – заводтар мен өндірістік кәсіпорындарға бай, халқы еңбекқор және іскер.
Аудан экономикасы жыл сайын қарқынды дамып, өндірістік әлеуетін арттырып келеді. Олардың арасында «Кузов Карабулак» ЖШС ерекше көзге түседі. Бұл зауыт 5-тен 40 тоннаға дейінгі жүк тасымалдауға арналған арнайы техникалар мен тіркемелер өндірісінің көшбасшысы болып табылады. Сонымен қатар, компания өз өнімдеріне толық жөндеу және сервистік қызмет көрсетеді.
Алғашында шағын дәнекерлеу цехы ретінде құрылған бұл кәсіпорын бүгінде өнімдерін жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы шығарады. 15 000 шаршы метрлік жаңа өндіріс алаңы зауыттың өндірістік қуатын арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Алайда, кәсіпорынның алдында тұрған басты мәселе – білікті жұмыс күшінің жетіспеушілігі. Әсіресе, жоғары жалақысы бар мамандықтар бойынша кадрлар тапшы. Бұл мәселені шешу үшін Д. Қонаев атындағы арнайы техникалық колледжбен және көршілес ауылдармен ынтымақтастық орнатылып, өндіріс орны «якорлық» кәсіпорын ретінде қарастырылуда.
Зауыттың ауқымын кеңейту үшін 3000 кВт электр қуаты қажет. Бұл қуат қажеттілігін шешу арқылы зауыт жаңа жоғары технологиялық жабдықтарды іске қосып, жұмыс өнімділігін арттыруды жоспарлап отыр.
Сайрам ауданының бұл өнеркәсіптік алпауыты өңірдің экономикалық дамуына үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
С.АБЫЛБЕКОВА