Сайрамдықтар балық шаруашылығын дамытуды қолға алмақ

Oinet.kz 12-08-2025 20

Аудан экономикасын арттыру, тұрғындарды жұмыспен қамту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында Сайрам ауданында жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Screenshot_40.jpg

Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласының маңызды тармағы саналатын балық шаруашылығын дамыту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағыттағы бастамалар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында балық шаруашылығына айрықша көңіл бөлу қажеттігін атап өткен болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл салада нақты шаралар қолға алынып, нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасымен өңірде балық шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылған болатын. 

Жыл басында осы жұмысшы топ өкілдері Сайрам ауданына келіп, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруаларға мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер мен субсидиялау тетіктерін түсіндірді. Кездесу барысында кәсіпкерлер балық өсірудің экономикалық тиімділігі, бизнес ашудағы заңдық негіздер, мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер жайында толыққанды ақпарат алды.

Жиынға кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің өкілдерімен қатар, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, жер қатынастары басқармасы, жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары, «Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, сондай-ақ облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директорлары және «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жауапты қызметкерлері қатысты.

Кездесу соңында кәсіпкерлер өз сауалдарын жолдап, қызықтырған мәселелер бойынша толық жауап алды. Мұндай түсіндіру шаралары салаға деген қызығушылықты арттырып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Сайрам ауданында соңғы уақытта балық шаруашылығына бет бұрған кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді. Олардың бірі – Ақсукент ауылының тұрғыны Қалдыкүл Ермекова. Ол балық өсіру ісін қолға алу мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алған.

– Бұл идея менің көптен бергі арманым еді. Балық шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау – біз үшін үлкен мүмкіндік. Грантқа алған қаражатқа тоған қазып, құрал-саймандар дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта өнім алып, ауданымыздың нарығын балықпен қамтуға ниеттіміз, – дейді кәсіпкер Қалдыкүл Ермекова.

Оның айтуынша, бизнес жобасы 2024 жылдың маусым айында ұсынылып, комиссия шешімімен қайтарымсыз 1 476 800 теңге көлемінде қаржы берілген. Бұл қаражат шаруашылықты бастауға жеткілікті деңгейде көмек болып отыр.

Мамандардың пікірінше, балық шаруашылығын дамыту – экономикалық тұрғыдан тиімді әрі экологиялық жағынан да пайдалы іс. Бұл сала ауыл тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашады, сондай-ақ балық өнімдері арқылы халықты сапалы азық-түлікпен қамтуға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта Сайрам ауданында балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету жұмыстары жалғасын табады. Оған субсидиялар, жеңілдетілген несие, оқыту курстары және кеңес беру қызметтері кіреді.

Қорытындылай келе, Сайрамдық кәсіпкерлердің балық шаруашылығына деген қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Мемлекеттік қолдау мен жергілікті тұрғындардың белсенділігі арқасында бұл сала алдағы жылдары аудан экономикасының жаңа драйверіне айналары сөзсіз.

С.СӘУЛЕБАЙ

Ұлттық санақ – ауыл шаруашылығы үшін маңызды науқан
Экспорт көлемі артты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу