Экспорт көлемі артты
Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау – өңірдің аграрлық әлеуетінің артуы мен нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі» деп атап өткендей, елімізде ауыл шаруашылығы секторы экспорттық бағытта да жүйелі дамып келеді.
Осы бағытта Сайрам ауданы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ауданнан 19 115,1 тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Оның ішінде, 18 664,6 тоннасы – мал шаруашылығы өнімдері, 450,5 тоннасы – өсімдік шаруашылығы өнімдері.
Бұл көрсеткіштер аудан шаруашылықтарының ішкі нарықты ғана емес, сыртқы нарықты да сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырғанын айғақтайды. Сайрамдық өнімнің шетелдік сұранысқа ие болуы – жергілікті кәсіп иелерінің еңбекқорлығы мен өндіріс сапасының нәтижесі.
Атап өтерлігі, экспорт көлемінің артуы аудан экономикасына оң серпін беріп қана қоймай, агроөнеркәсіп кешенінің дамуына жол ашып отыр. Сонымен қатар, шетел нарығына бейімделу, халықаралық талаптарға сай өнім өндіру – келешекте ауданның аграрлық секторының әлеуетін одан әрі арттыра түсетіні анық.
Сайрам ауданы алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайтуды, өңделген өнім үлесін арттыруды және жаңа нарықтарға жол ашуды басты міндет етіп отыр.
С.СӘУЛЕБАЙҚЫЗЫ