Сайрамда инвестициялық жобалар жүзеге асуда

Oinet.kz 30-07-2025 16

Сайрам ауданы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. 

Screenshot_42.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ауыл – ел бесігі» деген ұстанымы негізінде, ауданда инвестициялық жобалар жүйелі түрде іске асуда. Осы ретте, жергілікті атқарушы билік пен жеке кәсіпкерліктің өзара тиімді ынтымақтастығы нәтижесінде аудан экономикасы жаңа сатыға көтеріліп келеді. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында озық технологиялар енгізіліп, инновациялық жобалар арқылы өндіріс көлемі мен сапасы артуда. Соның айғағы – Сайрам ауданында табысты жұмыс істеп тұрған заманауи жылыжай кешендері.

Жылыжай– ауыл шаруашылығының ажырамас бөлігі. Әсіресе климаттық жағдайы құбылмалы өңірлерде бұл технология өсімдіктерді өсіруде шешуші рөл атқарады. Жылыжайлар арқылы көкөністер мен жемістерді жыл бойы өсіруге болады. Бұл өз кезегінде өнімділікті арттырып, ауыл шаруашылығының рентабельдігін жоғарылатады. Жабық кеңістікте ауа температурасы, ылғалдылық пен жарық деңгейі автоматтандырылған түрде реттеліп отырады. Мұндай жағдай суды, тыңайтқыштарды және энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. Жылыжай өнімдері маусымнан тыс уақытта да сатылып, шаруаларға тұрақты табыс әкеледі. Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға тікелей ықпал ететін экономикалық фактор.

Сайрам ауданында жылыжай шаруашылығы жылдан-жылға дамып келеді. Көптеген кәсіпкерлер инновациялық технологияларды енгізіп, жоғары өнім алуға қол жеткізуде. Солардың бірі – «Ecoinvest SA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған жылыжай кешені жекеменшік инвестиция негізінде құрылған. Құрылыс жұмыстарын Израильдің жылыжай индустриясында тәжірибесі мол «Metafim» компаниясы жүргізген. Айта кету керек, бұл компания Еуропа мен Азияда ондаған заманауи жылыжай жобаларын сәтті жүзеге асырған.

Жалпы аумағы 11 гектарды алып жатқан жылыжай кешені заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Кешен аумағында 12 арнайы су ыдысы бар сервис аймағы орналасқан. Әр ыдыстың сыйымдылығы – 233 текше метр. Мұнда суға қажетті микро және макроэлементтер қосылып, автоматты жүйе арқылы әрбір өсімдіктің түбіне тамшылатып жеткізіледі. Бұл тәсіл – суды үнемдеумен қатар, өнімнің дәмі мен сапасына оң әсер етеді.

Жылыжайдың жүрегі саналатын агрономиялық орталықта барлық технологиялық процес компьютермен басқарылады. Температура мен ылғалдылық арнайы датчиктермен реттеліп, қазандықтардағы жылу мөлшерін де дәл осы құрылғылар бақылайды. Үш деңгейлі жылыту жүйесі – төменгі, ортаңғы және жоғарғы желілерден тұрады. Қосымша тұмандандыру және желдету жүйелері арқылы жылыжай ішіндегі микроклимат әрдайым тұрақты ұсталады.

Кешеннің көшет бөлімінде – болашақ өнімнің іргетасы қаланады. Мұнда голландиялық жоғары сапалы тұқымдар арнайы кассеталарға себіліп, өскіндер субстраттық текшелерге көшіріледі. Аз көлемді гидропоникалық жүйеде өсірілетін бұл көшеттер толық автоматтандырылған жарық және жылу жүйелерімен қамтамасыз етілген. «Құйылу-тасу» деп аталатын ерекше суару технологиясы да осы бөлімде қолданылуда. Бұл – судың өсімдікке төменнен берілуін қамтамасыз ететін заманауи тәсіл.

Жылыжай кешеніне кіру арнайы дезинфекциялық өткел арқылы жүзеге асады. Ішке енген бойда көз алдыңызға – ұзындығы 5 метрге дейін жететін, торларға көтеріліп өскен қияр мен қызанақтар бейнесі көрінеді. Мұндағы өсімдіктердің барлығы гидропоника әдісімен, яғни топырақсыз, арнайы қоректік ортада өсіріледі. Ыстық ауа райында жылыжайды салқындату үшін тұмандандыру жүйесі іске қосылады, ал күн сәулесі тым өткір күндері жылыжай жабындысы бормен ағартылады. Өсімдіктерді қолдан тозаңдандыруда шмельдердің (жабайы ара) көмегіне жүгіну – өнім сапасын арттыруда таптырмас әдіс.

Жылыжай кешенінде барлық процестерге тәжірибелі агроном Нұрболат Жолдықар жетекшілік етеді. Ал 2024 жылдың күзіне қарай кәсіпорын басшысы ретінде Саид Ахмадхон тағайындалған болатын. Саид Хамидұлының айтуынша, бүгінде жылыжайда «Мева» сорты қияр мен «Пацхуара» қызанақтары өсірілуде. Қазірдің өзінде қияр жинау науқаны басталып, бір ай ішінде қызанақ та пісіп жетілмек. Өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артқан. Сонымен қатар, қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да жақсарып отыр.

Жылыжай кешені іске қосылғалы бері 170 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің жалақысы уақытылы төленіп, кезең-кезеңімен өсіп отырады. Ұжымда ауысым болмайды десе де болады. Бұл – еңбектің ұйымдасқан түрде жүргізіліп жатқанын білдіреді. Коллектив – бірлігі жарасқан, шығармашыл жандар. Мейрам, туған күн сынды шаралар ұмыт қалмай, ұжымдық рухты нығайтуға септігін тигізетін іс-шаралар ретінде өткізіліп тұрады.

Экономикалық тұрғыдан алып қарағанда, мұндай кешеннің ауданымызда жұмыс істеуі – үлкен жетістік. Біріншіден, бұл – халықты сапалы, дәруменге бай көкөніспен қамтуға мүмкіндік береді. Екіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартады. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы көлеміне және жергілікті бюджеттің түсімдеріне оң әсер етеді. Яғни, инвестицияның нақты пайдасы – осындай жобалар арқылы көзге көрінеді.

Мұндай заманауи технологиямен жабдықталған жылыжай кешендері ауданның агроөнеркәсіптік келбетін өзгертіп қана қоймай, болашақтың ауыл шаруашылығын қалыптастырып келеді.

С.СӘУЛЕБАЙ

Экспорт көлемі артты
Шаруаға серпін берген сыбаға
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу