Шаруаға серпін берген сыбаға
Сайрам ауданы – агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі.
Ауданның ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған жүйелі жұмыстар мен мемлекеттік қолдаулар өңір экономикасының өсуіне серпін беруде. Осындай ілкімді істердің алдыңғы шебінде жүрген шаруашылықтардың бірі – «Исамиддин» шаруа қожалығы. Бұл қожалық мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып, тек өз табысын еселеп қана қоймай, ауданның экономикалық дамуына да сүбелі үлес қосып келеді.
Ақсукент ауылдық округінде орналасқан қожалық 2024 жылы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 62 бас ірі қара мал сатып алды. Бұл – аудан бойынша бағдарлама шеңберінде алынған жалпы 124 малдың жартысына жуығы. Аудан үшін белгіленген жоспар 75 бас болса, ол 189 пайызға артығымен орындалып, бұл жетістікке «Исамиддин» және «Ақбұлақ ет өнімдері» ЖШС бірлесе қол жеткізді.
Аталған қожалықтың ауыл шаруашылығын дамытудағы бұл қадамы – мал басын көбейтіп, өнімділікті арттыру ғана емес, тұтас ауданның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды іс. Сонымен қатар, шаруа қожалығы ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашу арқылы жергілікті әлеуметтік тұрақтылыққа да ықпал етуде.
Сала мамандарының айтуынша, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал шаруашылығын дамытуды қолға алған шаруашылықтар аудан экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналып келеді. Бұл қатарда «Исамиддин» қожалығының орны ерекше. Қожалықтың мұндай нәтижелі жұмысы басқа кәсіпкерлерге де үлгі болары сөзсіз.
С.АБЫЛБЕКОВА