«Заң мен тәртіп» --тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі
Сарыағаш ауданында интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында жедел профилактикалық іс-шаралар белсенді түрде жүргізілуде. Бұл шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, интернет арқылы жасалатын алаяқтық түрлері туралы кең көлемде түсінік беру арқылы алдын алу жұмыстарын күшейту болып табылады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Қазіргі таңда интернет алаяқтық – қоғамда кең тараған киберқылмыстың бір түрі және оған қарсы заң мен тәртіпті сақтау басты талап ретінде қойылады. Сондықтан да, осындай іс-шаралар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ заң талаптарын дұрыс түсініп, оны орындауға бағытталған.
Аталған кездесуде азаматтарға интернет алаяқтықтың ең көп таралған түрлері нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Олар – жалған интернет-дүкендер, яғни тауарды немесе қызметті ұсынбай, алдын ала төлем жасататын алаяқтық схемалары; өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, сенімді ақпараттарды талап ететін қоңыраулар; жалған инвестициялық ұсыныстар мен әлеуметтік желілер арқылы таралатын алдау тәсілдері. Полицейлер бұл жағдайлардың қалай жүзеге асатынын, оның салдары мен алдын алу жолдарын жан-жақты баяндап, әрбір азаматтың осындай жағдайларға тап болмауы үшін сақтық шараларын ескертті.
Киберқауіпсіздік саласындағы мамандар интернетті дұрыс және қауіпсіз пайдаланудың негізгі ережелерін де атап өтті. Біріншіден, ешқашан бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді, оның ішінде банк шоттарының деректемелерін, құпиясөздер мен жеке куәліктердің мәліметтерін беруге болмайды. Екіншіден, күмәнді сілтемелерге басудан, белгісіз және сенімсіз сайттардан тауар сатып алудан, сондай-ақ белгісіз немесе сенімсіз нөмірлерден келіп түскен қоңырауларға сенуден аулақ болу қажет. Бұл ережелердің орындалуы киберқылмыстың алдын алуда шешуші рөл атқарады.
Полиция өкілдері атап өткендей, интернет алаяқтары әртүрлі психологиялық тәсілдерді қолдана отырып, адамдарды алдау мақсатында сенімді көрінуге ұмтылады. Олар қысым көрсету, қорқыту, шұғыл шешім қабылдату сияқты әдістерді пайдаланып, құрбандарын сендіруге тырысады. Сондықтан әр азаматтың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы, киберқауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау және алаяқтықтың кез келген көрінісін дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдауы аса маңызды. Заң мен тәртіп қағидасын сақтаудың негізінде осындай қылмыстардың алдын алу тұрады және бұл қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі болып табылады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бұл іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері тұрғындарды ерекше сақ болуға шақырып, күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігін ескертеді. Уақытында хабарлау арқылы қылмыстардың алдын алып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың құқығын қорғау мүмкін болады. Сонымен бірге, интернет алаяқтыққа қарсы күрес – бұл заң талаптарын сақтау мен қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыс, оның тиімділігі тек қана құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың белсенділігіне тікелей байланысты. Осылайша, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, киберқылмыстарға қарсы күресті күшейту және интернет алаяқтықтан сақтанудың тиімді шараларын жүзеге асыру қазіргі таңда ерекше маңызға ие.