Зорлық-зомбылықпен күрес—қауіпсіздік пен тұрақты дамудың кепілі

Oinet.kz 27-08-2025 14

1.jpg 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия бастамасымен Түркістан облысындағы әлеуметтік нысандарға мониторинг жүргізу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмысшы топ екі күндік сапар аясында Түркістан, Кентау қалалары мен Сайрам, Сауран, Төлеби аудандарындағы Отбасын қолдау орталықтары мен Жастар денсаулық орталықтарының қызметін бақылап, ондағы көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тиімділігін бағалайды.

Осыған орай комиссия мүшесі Баян Жандосова мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Тимур Мұратов Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі «Отбасын қолдау орталықтарының» қызметі, некені сақтау және отбасылық жанжалдарды шешу, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жергілікті жерлерде құрылған мобильді топтар арқылы кешенді көмек көрсету, цифрландыру үдерісі, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау мен гендерлік саясат бағытындағы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жұмыстар талқыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселесін ел қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының маңызды бөлігі ретінде атап өткен болатын. Ол өз сөзінде: «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол беруге болмайды. Бұл – тұтас қоғамға қарсы жасалған әрекет. Құқық қорғау органдары, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері, әлеуметтік қызметтер бірлесіп, зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейтуі қажет. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту туралы заң қабылдануы тиіс» деген болатын. Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес елімізде 2024 жылы жаңа заңнамалар қабылданып, құқықтық негіздер күшейтілді. Бұл заңдарда зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету, қорғау, сондай-ақ профилактикалық жұмыстарды күшейту бағытындағы шаралар нақты қарастырылған.

Қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты барлық аудан мен қалаларда өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар мен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсететін 17 орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтар психологиялық көмек көрсету, құқықтық кеңес беру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, дағдарысқа тап болған аналарға уақытша паналау орны сияқты қызметтер ұсынады. Орталықтардың жұмысын оңтайландыру және процестерді автоматтандыру мақсатында FSM Social мобильді қосымшасы іске қосылған. Аталған қосымша арқылы мобильдік топ мүшелері өмірлік қиын жағдайдағы адамдар туралы сигналды тікелей Орталыққа жолдай алады. Бұл жүйе қолдау процесін жеделдетіп, көмекке мұқтаж жандардың қажеттіліктеріне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік береді.

Интеграцияланған модельді іске асыру мақсатында Отбасын қолдау орталықтары жанынан аудан, қала әкімдерінің өкімдерімен бір жылдық мерзімге  мобильдік топтар құрылған. Облыс бойынша бұл топтардың құрамына 4 997 адам енгізілген. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдарынан 613 адам, ішкі істер органдарынан 674, білім саласынан 2 743, денсаулық сақтау саласынан 967 маман тартылған. Бұл – әрбір отбасы мәселесіне жан-жақты қарап, кешенді көмек көрсетуді көздейтін үлкен күш. Мобильді топтар отбасылармен тікелей жұмыс жүргізіп, олардың мәселелерін жергілікті деңгейде шешуге бағытталған. Аталған топтардың 4693 мүшесі немесе 94%-ы арнайы семинарларда оқытылып, біліктілігін арттырған және жүйеге тіркелген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Отбасылық құндылықтарды сақтау – ұлттың болашағын сақтау. Біз ұрпақ тәрбиесіне, аналарды қолдауға, әйелдердің қоғамдық белсенділігіне баса назар аударуымыз керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл жай ғана құқық бұзушылық емес, бұл адам тағдырына, отбасына, қоғамға тікелей әсер ететін үлкен әлеуметтік проблема» деген сөзі қазіргі таңдағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде осы саладағы барлық деңгейдегі жұмыстардың негізіне айналған.

Осыған орай, Түркістан облысында отбасылық құндылықтарды насихаттау, неке мен ата-аналық жауапкершілікті нығайту, жастарды тәрбиелеу, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Бұл бағытта өңірде бірқатар жобалар мен ақпараттық-насихат жұмыстары да қолға алынған. Әсіресе ауылдық жерлерде ақпараттық қолжетімділікті арттыру мақсатында жергілікті әкімдіктер мен қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, арнайы кездесулер, тренингтер мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып келеді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған құқықтық және институционалдық база күшейтілді. Осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттыру үшін азаматтық қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар да жұмысқа белсенді тартылуда. Тәуелсіз сарапшылардың бағалауынша, Түркістан облысында атқарылып жатқан бұл жұмыстар өзге өңірлерге үлгі боларлық деңгейде ұйымдастырылуда.

Президенттің: «Біз заңмен ғана емес, тәрбиемен, біліммен, қоғаммен бірге жұмыс істеу арқылы зорлық-зомбылықты тоқтата аламыз. Бұл – тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың да жауапкершілігі» деген ұстанымы өңірде іске асып жатқан нақты істерден көрініс тауып отыр.


Түркістанда жаңа ойын және спорт алаңшалары пайдалануға берілді
Түркістан мен Баян‑Ғол арасында әріптестік орнады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу