Жұмыспен қамту – экономикалық тұрақтылықтың негізі
Бүгінде ел экономикасының дамуы мен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы ең алдымен еңбек нарығындағы белсенділікке, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейіне байланысты. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік саясаттың басты бағыты – азаматтарды тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету.

Қазіргі таңда елімізде жұмыспен қамтудың тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты бағдарламалар халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне жол ашуда. Мамандардың айтуынша, еңбек нарығындағы оң өзгерістер шағын және орта бизнестің дамуына, инвестициялық жобалардың артуына және жаңа өндіріс орындарының ашылуына тікелей байланысты. Әсіресе, жастар мен әйелдердің еңбекке араласуы әлеуметтік-экономикалық серпін беруде.
Премьер-министр Олжас Бектенов сөзіне сенсек Қазақстанда 2029 жылға дейін 3,3 миллион азамат жұмысқа орналасатын болады. Қазіргі таңда субсидияланатын жұмыс орындарын жүзеге асыру тәртібіне, сондай-ақ гранттар беру қағидаларына өзгерістер енгізілуде.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше ағымдағы жылдың 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 237,3 мың адам қамтылған, ал жалпы 529,6 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылған. Мансап орталықтары арқылы 137 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген. Сонымен қатар: сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытуға – 51,1 мың адам тартылса, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша – 44,3 мың адам оқыған. Жұмыс берушілердің өтінішімен кәсіптік оқытуға – 4 892 адам жіберіліп, 375-і оқу соңында жұмысқа орналасты дейді мамандар. Жыл басынан бері 261,9 мың азамат кәсіптік бағдарлау мен кеңес алу қызметтерін пайдаланыпты.
Әрине, жұмыспен қамту – тек бір реттік көмек емес, қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жүйелі саясат. Сондықтан да мемлекет еңбек нарығын заман талабына сай жетілдіріп, цифрлық технологияны енгізіп, азаматқа қызмет көрсетуді одан әрі оңтайландырып келеді.
Бүгінгі таңда әр аймақта атқарылған жұмыс – мыңдаған азаматтың жаңа мүмкіндікке ие болуына жол ашты. Бірі – кәсіп бастады, бірі – мамандық меңгерді, тағы бірі – ең алғашқы еңбек жолын бастады. Бірақ олардың әрқайсысы үшін бұл – жай жұмыс емес, өмірдің жаңа тарауы.
Халықты жұмыспен қамту – бұл тек экономикалық міндет емес. Бұл – адамның қадірін, қоғамның тұрақтылығын, елдің ертеңін ойлаудың көрінісі. Еңбекке бағытталған әр бағдарлама – әр отбасына үміт, әр азаматқа сенім, әр өңірге серпін.


