Инклюзивтілік – бүкіл қоғамның бірлігі мен мәдениетінің көрсеткіші
Қазіргі қоғамның басты құндылықтарының бірі – адамның қадір-қасиетін құрметтеу. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар да осы қоғамның тең құқықты мүшелері. Оларға қолдау көрсету, өмір сүруге, оқуға, еңбек етуге және қоғам өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік беру – әр азаматтың және тұтас мемлекеттің борышы.

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Себебі мүмкіндігі шектеулі жандардың саны жыл сайын артып келеді. 2025 жылғы жағдай бойынша елімізде мүгедектігі бар адамдар саны шамамен 737,4 мың адамды құрайды. Оның ішінде 120 мыңдайы балалар. Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың білім алуға, еңбек етуге, әлеуметтік қорғау және жәрдемақылар алуға, қозғалым еркіндігіне, медициналық көмеке жүгінуге, қоғамдық шараларға қатысуға құқылы. Осындай құқықтардың мүмкіншілік аясын кеңейту мақсатында 2021 жылы "Мүгедектердің құқықтарын қорғау" туралы заң қабылданған болатын. Заңда мүгедек жандардың еңбек құқықтары, білім алу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау секілді құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар шаралар қамтылып, жүйелі жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ мүгедек жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар да сәтті іске асырылуда. Ұлттық жоспар 7 бағытты қамтиды: мүгедектік профилактикасы мен алдын алу, білім алуға қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері.
2025 жылы әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерге мемлекеттен 448 млрд теңге бөлінген. Ағымдағы жылғы 1 шілдедегі мәліметке сай, мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушылардың орташа мөлшері 78 329 теңгені құрайды. Ерекше қажеттілігі бар адамдар өздерін толыққанды азамат сезіну үшін оларға қолайлы, жайлы ортаны қалыптастыру аса маңызды. Әсіресе олардың көшеде, ғимараттарда жүріп-тұруы үшін ыңғайлы инфрақұрылымның болғаны жөн. Осы мақсатта елімізде мүгедектер үшін инфрақұрылымның қолжетімділігі жақсарып келеді. Соңғы жылдары Қазақстанның көптеген қалаларында көше мен қоғамдық орындарда арнайы пандустар орнатылып, көлік құралдары мен қоғамдық көліктердің мүгедектерге қолайлы болуы қамтамасыз етілді. Нашар көретіндерге арналған арнайы жолдар, қала орталарына лифттер, дыбыстық бағдаршамдар және шағылыстыратын белгілерді қалалардан байқауға болады.
Қазіргі қоғамның ең биік өлшемі – оның мейірімі. Ал мейірімі тасып тұрған ел әрбір азаматының мүмкіндігін шектемей, қолдау көрсетіп, өмір сапасын арттыруға ұмтылады. Инклюзивті қоғам құру – бүгінгі күннің талабы ғана емес, адамзаттың өркениетке қарай нық басқан қадамы.
Мүмкіндігі шектеулі жандар – ерекше жандар. Олар да армандайды, олар да еңбек етеді, олар да қоғамнан өз орнын табуға ұмтылады. Сол үшін оларға мүсіркеу емес, тең мүмкіндік, қолжетімді орта, қолдау мен сенім қажет.


