Қаржылық сауаттылық – тұрақты экономикалық дамудың негізі

Oinet.kz 25-10-2025 88

Қаржылық сауаттылық – заманауи қоғамның маңызды көрсеткіші. Ол азаматтардың жеке қаржысын тиімді басқаруға, дұрыс шешім қабылдауға және қаржылық тұрақтылыққа жетуіне мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болып отыр.

Screenshot_13.jpg

   Қаржылық сауаттылық дегеніміз – табыс пен шығынды жоспарлау, жинақ пен инвестицияны басқару, несие мен салық жүйесін түсіну қабілеті. Бұл дағды әрбір адамның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жалпы ұлттық экономиканың тұрақтылығына әсер етеді. Қаржылық сауатты азамат тұтынушылық шешімдерді саналы түрде қабылдап, артық қарызға батудан, алаяқтықтан және тиімсіз инвестициядан қорғана алады.

     Өкінішке қарай, Қазақстанда тұрғындардың ақшаны тиімді басқару, жұмсау, несие, оның пайыздары секілді қаржылық ілім-білімнің аздығы байқалады. Сарапшылар елдегі қаржылық сауаттылық индексі ТМД елдері бойынша орташа көрсеткіштен төмен екенін айтады. Мұның басты себебі қазақстандықтардың несие саясатын жетік түсінбегендіктен несиеге шамадан тыс жүгінуі дейді мамандар. Қазіргі таңда азаматтардың  банктерге 24 трлн берешегі бар.   Соған қарамастан халықтың несиеге деген сұранысы кеміп отырған жоқ, керісінше артуда. Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қазақстандықтардың рәсімдеген несиесі  44,5 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 трлн теңгеге немесе 22%-ға артық екен. Кейінгі жылдары халықтың қаржылық сауаттылық деңгейінің төмендігін өз пайдасына асыратын алаяқтар көбейді. Шоттағы ақшаны шешіп алу, біреудің атынан несие рәсімдеу секілді оқиғалар осыған куә. Бұған тағы қаржы пирамидаларын қосыңыз. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру ел саясатының басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Елдің тұрақты экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қаржылық сауаттылықтың маңыздылығын атап өткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың барлық топтары арасында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған білім беру бағдарламалары мен бастамаларын жүргізу қажеттігін айтқан болатын.  Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында   қазіргі таңда қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша арнайы «Жол картасы» əзірленді. Оқу-ағарту министрлігі және  Жоғары білім жəне ғылым министрлігі арасындағы  ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде мектеп, колледж жəне жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары əзірленді. Өткен  жылдан бастап оқушылар үшін мектептерде «Жаһандық құзыреттілік» курсы, ал колледждер мен ЖОО-да «Кəсіпкерлік» курсы бағдарламаға енгізіліп, оқытылуда. Мұндай курстар 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларын қамтып,  сауатын арттыруға мүмкіндік береді. 

    Қоғамдағы  «Аңқау елге арамза молда»  пиғылын тоқтату мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асып, алғашқы жемісін де салып үлгерді.  Жемісті жобалардың қатарына «Amanat» партиясы бастамашы болған, Мемлекет басшысы қолдаған  «Қарызсыз қоғам» жобасын атауға болады. Екі жылдың ішінде пилоттық жоба тиімділігін дәлелдеп, қарызға белшесінен батқан талай адамды «құтқарды». Әсіресе, заңсыз қарызға батқандардың жүктемесін дәл осы «Қарызсыз қоғам» жобасы азайтты.  Халықтың қаржылық бағытта көзін ашқан бағдарлама аясында 2023 жылдан бері 845 мың адам қаржылық сауаттылық курстарынан өтіпті. Ал биыл   жобаға 800 мыңнан астам қазақстандық жүгініп,  110 мыңы тегін заңгерлік кеңес алған. Олардың 360 мыңы нақты көмек алыпты. Жыл соңына дейін жоба жетекшілері курстан өтушілер санын 1 миллионға жеткізуді жоспарлап отыр.  «Қарызсыз қоғам» жобасының атқарушы директоры Олжас Ордабаевтың айтуынша биыл жоба қызметкерлеріне жалпы қарыз жүктемесі 28 миллиард теңге болатын 40 мыңнан астам адам жүгініпті. Мамандардың араласуы нәтижесінде  миллиард теңгеден астам берешекті есептен шығаруға немесе қайта құрылымдауға мүмкіндік пайда болған.  Яғни 25,6 мыңнан астам азамат қаржылық қарыздарын қайта құрылымдау үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне бағытталса, 15 мыңнан астам өтініш банк шоттарының бұғатталуына қатысты тіркелген.  «Бірде айыппұлдар мен өсімпұлдар алынып тасталды, енді бірде төлем кестелері түзетілді. Бұл жай ғана сандар емес, бұл – адамдардың тағдыры»,- дейді ол.

         Қаржылық сауаттылықты арттыру мәселесі сөз болғанда әрине алдыңнан кадр, маман мәселесі көлденеңнен шығады. Себебі халыққа үйрету үшін мықты маман, білікті кадр қажет. «Қарызсыз қоғам» жобасы бұл проблеманы да айналып өтпеді.  2024 жылы Финляндия мен Эстония тәжірибесі негізінде бейімделген бағдарлама әзірленіп, 7,5 мың педагог оқытылды дейді жоба өкілдері. 

     Айтпақшы, жақында ғана Қаржы мониторингі агенттігі «Заң мен Тәртіп» және «Адал Азамат» тұжырымдамаларын ілгерілету мақсатында, «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы мен Halyk Bank қолдауымен республикалық қаржылық қауіпсіздік бойынша диктант өткізген болатын.   Ел ішін қамтыған ауқымды шараға 3 миллионнан адам қатысты.  Әсіресе Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары диктантқа ерекше белсенділік танытты. Нәтижесінде әр өңірден 10 жеңімпаздан, барлығы 200 адам марапатталып, олар дипломдар, сертификаттар және бағалы сыйлықтарға ие болды. Бұл шара азаматтардың қаржылық сауаттылыққа бей-жай қарамайтындығын, деңгейін көтеруге деген талпыныстарының жоғары екендігін дәлелдеді. 

       Қаржылық сауаттылық – тек бай болу жолы емес. Бұл – тұрақтылық, бұл – сенімділік, бұл – өмірді басқару мәдениеті. Өз қаржысын басқарып үйренген адам қандай жағдай болса да, тығырықтан шығатын жолды таба алады.

        Экономистердің айтуынша, кез келген қоғамның әл-ауқаты оның тұрғындарының қаржылық сауаттылық деңгейімен өлшенеді. Егер әр азамат ақшасын дұрыс басқара білсе, мемлекет те қаржылық дағдарысқа төзімді, қоғам да тұрақты болады.

       Қаржылық сауаттылық – ертеңгі күннің қамы. Ал ертеңін ойлаған адам бүгіннен бастайды. Білім алып, дағды қалыптастырып, табысын үнемдеп, жинақ жасап, қаржы әлемінде адаспай жүре алған адамның болашағы баянды болмақ.

Инклюзивтілік – бүкіл қоғамның бірлігі мен мәдениетінің көрсеткіші
Салық жүйесіндегі әділдік, ашықтық экономикалық өсімінің кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу