Облыста 66 спорт нысаны пайдалануға берілген
Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың айтуынша, облыста 3540 спорт нысаны тіркелген. Бұл нысандардың 3041-і ауылдарда, ал 499-ы қалада орналасқан. Ауылдағы үлесі 86 пайызды, қаладағы үлес 14 пайызды құрайды. 1000 адамға шаққанда халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 43,5 пайызды құрап отыр.
– Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен облыс әкімі аппаратының мәжілісінде аудан, қалаларда спорт нысандарына деген қажеттілікті реттеу бағытында жасалған 3 жылға арналған кешенді даму жоспары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Ол жиында аймақ басшысы спорт инфрақұрылымын және бұқаралық спортты дамыту бойынша бекітілген индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл – өте өзекті мәселе. Жасөспірімдер мен жасар арасында теріс әдеттердің алдын алу үшін спортты дамытудың маңызы зор. Осы бағытта да кешенді жоспар әзірленуде. Облыс әкімі спорт нысандарын салуда тек мемлекеттік бюджет емес, жеке кәсіпкерлер мен демеушілерді тарту да маңызды екенін атап өткен болатын. Ол бойынша жұмыс атқарылуда, – дейді Ғалымжан Худияров.
Спорт инфрақұрылымын жақсарту мақсатында облыс көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. 10 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі. Биыл тапсыру көзделген 102 спорт нысанының 66-сы ел игілігіне берілген. Спорт инфрақұрылымын дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жоспары бойынша бюджет арқылы 3 жылда 55 нысанның құрылысын жүргізу көзделіп отыр.
2025 жылы 16 ғимаратқа жөндеу (14 нысанға ағымдағы жөндеу, 2 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары) жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 15 нысанның жұмыстары толық аяқталды, 1 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.
Биылғы 10 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесі 911 мыңнан асып, халықтың 42,4 пайызын құрады. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 264 мыңға жетіп, 32,9 пайызды құраған. Биыл мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 167 өнім беруші арқылы тегін үйірмелерде 24480 бала шұғылдануда. Сонымен қатар Түркістан қаласында орналасқан ірі спорт нысандарында барлық жастағы тұрғындар үшін апта сайын тегін қызмет көрсету сағаты енгізіліп, ай сайын 1000-ға жуық қала тұрғыны спортпен айналысып келеді. Ел арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында биыл облыс аумағында 3200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,5 пайызға өскен.
Облыста халықаралық, республикалық және облыстық жарыстар тұрақты түрде өтіп жатыр. Спорт саласына көрсетілген қолдау нәтижесінде облыс спортшылары 2025 жылдың 9 айында Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1248 медаль жеңіп алды. Бұл – 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға жоғары.


