Түркістан қаласы: Құрылыс жұмыстары инфрақұрылымды жақсарту, туризмді дамытуға бағытталған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда туризм мен қызмет көрсету саласы және инфрақұрылымды жақсартудың маңызын ерекше атап өткен болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстың бірқатарына тоқталсақ. Соның бірі – туризм.
Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру, халықаралық бағыттағы туристер ағынын көбейту мақсатында көрші Өзбекстан Республикасымен арадағы туризм саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері кешегі өткен кездесуде жан-жақты талқыланған болатын. Яғни, Түркістан қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес қала әкімінің орынбасары Аманжол Бақытжанұлының қатысуымен ANEX Tour компаниясының Өзбекстандағы бас менеджері Айдын Акиповпен кездесу өтті.
ANEX Tour – әлемнің 50-ден астам елінде қызмет көрсететін халықаралық туристік компания. 1996 жылы құрылған бұл компания бүгінде Түркия, БАӘ, Мысыр, Таиланд, Испания және Өзбекстан секілді елдерде табысты жұмыс істейді. Өзбекстан нарығында ANEX Tour Uzbekistan туроператоры елдің мәдени және тарихи қалаларына сапар ұйымдастырып, туризм бағытын белсенді дамытып келеді. Кездесу қорытындысында Түркістан қаласы әкімдігі мен ANEX Tour компаниясы өңірге туристер тарту және бірлескен туристік жобаларды жүзеге асыру бағытында серіктестік орнатуға уағдаласты.
Келесі Президент тапсырған мәселе туристік қаланың инфрақұрылымын дамыту. Бұл жұмыс Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының жеке бақылауында. Ол кешегі күні қаланың инфрақұрылымдық дамуы мен абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап, бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмысының барысымен танысқан болатын. Алдымен қала басшысы Арнайы экономикалық аймақ аумағында жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым желілерін тарту жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта мұнда 306 жарық бағанасы, 230 автотұраққа арналған жарық шамы және 191 жол белгісі орнатылуда. Сонымен қатар жол инфрақұрылымын толық қамтамасыз ету бағытында инженерлік жүйелерді тарту және аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қала басшысы мердігер ұйымдарға жұмыстардың сапасын қатаң бақылауға алуды және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, Әзімбек Пазылбекұлы Бекзат шағын ауданында орналасқан өндірістік парк аумағындағы құрылыс нысанында болды. 20 гектар аумақта жүзеге асырылып жатқан бұл жоба бойынша «Aspan Energy KZ» және «Түркістан жарық тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арасында келісімшарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда аймақта 5 өндірістік парк нысанының құрылысы жүріп жатыр, инженерлік желілер тартылып, ғимараттардың іргетасы қаланған. Жоба Түркістан қаласының индустриялық-инвестициялық әлеуетін арттыруға, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталып, кәсіпорындарды іске қосу көзделіп отыр.
Қала әкімі сондай-ақ 11 көше бойында орналасқан Сот ғимаратының маңындағы бос жер учаскесіне абаттандыру жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныстар енгізіп, бұл аумақта заманауи аллея салу жоспарын құруды тапсырды. Бұдан бөлек, Әзімбек Пазылбекұлы Шымкент тас жолы, 32 көше және Қожабаев айналма жолдары бойындағы көгалдандыру жұмыстарының барысын тексерді. Бұл бағыттарда «Өнім» мекемесі тарапынан тал отырғызу және жасыл аймақ қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қала әкімі егілген ағаштар мен гүлдердің күтімін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтіп, барлық жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылайтынын жеткізді.
Атап өтерлігі, бүгінгі күні Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан барлық нысандардың уақтылы әрі сапалы аяқталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.
Осы ретте атап өтерлігі, жуырда Түркістанда туристерді қызықтыратын халықаралық талапқа сай атшабар пайдалануға берілетін болады. Жалпы Түркістанда әлеуметтік, туристік, мәдени және спорт нысандары көбейіп келе жатқаны белгілі. Солардың арасында халықаралық талапқа сай салынған атшабар да туристерді тартатын бір нысан болғалы тұр.
Ипподромның құрылысын «ВД Строй-инжинеринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Бүгінде нысан басында 200-ге жуық жұмысшы, 53 техника жұмысқа тартылған. Электр, су, жылу, кәріз жүйелері жүргізілуде. 1500 жанкүйер арналған трибуна, 4 қысқы қора, 2 жаздық қора мен манеждің құрылыс жұмыстары аяқталған. Қазір құрал-жабдықтары орнатылуда. Атшабарда жылқыларды күтіп-ұстайтын орындар, ветеринарлық бекет, жем мен шөп қоймасы, бәйге алаңы мен көкпар ойнайтын алаң бар. Жалпы ат спортын дамытуға барлық жағдай жасалады. Нысан жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарланған.


