Арыс қаласы: Құрылысты іске асыру – елімізді әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамытудың тиімді

Oinet.kz 20-11-2025 17

1547549150_kurylys.jpg

Елімізде құрылыс саласы соңғы жылдары жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Бұл сала ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналды десек те қателеспейміз. Дегенмен, бұл саланы дамыту жұмыстары заман ағымымен бірге жүре берері сөзсіз. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында құрылыстың барлық кезеңін толық есепке алуды қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажеттігін айтты. Соның ішінде, қала құрылысы саласына ерекше тоқталып, бұл бағытқа баса мән беру керектігін жеткізді. Бүгінгі күні Арыс қаласында құрылыс саласында жаңа өндірістік парктің құрылысы қарқынды жалғасын табуда. Осы парктің жұмысымен қала әкімі Қайсар Маңқараев арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады.

Бүгінгі күні өндірістік аймақта жер бедерін тегістеу және инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өндірістік ғимараттардың құрылысы басталып кеткен. Нысанда құрылыс техникасы үздіксіз жұмыс істеуде, дайындық жұмыстары толыққанды өндіріс кезеңіне өтуге жақын. Қала әкімі жобаның маңызын атап өтіп, құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, межеленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құру – қала экономикасын дамытудың негізгі бағыты екенін жеткізді.

Жалпы Арыс–Отырар тас жолы бойында орналасқан 1,44 гектар аумақтағы өндірістік паркте бес бағыттағы жоба жүзеге асады. Атап айтқанда: термопанель, пластик есік-терезе, жиһаз, бақша өнімдерін терең өңдеу, сондай-ақ тротуар плиталары мен бордюр бұйымдарын өндіру. Бұл жобалардың жалпы құны – 215 миллион теңге. Іске қосылған кезде 30-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жоба Арыс қаласының индустриялық әлеуетін арттырып, кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін бермек.

Сондай-ақ Арыс қаласында француздық Alstom компаниясымен бірлескен электровоз шығаратын зауыт құрылысы салынуда. Бұл жобаның іске асуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Alstom – теміржол саласына арналған локомотивтер, жоғары жылдамдықты пойыздар мен трамвайлар өндіруде әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын франциялық ірі машина жасау компаниясы болып табылады. Бұл жобаның жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайды. Жобаны жүзеге асыру аясында 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы аумағы 2,9 гектарды алып отырған зауыт жылына 2 мыңға жуық электровоз құрастыруға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ бұл жерде теміржол құрамдарына техникалық қызмет көрсету бағыты да дамытылады.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев құрылыс алаңына барып, жұмыстардың барысымен танысты. Қазіргі таңда нысан бойынша инженерлік жүйелерді тарту бойынша тиісті техникалық шарттар алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмаларын рәсімдеу толығымен аяқталған. Қала басшысы мемлекет тарапынан жобаға қажетті қолдаулар толық көрсетіліп, туындауы мүмкін мәселелерді уақтылы шешу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Президент айтқандай, тұрғын-үй құрылысы саласында соны серпін байқалады. Жаңа тұрғын алқаптар бой көтеріп, оның айналасы абаттандырылып, жаңа инфрақұрылыммен қамтылып, ел игілігіне берілуде. Мәселен, Арыс қаласының орталығындағы Әл-Фараби көшесінде орналасқан №6 және №8 көппәтерлі тұрғын үйлерде көптен күткен игілікті іс жүзеге асырылуда. Бұған дейін тұрғындар көмір тасып, күл шығарумен әбігерге түсетін болса, енді бұл машақат артта қалмақ. Үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу үстінде. Аталған үйлердің тұрғындары көктем айында қала әкіміне жеке қабылдау кезінде өтініш білдіріп, жылу мәселесін шешіп беруді сұраған болатын. Қала басшысы өтінішті назарға алып, тиісті мекемелерге нақты тапсырма берген еді. Техникалық мүмкіндіктер зерттеліп, үйлердің жүйеге қосылуына толық жағдай бар екені анықталған соң, қажетті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде бүгін тұрғындар көптен күткен жылыту жүйесіне қосылуға мүмкіндік алып отыр. Бұл – қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мен қолайлы өмір сүру жағдайын жасау бағытындағы жұмыстардың бір көрінісі.

Бұдан бөлек, тұрғындардың тағы бір өзекті мәселесі – аула аумағындағы жағдай болатын. Күз бен көктем мезгілдерінде лай мен қалдық су жиналып, жүріп-тұру қиындық тудыратын. Бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда аулаға үш нүктеге жарық шамдары орнатылып, жақын күндері асфальт жол төсеу жұмыстары басталмақ. Жаңарып, көркейіп келе жатқан тұрғын үй ауласын көрген тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріп, атқарылған жұмыстарға алғыстарын айтты. «Бұрын көмірмен әбігерге түсетін едік. Енді үйіміз жылы, таза әрі жайлы болмақ. Аула да жарықтанып, жол төселсе, бәрімізге қуаныш,»  дейді тұрғындар.

Бған дейін Почтовый шағын ауданындағы Асылбеков көшесінде орналасқан бес тұрғын үйдің ауласында кешенді жаңғырту жүргізілген болатын. Асфальт жол төселіп, төрт жерге автотұрақ салынған. Сонымен қатар, әрбір үйдің кіреберісіне демалыс орындықтары мен қоқыс жәшіктері орнатылмақ. Нақтырақ айтқанда, 12 кіреберіске 24 орындық және 24 қоқыс жәшігі қойылды. Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев бұл салаға бұдан былай да барынша көңіл бөлінетіндігін айтты. «Қорыта айтсақ, елімізде құрылыс саласы тұрақты дамып келе жатқан маңызды сектор деуге негіз бар. Тиісінше, бұл сала елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықты баспанамен қамтуға және өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға тікелей әсер етіп жатыр. Мемлекеттік қолдау, цифрландыру және инвестициялық ахуалдың жақсаруы құрылыс саласының одан әрі өркендеуіне мүмкіндік беруде. Демек, Мемлекет басшысының бастамасын іске асыру – елімізді әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамытудың тиімді бір жолы деп айтуға болады» дейді қала әкімі Қайсар Маңқараев.

Сарыағаш: Бау-бақша өнімі артып отыр
Сайрам: Маңызды ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу