Келес: Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 57,4 миллиард теңгеге жетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында өңдеу өнеркәсібін дамытуды тапсырған болатын. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Келес ауданында өнім өңдеуші агроқұрылымдардың күшімен биыл мол өнім жиналып отыр. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, жыл басынан бері аудан бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 57,4 миллиард теңгеге жетті. Салаға 11 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 132 пайыздық өсімге қол жеткізілген.
Биыл ауыл шаруашылығы өнімі үшін 22,9 мың гектар алқапқа егіс егіліп, оның 12 мың гектардан астамы көкөніс пен бақша дақылдарын құраған. Сонымен қатар 1168 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп, жоспар толық орындалған. Қазіргі таңда аудан бойынша төрт түлік саны 500 мың басқа жеткен. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің маңдай терінің, қажырлы еңбегінің жемісі екені даусыз.
Сонымен қатарауданда су шаруашылығын дамыту бағытында да маңызды жұмыстар атқарылып ауыл шаруашылығы өнімінің артуына өз септігін тигізуде.
– Биыл егіс алқаптарына ағын су жеткізу мақсатында 86,9 шақырым су арналары мен қашыртқылар тазаланып, 2120 гектар жерге ағын су жеткізу мүмкіндігі артты. Алдағы уақытта 127,9 шақырымды құрайтын 10 магистралды каналға бетон қаптау жобасы жүзеге асырылатын болады, – деді аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев.
Күз айы берекенің, мерекенің айы. Күзгі жиын-терім жұмыстарының аяқталуына байланысты Келес ауданында ауыл еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Абай ауылында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, ауыл шаруашылығы саласында үздік нәтиже көрсеткен еңбеккерлерді марапаттады. Мерекелік жиында сөз алған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Келес өңірінің аграрлық саласы жыл сайын тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. «Келестің басты күші – еңбекқор азаматтарымыз. Еңбегі еленген әрбір шаруа ауданның дамуына үлес қосып отыр. Біз ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын боламыз, – деп атап өтті өз сөзінде аудан басшысы.
Мереке барысында еңбегімен елге үлгі болған шаруалар мен округ әкімдері түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Жаңақоныс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Құрманғали Турумбетов – «Озат көкөніс өндіруші», «Мейіржан» шаруа қожалығының жетекшісі Мейіржан Абдималик – «Озат ет өндіруші», ал «Береке-Ынтымақ» шаруа қожалығының басшысы Оразәлі Дарменшеев – «Озат шопан» аталымдары бойынша үздік деп танылды.
Ал жыл қорытындысы бойынша ауылдық округтер арасында Біртілек ауылдық округі – І орын, Бірлік – ІІ орын, Жамбыл – ІІІ орын иеленді. Мерекелік шараның көркін өнерпаздар орындаған ән мен күй жандандырды. Әнші Наркенже Серікбаева тамаша ән орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Балалар саз мектебінің шәкірттері орындаған «Ерке сылқым» және «Балбырауын» күйлері кештің сәнін арттырды. Шара концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.


