Түркістан облысындағы заманауи тұқымбақтарда өсірілген ағаштар өңір экологиясын жақсартуда үлес қосу

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын және өзге де тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Түркістан облысында экологиялық құндылықтарды, табиғатқа деген қамқорлық қатынасты қалыптастыру, сана мен ой тазалығын сақтау бағытында жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Мәселен, Түркістан өңірінде өткен аптаның өзінде елді мекендерде 190 тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 40256 тұрғын қатысып, 186 тонна күл-қоқыс шығарылыпты. Сондай-ақ өңірде «TazaQazBot» ақпараттық жүйесі сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда жүйеге 3354 өтінім түскен. Оның ішінде, 3346-сы орындалса, 8 өтінім орындалу барысында. Биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға 25810 хаттама толтырылған. Жалпы 551,2 миллион теңге айыппұл салынып, оның 304,9 миллион теңгесі өндірілген.
Абаттандыру жұмыстарына қажетті тал-дарақтар «Жасыл аймақ» тұқымбақтарында дайындалуда. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жаңадан жасақталған тұқымбақтың дайындығын бақылап, жүйелерін тексерді. Ал «Жасыл аймақ» мекемесі басшысының орынбасары Нұржан Ташкеновтің баяндауынша, тұқымбақта қылқан жапырақты, жұмсақ жапырақты, сәндік және бұта тектес ағаштардың көшеті өндіріледі. Тұқымбақты іске қосу желтоқсан айына жоспарланған. Облыс әкімінің орынбасары «Жасыл аймақтағы» өскіндердің жағдайын, топырақты құнарландыру барысын да бақылады.
Биыл жасыл белдеу аумағындағы 825 гектар мәдени орман екпесіне органикалық және минералдық тыңайтқыштар берілген. «Нәтижесінде топырақ құрамы жақсарып, тұз көлемі азаяды және көшеттердің тамыры бекиді» дейді мамандар. Сонымен жасыл белдеу аумағының 63 пайызы ұңғымалар арқылы, 25 пайызы су арналары арқылы суарылса, 12 пайызына су сорғылары арқылы жеткізіледі. Қазіргі таңда 55 сорғы жөнделіп, қалпына келтірілген. Жалпы жасыл белдеу аумағы қазіргі таңда қоршалған. Кешенді жоспарға сәйкес, 900 гектарға сексеуіл тұқымын себу жоспарлануда. облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков суғару жүйелерін қайта түгендеуден өткізуді тапсырды. Көктемге дейін жүйе ақаулары жойылып, жұмысқа толық дайын болуы керектігін ескертті. Тұқымбақтың дайындығына қатысты да бірқатар тапсырмалар берді.
Жетісай ауданында ауқымды сенбілік өтіп, 7 мыңға жуық түрлі көшет өтырғызылды. Ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға арналған шараға мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен жергілікті мәслихат депутаттары, ауданның белсенді жастары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Екі мыңға жуық адам мен 15 техника жұмылдырылған санитарлық тазалық жұмыстары қала, кент және барлық ауылдық округтерде арнайы бекітілген кесте негізінде жоғары деңгейде жүргізілді. Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, саябақтар мен көшелерді, арық-атыздарды тазаласа, тұрғындар үйіргелік жерлерін, ал кәсіпкерлер кәсіпкерлік нысандарына жапсарлас аумақтарды күл-қоқыстардан, қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
Өткен жылы бастау алған аталмыш шара аясында ауданда жыл басынан бері 100 мыңға жуық тұрғын мен 280 техника жұмылдырылған 77 ауқымды сенбілік өткізіліп, тазалық жұмыстары барысында 692 тонна күл-қоқыс тиісті орындарға шығарылған. Сонымен қатар ауданда Жасыл белдеу қалыптастыру, көгалдандыру жұмыстарын жоспарға сай жүргізу мақсатында 7 мың түп түрлі ағаштардың көшеті отырғызылып, көлік қозғалысына кедергі келтіретін ағаштар бұталған. Былтыр аудан тұрғындары жиі баратын демалыс орындары мен скверлерге, парктер мен аллеяларға 23 мың түп туя, сән ағаштары, сирень, шынар, қарағаш, қарағай, каштан мен бадам секілді көшеттер отырғызылса, биыл тағы 30 мың түп көшет егу жоспарлануда.
Мұндай шаралардан Қазығұрт ауданы да тыс қалып отырған жоқ. Ондағы бір күндік акция аясында аудан орталығы мен ауылдық округтерін қоса алғанда 5 мың түп қарағаш және 25 түп терек ағашы отырғызылды. Жалпы шараға 1500-ге жуық адам қатысып, туған өлкенің экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлесін қосты. Ал Шардара ауданында аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың бастамасымен Шардара қаласында кең көлемді көгалдандыру шарасы өтті. Акция барысында қала аумағындағы негізгі саябақтар мен жол бойларына барлығы 5500 түп ағаш көшеті отырғызылды.
Іс-шара барысында саябақтарда, сондай-ақ Шардара қаласынан шығатын «Шардара–Жетісай, «Шардара–Келес» және «Шардара–Арыс» бағыттарындағы жол жиегіндегі қоршалған арнайы аумақтарда көшет отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды. Акцияға Шардара ауданы әкімдігіне қарасты барлық дербес бөлімдердің қызметкерлері, қала әкімдігінің мамандары, ерікті жастар, қоғамдық ұйым өкілдері, «Шардара шаруашылық қызметі» КММ қызметкерлері және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары белсенді қатысты.
Бұл акция Арыс қаласында да игі іске ұйысып, жалпықалалық ағаш отырғызу акциясы өтті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев пен ардақты қариялар, белсенді жастар, мемлекеттік қызметкерлер, мешіт имамдары мен түрлі мекеме ұжымдары белсене қатысты. Алғашқы көшеттер қала орталығындағы Құрметті азаматтар аллеясында отырғызылды. Мұнда ардагерлер, этно-мәдени орталық өкілдері мен еріктілер бірлесе 50-ден астам қарағай көшетін отырғызса, дайындық жұмыстарын «Жасыл Арыс» КММ ұжымы алдын ала үйлестіріп, жер телімдерін әзірлеп, су көздерін қолжетімді етті. Игі іс одан әрі «Жеңіс» скверінде жалғасты. Мұнда да жұртшылық жұмыла еңбек етіп, 250 түп жас талды топыраққа қондырды. Әр көшет ерекше ықыласпен отырғызылып, ортақ іске деген жауапкершілік пен ұйымшылдық айқын сезілді. Шара барысында қала әкімі аға буын мен жастардың бірлескен белсенділігіне ризашылығын білдірді.
«Арыс әрқашан бірлігімен, жанашыр халқымен мықты. Бүгін соның тағы бір дәлелі болды. Ұрпақтар сабақтастығы деген – осы. Еккен талдарыңыз жайқалып, ел игілігіне айналсын!» – деді қала басшысы. Шараның ең ауқымды бөлігі Арыс–Шардара автожолының бойында өтті. Бұл жерде мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен белсенді тұрғындардың қатысуымен 3 700 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Айта кетейік, егілген ағаштардың барлығы – Арыстағы жергілікті тұқымбақта өсірілген, топырақ пен климат жағдайына толық бейімделген көшеттер. Акцияға қатысушылардың әрқайсысы бұл жұмысты тек сенбілік деп емес, туған жерге деген құрмет деп қабылдап: «Бұл талдар – болашаққа қалдырған аманатымыз» деген ортақ оймен еңбек етті.
Жаппай ағаш отырғызу шарасы облыс экологиясын жақсартуға ғана емес, халықты ұйымшылдыққа, туған жерді сүюге және ортақ іске жауапкершілікпен қарауға шақырған ерекше бастама болды.


