Сарыағаш: Дарбаза ауылдық округінде атқарылған жұмыс көп

Oinet.kz 20-11-2025 8

Screenshot_6.jpg

Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылдық округінде атқарылған жұмыс көп. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, Округте инфрақұрылымдық жұмыстар бойынша  Дарбаза елді мекенінің С.Торайғыров көшесіндегі 3,5 шақырымға және Ш.Берсиев, Ш.Қалдаяқов, С.Ерубаев, А.Оразбаев, Амангелді көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жамбыл және Т.Тоқтаров көшелеріне тас төселген. Сондай-ақ 8 көшеге 310 жарық шамдары орнатылған. Бейбітшілік және Момышұлы көшелеріне 835 түп ағаш көшеттері отырғызылып, суару және қоршау жұмыстары жүргізілген.

Байланыс және инженерлік желілерді дамыту бағытында Құрысай елді мекенінде «Beeline» операторының 4G жоғары жылдамдықтағы базалық станциясы орнатылған. Ердәуіт елді мекенінде «Kcell» операторының 4G базалық станциясы іске қосылса, Құрысай елді мекеніндегі 26 тұрғын үйді, Тасқұдық елді мекенінің 116 тұрғын үйін табиғи газбен және Сарысу елді мекеніндегі 65 тұрғын үйді таза ауыз сумен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ердәуіт және 51-разъезд елді мекендері табиғи газға қосылған.

Әлеуметтік нысандар бойынша Ердәуіт, Тасқұдық және Сарысу елді мекендерінде балалар ойын алаңшалары салынса, Сарысу елді мекенінде 200 орындық жаңа мектеп ғимараты тұрғындар игілігіне берілген.

Сонымен қатар Дарбаза ауылдық округінде «Сарыағаш құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Оның жұмысымен арнайы аудан әкімі Арман Абдуллаев танысқан болатын. Аудан басшысы кәсіпорынның даму бағытымен танысып, өндірісті кеңейтуге және ауыл шаруашылығы саласында жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамаларды жоғары бағалады.

«Сарыағаш құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Мұрат Талманның айтуынша, бүгінде серіктестікте жұмыртқа өндіруге бағытталған 96 мың бас құс өсірілуде. Өндірілген өнімдер аудан мен облыс көлеміндегі сауда нүктелеріне жеткізіліп, жергілікті нарықты сапалы жұмыртқамен қамтамасыз етуде. Биыл «Сарыағаш құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріс аясын кеңейтіп, қосымша 50 мың басқа арналған құс фабрикасының құрылысын жүргізді. Құс өсіруге арналған заманауи жабдықтар Германия мемлекетінен әкелінген. Бұл – өнім сапасын арттыруға және өндіріс тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Сонымен қатар, серіктестік биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алып, құрама жем цехының құрылысын жүргізіп, пайдалануға енгізді. Жаңа цехтың іске қосылуы құс шаруашылығының өзіндік құнын төмендетіп, өнім көлемін арттыруға жол ашты. Сондай-ақ, аудан әкімі және аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы ауылдық округ аумағында орналасқан индустриялық аймақта салынып жатқан «Альбарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өсімдік майын өндіру цехының құрылыс барысын бақылады. Аудан басшысы аталған жобаның уақытылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Әмірхановқа тиісті тапсырмалар жүктеді. Бұл жобаның жалпы құны 800 миллион теңгені құрайды. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 20 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Кәсіпорынға индустриялық аймақтан 3 гектар жер телімі бөлінген. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Цех ғимаратының қабырғалары көтеріліп, шатыр жабу жұмыстары атқарылуда.

Осы нысандардың жұмысымен танысқан аудан әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ашық форматтағы жүздесуде аудан басшысы бұған дейінгі кездесуде айтылған мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, биыл жоспарланған жобалардың нәтижелерімен бөлісті. Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Айтылған мәселелер алдағы даму жоспарларына енгізілетін болды.

Түркістан облысындағы заманауи тұқымбақтарда өсірілген ағаштар өңір экологиясын жақсартуда үлес қосу
Сарыағаш: Тегісшіл ауылының тірлігі жемісті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу