Созақ: 92 пәтерді ел игілігіне беру жоспарлануда

Oinet.kz 18-11-2025 6

image_l_1668238402.jpg

Созақ ауданында құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар аяқталып келеді. Мәселен, ауданға қарасты Қарақұр ауылында 20,3 шақырым негізгі ішкі автомобиль жолы бар. Биыл мұндағы жолдың 6,3 шақырымына асфальт жабыны төселіп, ауылдың барлық негізгі көшелері толықтай асфальтпен қамтылған.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда ауылдың негізгі көшелерінде жол белгілері мен жол кедергілері орнатылып, қозғалыс қауіпсіздігі күшейтілген. Сонымен қатар түнгі жарықтандыру жүйесі жаңартылып, ауыл көшелері 100 пайыз жарықпен қамтылып отыр. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша, ауылдың орталық көшелеріндегі жарық бағаналары безендіріліп, көріктендіру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда Қарақұр ауылындағы Наурыз көшесінде балалар ойын және шағын футбол алаңшаларының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Шаға елді мекенінің орталығында да балалар ойын алаңшасы салынуда.

Бұдан бөлек, аудан орталығындағы Жеткіншек шағын ауданында жаңа үйлер бой көтеруде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Алдымен Жеткіншек шағын ауданында жеке инвесторлардың қаржысы есебінен салынған тұрғын үйлердің құрылысын көрді.

– Жеткіншек шағын ауданында тұрғындарға қолжетімді баспана ұсыну бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, бүгінгі таңда 24 пәтерден тұратын екі қабатты үш тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беруге әзір. Сонымен қатар екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің, яғни 26 пәтердің де құрылысы тәмамдалған. Осылайша Жеткіншек шағын ауданында 50 пәтерлі тұрғын үйлер ел игілігіне беруге дайын тұр. Барлық баспаналар заманауи талаптарға сай салынған. Травертинмен қапталып, жылу және су жүйелері толық тартылған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, түсқағаздары жапсырылған, – дейді қала әкімі.

Бұдан бөлек, тағы 26 пәтерден тұратын 13 тұрғын үйдің құрылысы 90 пайызға аяқталған. Сондай-ақ, демеушілердің қолдауымен «Жаңғырту бағдарламасы» аясында бой көтеріп жатқан екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы да жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Осылайша, биылғы жылы барлығы 92 пәтерлі жаңа тұрғын үйлер ел игілігіне табысталады деп күтілуде. Аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы аталған құрылыс нысандарындағы құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударды. Жауаптыларға құрылыс талаптарының сақталуын және мерзімінде аяқталуын қадағалауды тапсырды.

Сонымен қатар аудан орталығындағы «Жастар саябағында» салынып жатқан жаңа арбат пен кітапхана ғимаратының құрылыс барысымен де танысты. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне бағытталған арбатта келушілерге қолайлы жағдай жасау, аумақты абаттандыру және жасыл желекпен көмкеру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Ал жаңа кітапхана ғимараты қазіргі заман талабына сай жабдықталып, оның ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Арыс қаласы: Қалаға қарасты ауылдық округтерде инфрақұрылым жұмыстарында серпіліс бар
Түркістан қаласының бірегей сәулеттік келбетін сақтауға басымдық беріліп отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу