Түркістан қаласының бірегей сәулеттік келбетін сақтауға басымдық беріліп отыр

Түркістан қаласының сәулеттік келбетін біріздендіру және қала аумағындағы жарнамалық нысандарды бекітілген дизайн-код талаптарына сәйкестендіру мақсатында жүйелі түсіндіру және реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы елімізде құрылыс саласы соңғы жылдары жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Бұл сала ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналды десек те қателеспейміз. Дегенмен, бұл саланы дамыту жұмыстары заман ағымымен бірге жүре берері сөзсіз. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында құрылыстың барлық кезеңін толық есепке алуды қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажеттігін айтты. Соның ішінде, тұрғын үй құрылысына ерекше тоқталып, бұл бағытқа баса мән беру керектігін жеткізді.
Тиісінше, бүгінде қала аумағында жолдар, көпірлер, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, мектеп, аурухана, балабақша құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Келешек мектептері», «Қуатты өңірлер» сияқты бағдарламалар серпін сыйлап келеді. Атап айтсақ, Түркістан қаласында жыл басынан бері 872 пәтер пайдалануға берілген. Оның 440-ы – арендалық баспаналар болса, 432-сі – кезекте тұрған отбасыларға табысталған.
Қарап отырсақ, бүгінде елімізде құрылыс саласы тұрақты дамып келе жатқан маңызды сектор деуге негіз бар. Тиісінше, бұл сала елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықты баспанамен қамтуға және өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға тікелей әсер етіп жатыр. Мемлекеттік қолдау, цифрландыру және инвестициялық ахуалдың жақсаруы құрылыс саласының одан әрі өркендеуіне мүмкіндік беруде. Демек, Мемлекет басшысының бастамасын іске асыру – елімізді әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамытудың тиімді бір жолы деп айтуға болады.
Сонымен бірге, құрылыс нысандарын салуда олардың сәулеттік келбетіне де ерекше көңіл бөлінуде. Бұған қалалы жерде басымдық беріліп, жарнамалық нысандар бірыңғай дизайн кодқа сәйкестендірілуде. Атап өтерлігі, 2003 жылғы «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңының 8-бабы 2-тармақшасына сәйкес, 2025 жылғы 18 сәуірде Түркістан қалалық мәслихатының шешімімен қала бойынша бірыңғай дизайн-код бекітілген болатын.
Дизайн-кодтың негізгі мақсаты – қала аумағындағы барлық жарнама мен маңдайша үлгілерін бірыңғай стильде реттеу, сәулеттік үйлесімділікті сақтау және Түркістанның ұлттық нақыштағы заманауи бейнесін қалыптастыру болып табылады. Осы мақсатта қала аумағында орналасқан және орнатылатын жарнама нысандары мен маңдайшалардың бекітілген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету бағытында жауапты бөлім мамандары тарапынан тұрақты мониторинг пен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қала аумағында 548 ретсіз орнатылған жарнама нысаны бөлшектеніп, жойылды. Сонымен қатар, 308 жарнамалық маңдайша мен ақпараттық тақтайша жаңа дизайн-код талаптарына сай қайта орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Түркістан қаласының бірегей сәулеттік келбетін сақтау және көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сәйкестендіру тұрақты бақылауда болмақ.


