Келес: Ауылдардың көркеюіне бар жағдай жасалуда

Oinet.kz 10-11-2025 6

2d3e19d921e343c817f6f4569cfe3212.jpg

Келес ауданында осы жылдың 9 айында өңірлік өнім көлемі 94,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 136,8 пайызды құраған. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инфрақұрылым және әлеуметтік салада ірі жобалар жүзеге асырылу үстінде. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында құны 46,4 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде жылыжай кешендері, сүт өңдеу, мал бордақылау және бау-бақша бағытындағы жобалар бар. Сондай-ақ, шалғай ауылдарда таза ауыз су, электр желісі мен жол мәселесін шешу мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған.

«Біздің басты мақсатымыз – шалғай ауылдардың әлеуетін көтеру. Инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығын дамыту арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға күш саламыз», – деді аудан әкімі.

Аудан орталығынан шалғай орналасқан Бозай, Жамбыл, Бірлік, Қошқарата, Алпамыс және Ұшқын ауылдық округтерінде көп жұмыс атқарылуда. Бозай ауылдық округі 1994 жылы құрылған. Құрамына Бозай, Тентексай, Тартоғай және Шолантөбе елді мекендері кіреді. Жалпы жер аумағы 65962 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша округте мүйізді ірі қара басы – 4650, ұсақ мал – 68 837, жылқы – 1864 басты құрап отыр. Егіншілік бағытында «Береке-Бозай» және «Әбіл» шаруа қожалықтары 840 гектар жерге бақша және біржылдық дақылдар егіп, өнімдерін жинап алған. Сонымен қатар, шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстары жүйелі жүргізілді. Биыл Марокко шегірткесінің таралуы жылдағыдан көп болғанымен, дәрілеу шараларына 40 азамат, 23 техника және бір ұшақ жұмылдырылып, зиянкестердің көзі жойылған.

Ветеринария саласында Бозай ауылында бір мал дәрігерлік пункт жұмыс істейді. Мұнда 10 маман қызмет атқарып, бірдейлендіру және профилактикалық егу шаралары тұрақты жүргізілуде. Округ бойынша 26 мың уақ мал мен 1300 мүйізді ірі қара сырғаланып, деректер электрондық базаға енгізілген. Ал инфрақұрылым бағытында Бозай ауылындағы №59 Б.Момышұлы мектебінің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Ауыл халқының 94 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Бозай және Тентексай елді мекендерінде су жүйесі толық жұмыс істейді, ал Тартоғай ауылында модульді су тазарту қондырғысы орнатылған.

Округ аумағында 14 көше бар, оның 9 көшесіне тас және асфальт жабындысы төселіп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Келешекте ішкі көшелердің бәрін кезең-кезеңімен жөндеп, толық жаңарту жоспарлануда.

Ал Бірлік ауылдық округінде табиғи газ, таза ауыз су және электр желілерін жаңарту бағытында ауқымды жобалар іске асырылу үстінде. Бірлік, Жаңатіршілік, Үшағаш және Қосөткел елді мекендерін табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізіліп, соның ішіндегі Бірлік ауылында ішкі жүйе құрылысы биыл аяқталады. Жаңатіршілікте таза ауыз су ұңғымасы жаңартылып, қосымша резервуар орнатылды. Бірлік ауылындағы бірнеше көшеде электр желілері мен бағаналары толық ауыстырылды. Білім беру саласында Үшағаш ауылында жаңа мектеп салу жобасы дайындалуда.

Бұдан бөлек, Қошқарата ауылдық округінде Жаңақоныс елді мекенінде суару арналары тазаланып, егістік алқаптарға ағын су жеткізу жолға қойылған. Ұшқын ауылында табиғи газ жүйесі толық іске қосылып, тұрғындар көгілдір отынға қосылып отыр. Ал Жамбыл-2 елді мекенінде электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, тұрғындардың сұранысына сай Бесқұбыр ауылындағы қатты қалдықтар полигоны жабылған. Сонымен қатар, Қарабура және Қошқарата елді мекендерінде заманауи спорт алаңдары мен спорт кешендері бой көтеріп, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасалған. Бұл жобалар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Ал аудан әкімнің айтуынша, Алпамыс батыр ауылдық округінде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ақжол ауылында 70 орындық, Қауыншы ауылында 100 орындық жеке балабақшалардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, Ақжол мен Қауыншы елді мекендерін сапалы электр қуатымен қамтуға бағытталған жоба жүзеге асырылуда. Ауылішілік жолдарды жөндеу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Өткен жылы Ақжол ауылының 12 көшесі асфальтталған болса, ендігі кезекте Қауыншы ауылындағы негізгі көшелерде жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Сондай-ақ екі елді мекенде жалпы ұзындығы 61,9 шақырымды құрайтын таза ауыз су желісінің құрылысы жүргізіліп, 6 мыңнан астам тұрғынды таза ауыз сумен қамту көзделген.

– Ұшқын ауылдық округінің орталығы Ұшқын ауылындағы таза ауыз су жүйесін жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Сонымен қатар, «Зах» каналынан магистралды су құбырын тарту жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Бұл жоба іске асса, Ұшқын, Достық және Қоралас ауылдары 24 сағат ауыз сумен қамтылады. Достық пен Қоралас ауылдарына табиғи газ тарту жұмыстары жүріп жатыр. 48 шақырымдық желінің 43 шақырымы салынды. Білім саласында Қоралас ауылына 300 орындық жаңа мектеп салу үшін жер телімі бөлініп, жобалық құжаттама дайындалуда. Денсаулық сақтау бағытында Достық ауылында жаңа ФАП салынып, Ұшқын ауылындағы дәрігерлік емхана күрделі жөндеуден өтті. Көше жарықтары жаңартылып, 105 шам ауыстырылды, – дейді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.

Аудан әкімі Достық ауылында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункт пен табиғи газ тарту жұмыстарының орындалу сапасын тексерді. Бүгінгі таңда Достық ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталып, нысанды пайдалануға беру алдында тұр. Бұл жоба ауыл тұрғындарын сапалы алғашқы медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Достық және Қоралас ауылдарына табиғи газ тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Ремстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобадағы 48 шақырымның 43 шақырымына газ құбырын орнатқан. Бұл нысандарды аралау барысында аудан әкімі құрылыс сапасы мен жұмыстардың мерзімінде орындалуына қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтты. «Әлеуметтік нысандардың сапасы – ең маңызды талап. Құрылыс кезінде ұсақ кемшіліктерге жол берілмеуі тиіс. Әрбір нысан тұрғындардың игілігі үшін ұзақ мерзім қызмет етуі керек», – деді Жәнібек Ағыбаев.

Әкім мердігер мекемелерге анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды және жұмыстарды белгіленген мерзімде, сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, аудан басшысы ауылдық инфрақұрылымды жаңарту мен тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту – әкімдіктің басты басымдығы екенін атап өтті.

Сонымен қатар жоғарыда аталған ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен ашық диалог орнатуы – билік пен тұрғындар арасындағы сенімді арттыруға бағытталған маңызды қадам. Біздің мақсат – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, ауылдардың көркеюіне жағдай жасау», – деді аудан басшысы. Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылым, жайылым жер, ауыл шаруашылығын субсидиялау және әлеуметтік нысандардың жағдайы жөнінде сұрақтар қойды. Әкім әрбір мәселе бойынша нақты түсіндірме беріп, жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Келес: Жәрмеңкеде 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынылды
Сарыағаш: Ауданда әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар нәтижелі шешімін табуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу