Түркістан қаласында әлеуметтік нысан құрылысының жұмыс барысы зерделенді

Түркістан қаласында салынып жатқан құрылыс нысандары билік тарапынан қатаң бақылауға алынған. Соның бірі – Түркістандағы мемлекеттік мекемеге арналған әкімшілік ғимаратының құрылысын жүргізіп жатқан «Ернур строй и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік аталған нысанның құрылысын 2023 жылдың қазан айында бастаған. Құрылыс жұмыстары кестеге сай, қызу жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылым толық тартылған. Қазіргі таңда есік орнату, абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 70-тен астам жұмысшы, 5 техника жұмылдырылған. Ғимаратты жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделуде.
Сонымен қатар Түркістан қаласындағы 1,56 гектар аумақта 60 төсек-орындық балалар оңалту орталығы салынуда. Жоба «Turkistan international airport» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілігімен іске асып жатыр. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, барлық медициналық қондырғылар орнатылған. Заман талабына сай бой көтерген орталықта балалардың ем алуына барлық қажетті жағдай қарастырылған. Нысан іске қосуға дайын. Ғимарат жақын арада ел игілігіне берілмек. Мұнда 80 жаңа жұмыс орны ашылады.
Мұнымен қатар демеушілер күшімен салынып жатқан Түркістан қаласына кіреберісте орналасқан әлемдегі озық тәжірибелерді ұштастырған еңселі мешіттің құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда мешіттің қасбеті, мұнарасы, электрмен және сумен жабдықтау, терезе орнату жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысан басында 30-дан астам адам еңбек етсе, оған 9 техника жұмылдырылған.
Көрші Өзбекстан мемлекетінің Түркістанға тартуы ретінде салынып жатқан мешіттің құрылысы осы жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Шығыстық нақыштағы еңселі мешітте 5 мың жамағат бір мезгілде сәждеге бас тигізіп, құлшылық ете алады. Жоба құны – 32 миллиард теңге. Жер аумағы 7,7 гектарды құрайтын мешіттің іргетасы 2019 жылы құйылған. Ислам орталығының жалпы аумағы – 4650 шаршы метр. Биіктігі 61 метрлік мұнаралармен көмкерілген мешіт қазіргі заман талабына сай озық үлгіде салынуда. Құрылыс жұмыстарын «МонтажСтройКом Экстра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып жатыр. Қазіргі уақытта сыртқы қасбет пен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Абаттандыру аумағы – 4,2 гектар, бұл бағыттағы жұмыстар 85 пайызға аяқталған.
Осы және басқа құрылыс нысандарының барысымен Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев арнайы танысқан болатын. Жоғарыда аталған нысан құрылысымен танысқан Еркебұлан Дауылбаев бұдан кейін облыс орталығында салынып жатқан атшабардың құрылыс жұмыстарын көрді. Спорт нысаны халықаралық талапқа сай бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталған. Мердігер мекеме – «ВД Строй-инжинеринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы аумағы – 99,3 гектар. Заманауи көпфункционалды кешенде 1500 жанкүйер сиятын трибуна, жылқыларға арналған жазғы және қысқы қоралар мен манеж қарастырылған. Атшабарда жылқыларды күтіп-ұстайтын орындар, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге алаңы мен көкпар ойнайтын алаң бар. Жалпы ат спортын дамытуға барлық жағдай жасалады. Қазіргі уақытта атшабардың астыңғы дренажды қабаты толықтай төселіп, үстіңгі қабатына құм төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар құрал-жабдықтары орнатылуда. Құрылыс жұмыстарына 30-ға жуық адам жұмылдырылып, 19 техника тартылған. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек.
Құрылыс нысандарын аралаған аппарат басшысы жауапты мердігер мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Құрылыс сапасы мен мерзімінің қатаң бақылауда болатынын атап өтіп, жұмысты уақтылы әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды. Нысандардың сапасына қатысты бірқатар олқылықтарды анықтап, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді.


