Жетісай: Өндірістік паркте кәсіпкерлерге қолдау бар

Oinet.kz 20-11-2025 6

investiczii.jpg

Мемлекет басшысы Жолдаудың біршама бөлігін инвестиция мәселесіне арнады. Инвестиция – экономиканың дамуына зор ықпал ететінін жақсы білеміз. Елімізге инвестиция тарту үшін арнайы бағдарлама дайындау қажеттігі де көңілден шығып отыр. Бағдарламаны созуға болмайтыны, оны шұғыл шешу қажеттігін баса атап өтті. Өңірлерге инвестиция тартудың маңызы зор екенін айта келіп бұл мәселе көп уақыттан бері айтылып келе жатқанын тағы бір еске салды.

Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес аудан, қалаларда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған нақты істер жүзеге асырылуда. Осындай жобаның бірі Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінің аумағында жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың айтуынша, жалпы ауданы бір гектар аумақты құрайтын шағын өндірістік паркінде құны 210 миллион теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орны іске қосылып, 100-ге тарта жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

– Президентіміз жаңа Жолдауында өңірлерге инвестиция тартудың маңызы зор екенін айта келіп, бұлардан басқа да халықтың тұрмысын жақсартуға байланысты бірнеше мәселелерді міндеттеген болатын. Олардың ішіндегі өңдеу өнеркәсібін дамыту, қуат көздерін жаңғырту, ауыл шаруашылығы саласын көтеру, көлік логистикасын одан әрі дамыту, туризм мәселесі, кәсіпкерлер мәселесі, жерді тиімді пайдалану, қоршаған ортаға жанашырлық таныту, кәсіби даярлығы жоғары мамандар тарту, тағы басқада еліміздегі өзекті деген мәселелер бар. Осы тапсырмалардың аясында ауданда белгіленген жоспарға сай өндірістік паркте 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ауданда жаңадан салынып жатқан индустриялды аймақ пен шағын өндірістік паркті тиімді пайдалану, жаңа өндірістік орындарды ашу экономикалық дамуымызды еселеуде өте маңызды. Ауданда жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындарын ашуға ниет білдірген инвесторларға өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға заң аясында барлық қолдауларды көрсетеміз. Бұл ретте аудан орталығына жақын орналасқан Асықата кенті мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтерінің әлеуеті өте жоғары, – деді Серік Үсенұлы.

Жалпы соңғы 5 жылда 90,2 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған ауданда іске қосылатын индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасады. Осылайша ауданға тартылатын инвестиция көлемін 2030 жылы 419,6 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Аудан әкімі Серік Үсенұлы индустриялды аймақ пен шағын өндірістік паркте құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарында болып, жұмыс барысымен танысты. Инвесторлармен кездесіп, құрылыс жұмыстарын жоспарға сай межеленген уақытта сапалы аяқтауды тапсырды.

Жетісай: Жыл басынан бері 5600 тонна ет, 27900 тонна сүт өндірілген
Келес: Әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу