Келес: Әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда

Oinet.kz 19-11-2025 6

1-ing-inf-1.jpg

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ошақты және Абай ауылдық округтерінде болып, ондағы инженерлік инфрақұрылым және әлеуметтік нысандардық құрылыс жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ қос ауылдық округтің тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар барысымен таныстырды.

Аудан әкімінің айтуынша, Ошақты ауылдық округтерінде алғашқы жартыжылдықта Саңырау және Қоңыртөбе елді мекендерінің тозығы жеткен электр желілері мен бағаналарын ауыстыруға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, тиісті басқармаларға ұсынылған. Ал округтегі негізгі инфрақұрылымдық бағыттардың бірі – табиғи газбен қамту мәселесі. Бүгінде 7 елді мекен табиғи газға қосылған болса, тағы 6 елді мекенді газ жүйесімен қамту жұмыстары «Отау-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы жүргізілуде. Жыл соңында аяқталуы жоспарланған жоба өңірдегі тұрмыс сапасын айтарлықтай арттырмақ.

Жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылған. Саңырау – Сарыжылға бағытындағы аудандық маңызы бар жолдың бұзылған аумақтары жөнделіп, Береке және Қоңыртөбе елді мекендеріндегі көшелерге асфальт төсеу толығымен аяқталған. Су шаруашылығы саласында егістікке ағын су жеткізетін негізгі каналдарда механикалық тазалау және қазу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 8-Ұлан және Жиделі каналдары бойынша 17 шақырымнан астам аумақта жұмыстар орындалған. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында «Қараман» және «Құркелес» арналары да тазартылған.

«Ауданда әлеуметтік нысандар құрылысы да қарқын алып отыр. Мәселен, Атақоныс елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы басталып, жыл соңында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Сарыжылғада кіші футбол алаңшасы салынып жатса, Ошақты елді мекенінен спорт кешенін салу үшін қажетті құжаттар толық дайындалып, облыстық басқармаға ұсынылды», – дейді аудан әкімі.

Бұдан кейін Жәнібек Ағыбаев Абай ауылында тұрғындармен кездесіп, ауылда атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Әкім тұрғындардың ең көп көтерген мәселелері – көше жарықтандыру, аяқжол салу, ауыз су тапшылығы, балалар алаңшалары және жол қауіпсіздігі – бойынша нақты жұмыстар атқарылғанын айтты. Биыл Ынтымақ, М.Артықов, Т.Бегманова көшелерінде абаттандыру жұмыстары, суағарлар мен жаяу жүргіншілер жолдары толық аяқталған.

«Ауыл тұрғындарының жаз айларында ең көп шағымданатын ауыз су тапшылығын жою мақсатында «Зах» каналынан магистралды су құбырын тарту жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым да қарқынды дамуда. Жамбыл және Қырғызалиев көшелерінде воркаут алаңшалары, Т.Рысқұлов көшесінде балалар ойын алаңшалары салынып, Асанқайғы көшесінде «Рәміздер алаңы» мен воркаут кешені пайдалануға берілді. «Жаңа буынды дамыту орталығы» мен Мұражай құрылысы 2026 жылға өтпелі», дейді аудан әкімі.

Бұдан бөлек, округте тұрғын үй мәселесіне де көңіл бөлінген. 96 гектар жаңа аумақта инженерлік инфрақұрылым тартылып, 464 азаматқа жер телімдері берілген. Жеке инвестор есебінен 104 пәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға дайын. Сонымен қатар 8 пәтерлі 22 үйдің құрылысы жүргізіліп, екінші қабатының жұмыстары аяқталуға жақын тұр.

Ошақты және Абай ауылдық округтерінде өткен кездесу соңында аудан әкім тұрғындарды «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуға шақырып, ауылдың тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға үндеді. Тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, әкім әр мәселе назарда болатынын, шешілу жолдары бойынша нақты жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Жетісай: Өндірістік паркте кәсіпкерлерге қолдау бар
Сарыағаш: Құрылыс нысандарының сапасы тұрақты бақылауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу