Сарыағаш: Құрылыс нысандарының сапасы тұрақты бақылауда

Oinet.kz 18-11-2025 6

Screenshot_2.jpg

Сарыағаш ауданында құрылыс саласында атқарылып жатқан жобалар тұрақты аудан әкімдігінің бақылауында. Жуырда аудан әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласы мен ауылдық округтерде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылыс жай-күймен танысты.

Аудан әкімі алдымен Сарыағаш қаладағы Кеме қалған көшесінде жүргізілген жарықшамдарды орнату жұмыстарының сапасын тексерді. Аталған көшеге «Таза қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан 25 жарықшам орнатылып, 650 метр қашықтыққа жарықтандыру жүйесі жүргізілген болатын. Аудандық бюджет есебінен жүзеге асқан жоба аясында 2025 жылы Сарыағаш қаласы бойынша барлығы 28 көшеде жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіз және қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берілді. Аудан әкімі қаладағы инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақтылы аяқталуының маңыздылығын атап өтіп, мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, Сарыағаш қаласына қарасты М.Өскенұлы көшесінің бойында салынған кіші футбол алаңшасының құрылыс барысын көрді. Бұл нысан аудан бюджет есебінен қаржыландырылған. Оның құрылысын «ASB Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, алаңша тұрғындардың игілігіне пайдалануға беруге дайын тұр.

Сарыағаш қаласының көгалдандыру және көгеріштендіруіне де елеулі көңіл бөлінген. Атап айтар болсақ, бұл бағытта республикалық маңызы бар А-15 автожолының бойына арша мен гүлдер отырғызылып, А-15 автожолы мен Әйтеке би көшесі қиылысында қоршаулар орнатылған. «Биыл аудан бюджеті есебінен 28 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды «Таза қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жүзеге асырды. Қала аумағында 14 балалар ойын және спорт алаңшасының құрылысына қаржы бөлініп, оның 11-і толық аяқталды, ал қалған 3 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған», дейді қала әкімі,

Сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мақсатында  қала көшелерін жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Телемұнара, Қазына, Ы.Алтынсарин, С.Мұханов және Б.Ермеков көшелерінде жаяу жүргінші жолы салынуда. Ал А.Тоқаев көшесінде абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Нұр-Қыран және Тамшыбұлақ көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып, шағал төселген.

Ауыз сумен қамту және инженерлік жүйелерді жаңарту мақсатында А.Омаров және Майлықожа көшелерінде таза ауыз су жүйесін тарту жұмыстары жүргізілді. Самал-3 шағын ауданында жаңадан қосылған үйлерге таза ауыз су тарту жұмыстарына республикалық және ұлттық қор есебінен 800 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «Сарыағаш Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. «Сарыағаш топтастырылған су жүйесі» өндірістік бөлімшесі Б.Ермеков көшесінде 2961 метр ауыз су құбырын жаңартып, 23 су есептеу жәшігі мен 10 құдықша орнатты.

Сонымен қатар, Сарыағаш қаласындағы темір жол вокзалы «Қазақстан Темір жолы» АҚ тапсырысымен қайта жаңғыртылуда. Оған қоса, қала аумағында жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілуде. Атап айтсақ, көпбейінді аурухана мен перзентхананың құрылысы бастау алды. Жаңа буынды дамыту орталығының (Оқушылар сарайының) құрылысы биыл басталып, келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ақпараттандыру және цифрландыру бағытында қала бойынша 2500 тұрғын үйге QR-кодтар мен аншлагтар орнату жұмыстары жүргізілуде. Оған жауапты «Шапағат-Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Ал ауылдық округтерде де жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысқан аудан басшысы Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округінде бой көтеріп жатқан жаңа медициналық нысанның құрылысымен танысты. Аталған округте жыл басынан бері бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Төңкеріс елді мекенінде жаңа медициналық нысан бой көтеріп жатыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарына жайлы жағдай жасауға бағытталған нысанның құрылысымен танысып, бірқатар тапсырмалар берді. Сонымен аталған медициналық нысанның құрылысы жеке инвестордың қаржысы есебінен жүргізілуде. Бүгінгі таңда ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары атқарылып жатыр. Оның құрылыс жұмыстарын «БибиМанапҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жоба аяқталған соң ауыл тұрғындары заманауи талаптарға сай медициналық қызметке қол жеткізетін болады.

Сонымен қатар, аудан әкімі ауылдық округте атқарылып жатқан инфрақұрылым жұмыстарымен де танысты. Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін Төңкеріс елді мекенінің 5 көшесіне, Құрама елді мекеніне қарасты 6 көшеге, Ынтымақ елді мекенінің 9 көшесіне, оған қоса Бостандық елді мекеніне қарасты 12 көшеге электр желісі тартылып, трансформатор қондырғылары  орнатылған.

Қорыта айтсақ, аудандағы құрылыс нысандарының жұмысымен қатар, абаттандыру, көгеріштендіру және тазалық жұмыстары да билік назарында. Осы ретте Сарыағаш қаласы мен ауылдық округтерде әр аптаның сенбі күні аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен қаланың аумағын тазалау және көгалдандыру бойынша сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Келес: Әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда
Сауран: Жүзеге асырылып жатқан жобалардың басты мақсаты – ауданның экономикасы мен экологиясын көтер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу