Қазығұрт: Мал баққанға бітеді

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауыл округтерінің әкімдері мен бөлім басшылары қатысты. Мәжілісте Беккери шұңқырлары мен ветеринариялық пунктердің жағдайы, су үнемдеу технологиясын енгізу мәселесі, ауданға инвестиция тарту жайлы мәселелер қаралды.
Бірінші мәселе бойынша, аудандық ветеринария бөлімінің өкілі Жасұлан Ештайды баяндады. Оның айтуынша, аудан бойынша қазіргі таңда 62461 бас мүйізді ірі қара, 115759 бас уақ мал, 36388 бас ИСЖ дерекқорда тіркеуде тұр. Малдарды аса жұқпалы ауруларға қарсы алдын алу жұмыстары бізде жоспарға сәйкес жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Сібір жарасы ауруына, аусыл ауруына қарсы алдын алу жұмыстары 100 пайыз орындалды. Сонымен қатар, уақ малдардың обасына қарсы егу, туберкуллезге қарсы тексеру жұмыстары да жүз пайыздық көрсеткішті көрсетіп тұр. Бруцеллезге тексеру үшін қан сынамасын алу алғашқы жарты жылдықта толығымен орындалды. Екі бас уақ мал және екі бас ірі қара мал бруцеллез ауруында оң нәтиже көрсеткендіктен Сайрам ауданындағы «ДС и Братья» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал сою пунктінде сойылды. Жануарлардан жарақат алған азаматтар 2024 жылдың 9 айымен салыстырғанда біршама кеміді. Ветеринарлық анықтама жыл басынан ауыл шаруашылық малдарын тасымалдауға ЕАСУ ақпараттық жүйесі арқылы 3804 дана форма 1 ветеринарлық анықтама рәсімделді. Есептік айда 328 дана ветеринарлық анықтама берілді.
Осы жылдың тоғыз айында қаңғыбас ит-мысықтарды аулап, жою жоспары 2887 бас ит болса, күні бүгінге дейін 2342 ит ауланып, жойылды. Бұл мәселе бойынша жоспар 91,7 пайызға орындалды. 351 ит-мысықтарды Сайрам ауданындағы панажайға тасымалдау жұмыстары ойдағыдай жүріп, қазірге дейін жоспар 85,5 пайызға орындалды. Аудан бойынша 11 дана малдардың өлексесін тастайтын шұңқырлар тіркелген. Олардың құрылысы 2014 жылы салынып, типтік үлгідегі шұңқырлар пайдалануға берілген болатын. Бүгінде 2 ауылдық округте бұл өлексе тастайтын шұңқырлар толып, беті жабылып қалды. Қалғандары жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Ал, Шақпақ, Жабағылы, Арыс ауылдық округтеріндегі мал өлекселерін тастайтын шұңқырлар қалыпты жұмыс істеуде. биыл индикатор бойынша ауданға бір дана «Беккари» шұңқырын салу жоспарланған. Энзоотиялық іс-шаралар бойынша барлық жоспар бізде 100 пайыз орындалды. Аудан бойынша 20 мал тоғыту орындары бар. Олардың кейбіріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп те жатыр. Тастұмсық ауылдық округіндегі тоғыту орнына күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылы жүргізілгенмен нәтиже онша болыңқырамай тұр. Өйткені, жиналған су жарылған жерінен ағып кетіп жатыр.
Түлкібас ауданы бойынша ветеринария саласында бүгінде штат бойынша 85 мамандықтарына сай, өз істерін жетік меңгерген қызметкерлер еңбек етуде. Олар арнайы қызмет көліктерімен қамтылған. Ветеринария қызметкерлерінің алдарына қойып отырған басты мақсаты: сапалы мал етімен тұрғындарды алаңсыз қамтамасыз ету. Өйткені, денсаулықтың басты кепілі – ауруға шалдықпаған малдың тазалығында екенін олар жақсы біледі. Осы бағытта мал дәрігерлері аянбай еңбек ете беретін болады.
Сонымен күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, шешу жолдары нақтыланды. Сонымен қатар, тиісті сала басшыларына, аудандағы Беккери шұңқырларын қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестендіріп, ретке келтіруді, ветеринариялық пункттердің қасбеттерін сырлап, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуді, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша кешенді жұмыс жоспарын әзірлеуді, ауданға ірі инвестициялық жобаларды тартып, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.


