Түркістан облысында еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты

Түркістан облысында әрбір сала бойынша индикаторлар бекітіліп, жоспарлар жасалған. Оның ішінде ауыл шаруашылығына ерекше назар аударылып отыр. Себебі ол – облыс экономикасының негізгі драйвері. Облыста атқарылған жүйелі жұмыстар нәтижесінде жыл басынан 487,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 100,1 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін триллион теңгеден асады деп межеленіп отыр. Өндірілген өнім көлемі бойынша облыс республикада жоғарғы көрсеткішке ие. Нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында 2025-2027 жылдары 67 инвестициялық жоба іске асырылып, 2488 жұмыс орны ашылады деп көзделген. Биыл 1700 жұмыс орнымен 34 жобаны іске асыру жоспарланса, жыл басынан 22 жоба іске қосылып, 935 жұмыс орны құрылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өскенін атап өтті. «Қазір халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 миллион адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн. Осы бағытта біз соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Еліміздің негізгі көрсеткіштері тұрақты. Биылғы он айда экономикамыз 6,4 пайызға өсті.
Соның ішінде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жетті.
Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа. Ұлттық даму жоспарымыз бар, мақсат-міндеттеріміз де – айқын. Бізге керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже. Сол себепті алдымен ауыл шаруашылығын дамыту үшін ерекше назар аударатын өзекті мәселелерге тоқталып өткім келеді». – дейді Президент.
Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға егілді. Астықты ору науқаны маусым айынан басталып, бүгінгі күнге 100 пайыз орылды. Бүгінгі күнге 9 мың тонна мақсары, 791 мың тонна көкөніс, 1,1 миллион тонна бақша, 234 мың тонна картоп өнімдері жиналды. Биыл 5,2 миллион тонна малазықтық дақылдары дайындалды. Жалпы облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруда рентабельді дақылдарға басымдық беріліп жатыр.
Ауыл шаруашылығы өнімін өткеру жолы да қаралған. Бір жағы шаруаларға тиімді болу үшін Түркістан қаласы мен аудандарда апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Мәселен, Түркістан қаласында азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Кезекті сауда-саттық «Бірлік» тұрғын алабында ұйымдастырылды. Аптаның әр жұма күні тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан сауда алаңында азық-түлік бағасы нарықтағыдан 30-50 пайызға дейін төмен саудаланды.
Облыс орталығында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастыру игі дәстүрге айналып отыр. Жәрмеңке сөрелерінен Келес, Төлеби және Түлкібас аудандарының шаруалары, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және жергілікті кәсіпкерлер ұсынған ет-сүт өнімдері қаймақ, жұмыртқа арзандатылған бағада саудаланды. Қолжетімді бағадағы тауарларды сатып алуға келген қала тұрғындарына 30 тоннаға жуық ауыл шарушылығы өнімдері сатылды. Мәселен, картоп – 140, пияз – 85, сәбіз – 140 теңгеден саудаланды. Ал, қырыққабаттың бағасы 100 теңге. Сондай-ақ сиыр етінің бағасы – 2500 теңге, тауық еті – 1100 теңге. Наның бағасы 80, жұмыртқаның данасы 45 теңгеден сатылды. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтың айтуынша, кезекті жәрмеңке 19-қараша күні «Конгресс холл» көпсаласы кешенінің алдында «Аgrofest Turkistan 2025» мерекелік шарасына орай ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Онда өңір аумағындағы аудан-қалалардан келген шаруалардың экологиялық таза, құнарлы да сапалы өнімдері ұсынылмақ.


