Түркістанда егіс алқаптарына су жеткізуді жақсарту мақсатында каналдарды жаңғырту басталды

Oinet.kz 08-11-2025 6

Screenshot_3.jpg            Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында су шаруашылығы саласын дамыту үшін ирригациялық жүйелерді жаңғыртудың маңызын атап өтті. Бұл бағытта Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Мәселен, бүгінгі күні облыстың сегіз ауданында тік дренаж жүйесіне жататын 95 ұңғыманы реконструкциялау, 512 ұңғымаға күрделі жөндеу жүргізу және 732 ұңғыманы қайта қосу көзделген.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, Түркістан облысында ұзындығы 62 шақырымнан астам арық каналдарын бетонмен қаптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен облысқа қарасты Жетісай, Мақтаарал, Отырар және Созақ аудандарындағы 15875 гектар суармалы жерге су жеткізуді жақсарту мақсатында ұзындығы 62 шақырымнан астам жер арық каналдарын ауқымды жаңғыртуды бастады. Бұл жобалар инвестициялық бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда.

– Бұл жобалардың мақсаты – суару каналдары мен ондағы нысандардың техникалық жай-күйін қалпына келтіріп, су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы мелиорациялық жағдайды жақсарту. Нысандардың құрылыс жұмысын биыл бастап, алдағы вегетация кезеңінің тұрақты өтуі үшін ол жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жергілікті билік өкілдеріне тапсырылды, – дейді министр.

Аталған аудандардағы канал құрылысы жұмыстары барысында каналдарды бетондау қарастырылған. Бұл су тасымалы кезінде су шығынын азайтып, оның тиімділігін, жылдамдығы мен көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Жобалардың ерекшелігі – каналдарды қыркүйектен желтоқсанға дейінгі вегетацияаралық кезеңде реконструкциялау арқылы суару маусымында егістік жұмыстарына кедергі келтірілмейді.

Келесі жылы Түркістан облысы Отырар ауданында ұзындығы 3,39 шақырым болатын «Ақарық» каналының және ұзындығы 5 шақырымды құрайтын «Серібек» каналының  реконструкциясын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ Созақ ауданында ұзындығы 15 шақырым болатын «Шұқырой» каналындағы жұмыстар аяқталады. Сонымен қатар биыл Шардара өңірінде дренаж жүйелерін жетілдіру бойынша екі жоба аяқталады деп күтіліп отыр. Бұл 44 мың гектар жердің мелиорациялық жағдайын жақсартады. Жыл соңына дейін Төлеби ауданында «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал 2027 жылы Бәйдібек ауданында «Бәйдібек-ата» су қоймасы пайдалануға беріледі. Сонымен бірге «Боралдай» және «Иқансу» су қоймаларын салуға арналған жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек үш су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 40 гидротехникалық құрылысжайда көпфакторлы зерттеу жоспарланған.

Сондай-ақ 2027 жылдың соңына дейін Жетісай ауданындағы 7,04 шақырымдық «K-25-12» каналын толығымен бетондау жоспарланған. Ал Мақтаарал ауданындағы жалпы ұзындығы шамамен 32 шақырым болатын «K-15» және «K-17» каналдарын 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. «Бұл инвестициялық жобалар сумен жабдықтау, су бұру және егістік алқаптарын суару тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Реконструкциялаудың маңызды аспектілерінің бірі – каналдар арқылы су тасымалдаған кезде шығынды азайту. Бұл су ресурстарын үнемдеуге және жерді тұрақты әрі өнімді пайдалану мүмкіндігін береді. Іске асырылып жатқан жобалар Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы секторының дамуына айтарлықтай әсер етіп, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сарыағаш: Құрылыс жұмыстарында қарқын бар
Түлкібас: Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу